Француз режиссері Аньес Варда өмірден өтті

Француз режиссері Аньес Варда өмірден өтті
Фото: vk.com

Кино әлемінің аңызы Аньес Варда тоқсаныншы көктемінде мәңгілік тұрағына аттанып кетті. Француз жаңа толқынының негізін қалаушылардың бірі өз шаңырағында жақын, туыстарының қасында өмірден өтті.  

Аньес Варданың арсеналында 50-ден астам фильм мен 60-тан аса беделді марапат бар. Ол 2017 жылы киноматографқа қосқан үлесі үшін "Оскар" алды. Онда: "Муза, жол бастаушы, икона. Киноқозғалыстың бастауында тұрған әйел" - деп жазылған.

Егер сіз бұл режиссермен таныс болмасаңыз, оның шедевр 3 картинасын көріп шығуға кеңес береміз:

"Клео сағат 5-тен 7-ге дейін" (Cléo de 5 à 7), 1962

Белгілі поп әнші сағат 5-тен 7-ге дейін қатерлі ісікке шалдыққан-шалдықпағанын нақты көрсететін биопсия нәтижесін күтеді. Әйелдің қоғамдағы рөлі мен өмірдің шексіз еместігін еске салатын ғажап туынды.

"Баспанасыз, заңнан тыс" (Sans toit ni loi), 1985

Қар басқан жүзім алқаптарынан бейтаныс панасыз жас қызды (Рөлді Сандрин Боннэр сомдайды) жолықтырған адамдардың әңгімесінен құралған картина. Өз-өзін іздеу мәселесіне қатысты үздік туындылардың бірі.  

"Сұлбалар, ауылдар" (Visages, Villages), 2017

Аньес көше суретшісі JR-мен бірге бір ауыл тұрғындарының портреттерін жасайды. Бұл соңғы онжылдықтағы ең жылы деректі фильм десек болады.  

А. Оралқызы