Алматыда Денис Теннің құрметіне ескерткіш орнатылады

Алматыда Денис Теннің құрметіне ескерткіш орнатылады
Фото: vk.com

Алматыда Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында даңқты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне ескерткіш орнатылады. 

Жобаны қалалық әкімдік іске асырады. Теннің отбасы мүшелерімен бірге арнайы комиссия құрылып, кәсіби мүсіншілердің арасында байқау ұйымдастырылады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Денис Тен атындағы мәнерлеп сырғанау академиясын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, арнайы қоғамдық қорды тіркеу жұмысы да жүріп жатыр. 

"Құрметті Денистің достары мен жанкүйерлері! Денис Теннің отбасының атынан барлық қазақстандықтарға осындай қиын кезеңде бізге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын! Осы уақыт аралығында Денис есімінің мәңгі есте қалуы үшін көптеген ұсыныстар айтылды. Министрлік және Алматы қаласы әкімдігінің басшылығымен кездесуде айтылған идеялардың барлығы қолдау тапты", - деді марқұмның анасы Оксана Тен.

Алматы қаласы әкімдігі Денис Тенді еске алу үшін жыл сайын мәнерлеп сырғанаудан Халықаралық турнир өткізу міндетін мойнына алды.  Оған қоса,  әкімдік Денис туып, өмір сүрген үйге естелік тақтайша қоюға және Денис туралы кітаптың басылуына қолдау көрсетуге уәде етті.

Алдағы уақытта Денис Тенге арналған қор кеңсесінің мекенжайы хабарланады.

А. Оралқызы