Бүгін – Радиациялық апат құрбандарын еске алу күні

Бүгін – Радиациялық апат құрбандарын еске алу күні
Фото: dknews.kz

1986 жылы Чернобыльдегі 4-блоктың жарылу салдарынан әлемдегі ең үлкен апаттардың бірі орын алды. Жарылыс салдарынан зиянды эллементтер сыртқа тарап, бүкіл Еуропа мен Ресей, Украина, Беларус елдеріндегі халықты улады. Бұл апаттың зардабы Қазақстанды да айналып өтпеген. Себебі, жарылыстың зардабын жоюға кезінде жер-жерден 600 мың адам тартылған болса, соның ішінде 32 мыңға жуық ( ресми түрде 31 743) қазақстандық та бар еді.

Жыл сайын радиациялық апат құрбандарын еске алу күніне байланысты еліміздің әр аймағында Чернобыль апатына қатысқандарды еске алу шаралары өтеді. Осыған орай ел астанасы Нұр-Сұлтанда бүгін, Чернобыль апаты құрбандары құрметіне қойылған ескерткіште жыл сайынғы гүл қою, еске алу шарасы өтті.

1986 -92 жылдар аралығында апаттың зардабын жоюға Қазақстан Республикасынан 32 мыңға жуық адам жіберілген. Соның ішінде ең көп адам аттанған аймақ қазіргі ел астанасы, бұрынғы Ақмола облысының Вячеславка елді-мекенінде құралған 27-ші химиялық қорғау полкы болған.

Аталмыш еске алу шарасында: "Бұл сұрапыл жағдай қаншама адамның өмірін алды, қаншама адам мүгедек атанды. 32 мың қазақстандық апат салдарын жоюға қатысты. Олардың бүгін тек 5200-інің көзі тірі. Біздің қаламызда жою шараларына қатысқан 500-ден астам жауынгер тұрады. Біз АЭС-дағы апаттың салдарын жоюмен ғана емес, өрт сөндірумен де айналыстық. Бұл бәрімізге ортақ қайғы еді", – деді "ҚР Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері одағы" қауымдастығының төрағасы Мақсұт Ысқақов.

Жалпы, жарылыс салдарынан АЭС-тің 4-блогы мүлдем істен шығып қалған. Ондағы өртті өшіруге 8 күн уақыт кетіпті. Апаттың салдарынан 2 адам қаза болды деп КСРО ресми жариялаған болса да, кейіннен апаттың алғашқы күнінде жарылыстан 80, радияция салдарынан 2 мың адам қайтыс болғаны белгілі болған.

1995 жылы БҰҰ-ның мәлімдеуінше, Чернобыль апатынан 9 миллион адам зиян шегіп, 320 мың адам қаза тауыпты. Зиян шеккендерді тең жартысына жуығы 14 жасқа толмаған жасөспірімдер.

2000 жылы ғана Чернобыль ресми түрде жабылды. Ал 4-блокққа радияңия таралмауы үшін саркофак орнатылған.

Т. Раушанұлы