Дәрігер-хирург Нұртас Қазыбаевтың туғанына 60 жыл толды

Дәрігер-хирург Нұртас Қазыбаевтың туғанына 60 жыл толды
Фото: facebook.com

Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын. Нұртас Қазыбаевтай білікті дәрігер-хирург арамыздан кеткеніне биыл 6 жыл болды. Марқұм ортамызда болғанда бүгін 60 жасқа толатын еді. Ағалық асудан асып, ақсақалдық мерейлі кезеңге көтерілетін адам өміріндегі бұл кезеңді тал түс деп  атайды. Әттең, бұл шақты көрмей кетті. Ел ағасы елудің төртіне шығарда елімен қоштасқан.

Нұртас Қазыбаев кім?

Ол – өзінің 30 жылдық кәсіби мансабында отандық медицинаның жандануына жан-жақты жағдай жасаған тұлға. Қазақстанда лапароскопиялық әдіспен операция жасауды кеңінен насихаттау үшін шетелден алғаш жаңа инновациялық технологияларды алдырған да сол кісі. Дәрігерлік ғұмырында түрлі деңгейдегі 30 мыңға жуық отаға қатысып, оның ішінде 20 мыңын өз қолымен жасап шыққан. Ауыр хәлде жатқан 5 мың адамды аяққа тұрғызған Нұртас Қазыбаевты ел арасында «алтын қолды дәрігер», «халық академигі» деп те атайды. Өз қызметіне шын берілген маман бір тәулікте қатарынан 15 отаға кірген кездері де болыпты. Тумысынан біреудің көңілін қайтарып, бетін қақпайтын байсалды мінезінен болса керек телефон шырылдаса күн демей, түн демей ауруханаға аттанып кететін. Сонысынан да Нұртас Қазыбаев 30 жылдық дәрігерлік мансабында 4-ақ рет толыққанды еңбек демалысына шықты.

Нұртас Қазыбаев – мемлекет қайраткері, журналист, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы. Қазақ руханиятына ақ адал қызмет қылған қарымды қаламгердің Нәргүл атты қыздан кейінгі екіншісі. Анасы – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева. Нұртас бойындағы тектілік, адалдық, адамгершілік осы қос бәйтеректің тәрбиесінен дарыған. Бір сұхбатында Нұртас Қазыбаевтың ата-анасы жайлы айтқаны бар:

– Мен өзімді осындай отбасында туғаным үшін бақытты жанмын деп есептеймін. Менің әкем – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы дәрежесіне дейін көтерілген адам. Әлі күнге дейін әкем турасында бірде-бір рет жаман сөз естімеппін. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейді ғой, әкемнің талай жолдастары, көзін көрген кісілер мені іздеп келіп емделіп жатады, талайына ота да жасадым...
Анам – Қазақ КСР Орталық Комитетінің төрағасы болып тұрғанда «халық жауы» болып жазықсық атылып кеткен Ұзақбай Құлымбетовтің қызы. Әкем анамды өзі құда түсіп барып, әйгілі батыр Бауыржан Момышұлының үйіне келін етіп түсірген. Анамның бірінші табалдырығын аттаған үй – Баукеңнің шаңырағы. Өзі өмір бойы мектепте ұстаз болды. Ол да әкем сияқты, қолынан қаламы, кітабы түспейтін. Бірде анам алғашқы кітабын жазбақ болып қолжазбасн әкеме көрсеткенде: «Сен дайын жазушысың ғой, менің үстінен қарауымның қажеті жоқ, жазуың тамаша» деп қайраттандырды...

Нұртас өзі туып өскен Алматыдағы медицина институтын үздік аяқтады. Ортасынан озық болған ол Мәскеудегі Вишневский атындағы Хирургия Институтының клиникалық ординатурасына оқуға жіберілді. Мәскеуде КСРО бойынша атақты хирург Виктор Иванұлы Стручковтан дәріс алған Нұртас Кәкімжанұлы кейін өз естеліктерінің бірінде былай депті: «Үздік мектептен білім алған мына мен жолы болғыш жандардың бірімін».

Кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған жас маман Мәскеуде жүргенде магнитше тартатын ару Алматысына оралып, орталық клиникалық аурухананың жедел хирургия бригадасына дәрігер болып жұмысқа орналасты. 1995 жылдың аяғында тәжірибесі толысқан дәрігерді Совмин ауруханасына (қазіргі Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Орталық Клиникалық ауруханасы) хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырды. 1996 жылдан бастап, ғұмырының соңына дейін Нұртас Кәкімжанұлы хирургия бөлімінің меңгерушісі болып, мыңдаған науқастың өмірін сақтап, дертінен айығуына жол ашты.

Нұртас Кәкімжанұлы 2012 жылдың 5 тымызында жүрек ауруынан қайтыс болды. Дәрігердің жаназасына, жерлеу рәсіміне қатысқан халық өлілер қалашығы Кеңсайдың төбешігіне тіптен сыймай кетті. Марқұмды еске алып, сөз сөйлеген түрлі саланың тұлғалары Нұртас Қазыбаев жайында, оның халыққа жасаған адал қызметі жайында айтты.

Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы: Медколледжге атын берсе, құба-құп

– Нұртастың қазасымен бірге еліміздің денсаулық сақтау саласының бүтіндей бір қабырғасы опырылып түскендей болды. Өте өкінішті. Оның орнын басатын жігіттер жоқ деп айта алмайсың, бар шығар. Бірақ дәл Нұртастай бола ала ма, жоқ па? Атадан келе жатқан қасиеті бар еді, тектілігі бар еді. Азаматтығы жүрегімізде мәңгі сақта­лады. Үлкен ғалым, үлкен маман, үлкен аза­мат еді. Оны ұлықтау үшін атына бір көше берсе де, артық болмас еді. Оның жасаған еңбектерін талдау, оны жұртқа түсіндіру мақсатында өз алдына жеке монография жазса да орынды. Сол сияқты Алматыда аты жоқ медициналық колледж­дер толып жатыр. Солардың біреуіне атын берсе, құба-құп болар еді. Қалай болғанда да Нұртас Қазы­баевтың атын мәңгіге есте қалдыратындай бірдеңе жасау керек және ол соған тұрады.

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, ҚР Халық әртісі: Нұртасқа қарап сабаға түсетін едік

 – Адамгершілік қасиет азайып бара жат­қан мынадай қасқыр мінез, қасап заманда, қайырымсыз кезеңде Нұртастай азаматтар көп болса, еліміз де баяғы атадан балаға дәстүр болып келе жатқан жақсы мінезіне қайтып оралар еді ғой, тәйірі. Бүгінгі жас­тарымыз шыбық тимес шыңқ етер. Осы Нұртастар, міне, соларға үлгі бо­ла­тындай еді. Мысалы, өзіміздің де міне­зіміз жетісіп тұрған жоқ. Бірақ сол Нұртасқа қарап са­баға түсетіндей едік.Нұртаспен дидар­ла­сып, оның үнін тыңдап отырып, «қазақтан ұлылық, тектілік кеткен жоқ, міне, біздің осындай азаматтарымыз бар» деп шү­кіршілік айтушы едік. Осының бәрін ой­лаған кезде ішің ауырады, жүрегің қан жы­лайды.

Денсаулық сақтау саласында сөзсіз үздік маман атанған Нұртас Қазыбаев бүгінде жұрт жадында. Әр адамға көрсеткен көмегінен бөлек еліміздің медицина саласының ілгерілеуіне қосқан үлесі ешқашан ұмытылмақ емес. Адам болып дүниеге келгеннен кейін адал болып дүниеден өту парызымыз. Жаратқан да жақсы көрген пендесін еш азаптамай бұл жалғаннан оп-оңай әкетеді емес пе?! Басы жұмыр пенденің барар жері белгілі...Өкініштісі, бүгінгі ел медицинасы білгір маманынан  айырылып қалғаны...

А. Қажиев