Танымал тележурналист Бейсен Құранбек өмірден озды
Фото: stan.kz

Танымал тележурналист Бейсен Құранбек өмірден озды

Белгілі журналист Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Қарекет" бағдарламасының редакторы Ақжелең Рахатдинқызы растады.

- Ағамыздың дүниеден өткенін өзіміз жаңа таңертең естідік. Ол қатерлі ісікпен ауырған еді, бір жылдан аса емделді", - дейді әріптесі.

Тележүргізуші сырқаттанып жүргенін Instagram-парақшасындағы соңғы жазбасында мәлімдеген еді.

- Халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым", - деп жазған еді Бейсен Құранбек.

Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын республикалық "Спорт" газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. "Рахат", "31 арна", "Хабар" арналарында, президент телерадиокешенінде қызмет атқарған.

Ұлттық арнадағы "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламаларының жүргізушісі болған. Соңғы жылдары "Жетісу" телеарнасының директоры қызметін атқарды.

Бейсен Құранбектің жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

Н. Үсенова