Астанада «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк фестивалі өтеді

Астанада «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк фестивалі өтеді

Астана қаласында қала күніне байланысты «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк фестивалі өтпек. Бұл жөнінде мерекелік шараларды  ұйымдастырушылар тобының баспасөз қызметі мәлім етті.

«Астана қаласына жан-жақтың цирк өнерпаздарын шақырып, басын қосатын «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк фестивалі осымен бірнеше жыл бойы қала күніне байланысты өткізілетін негізгі шаралардың біріне айналып келеді. «Азия жаңғырығы» фестиваліне қатысатын өнерпаздар өз өнерлерін Астананың 15 жылдығына арнамақ», - дейді ұйымдастырушылар.

Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары үшін фестиваль аясында әлемдік цирк өнерпаздары түрлі цирк қойылымдарын ұсынатын болады. Солардың ішінде Ресей, Белорусь, Германия, Латвия, Украина, Өзбекстан, Қытай және Қазақстанның цирк жұлдыздары да бар.

Сонымен қатар, Астана төрінде фестиваль бағдарламасына сәйкес әуе гимнастары, экзотикалық жануарлар аттракциондары, виртуозды жонглерлер, акробаттар мен клоундар өнер көрсететін болады. 

«Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк фестиваліне Италия, Германия, Латвия, Қытай және БҰҰ елдерінен келген цирк өнерінде аты танымал жұлдыздар қазылық етеді.

 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: omsk.prazdnikvgorode.ru

А. Әбілхан