"Ғасыр адамы" атанған қазақтың физигі

"Ғасыр адамы" атанған қазақтың физигі
Фото: egemen.kz, ksu.kz

Физика – табиғат туралы ғылым. Бұл – алғашқы ұстаз, грек ойшылы Аристотельдің еңбектерінде жазылған автордың жеке пікірі.

Физика терминін грек тілінен аударғанда "физюс" – табиғат деген мағынаны береді. Ал, физика деген ұғымды орыс тіліне енгізген - әлемге әйгілі ғалым М.В.Ломоносов.

Атаулы сала жайлы алғашқы деректер Ежелгі Вавилон, Египет жазбаларында кездеседі. Ескі заманда әлі күнге дейін сыры ашылмаған технологиямен пирамиданы тұрғызған Египет ғылымының теориялық негізі халық арасына тарамады. Ғылым түгелдей діни абыздар қолында болды. Физика саласының қарыштап дамуына адамзаттың бұл дүниені танып-білуге, зерттеп-зерделеуге деген ынта-жігері әсер етті. Бұл саланы дамытуда ең алғаш еңбек жазған Шығыс ғұламалары, олардың артын ала Еуропа, Америка физиктерінің еңбектері орасан зор.

Қазақтан шыққан физика саласының әлемге әйгілі ғұламасы бар. Екі ғасырдың аса көрнекті физигі. Атаулы саланың заңы бойынша 180 градусқа дейін қыздырылған кез келген қатты дене сыртқа жарық бермей қоймайды. Ол кісі суық жарықты ойлап тапқан. Дене оттай боп қызармай-ақ сыртқа жарық шығарады. Бұл – физика саласында осыған дейін мүлде болмаған жағдай еді. Сонымен, әлемде бұрын-соңды болмаған жаңалық жасаған ғұлама – қазақтан шыққан мақтан тұтар физик Темірғали Көкетаев. 

Ғұмырын ғылымға арнаған Темірғали ағамыз биыл сексеннің сеңгіріне шықты. Осы уақытта физика-математика ғылымдарының докторы, профессор атанған ғалым бүгінде әлем назарында. Физика ғылымына сіңірген еңбегі үшін "Ғасыр адамы" атағы беріліп, өзі 25 жыл айналысқан "Қатты дененің абсолюттік спектроскопиясы" еңбегін Халықаралық биографиялық орталық тізімге алған. Осы бір дәрежесі мен еңбегі жайлы Көкетаев өз естеліктерінде былай дейді: 

- 1994 жылы үйге Кембриджден хат келді. "Сіз "ХХ ғасырдың ғұлама адамы" атағына ұсынылған үміткерлер ішіндесіз" - деп. Бұл біреудің мені қылжақтап жазып жібергені деп ойладым. Сосын жыртып, лақтырып жібердім. Сол беті ұмытылып қалды. Арада екі ай өтті. Бір күні тағы хат келіп тұр. Тағы Кембриджден. Қызым бірінші хатқа жауап жазған-жазбағанымды сұрады. "Маған оның не керегі бар?" - дедім қызыма. Ол қоярда-қоймай, менің физиканың қатты денелері бойынша ашқан ғылыми жаңалығымды ағылшыншаға аударып, салып жіберді. Қызым ағылшынша еркін сөйлеп, еркін жазатын. Қош. Сонымен, уақыт зымырап өтіп жатты. Содан 1999 жылдың шілдесінде хат келді. "ХХ ғасырдың ғұлама адамы" атанғаным туралы. Ел-жұртқа айтар-айтпасымды білмей ойланып жүргенде, әлгі хат жоғалып қалды. Тағы ешкімге тіс жарған жоқпын. Бір күні 1999 жылы желтоқсанның соңына таман, аспиранттарым бар, кафедраға келген хаттарды қарастырып отырғанбыз. Аспирантымның біреуі: "Аға, сүйінші" - деп айғай салсын. Сөйтсек, поштамен, посылкамен "ХХ ғасырдың ғұлама адамы" деген атақтың медалі, дипломы келіпті. Медалі 300 грамнан астам таза күмістен жасалған. Сонда бақандай бес жыл бойы кімнің лайық екенін әбден таразыға тартқан ғой. 2003 жылы халықаралық конференцияда болдым. Сонда Жапонияның физика институтының бір ғалымы келіп: "Сіз Темірғали Көкетаевсыз ба?" - деді. Сөйтсем, ол мені таныпты. Өйткені менің ғылыми жаңалығымды "ғасырдың үздік жаңалығы" деп ұсынған Жапонияның физика институтындағы ғалымдар екен.

Бүгінде Темірғали Көкетаев есімі әлемдік физика саласының майталмандарының арасында үлкен танымалдылыққа ие. Ол кісінің дәрісін әлемнің мен деген көшбасшы оқу орындары тыңдауға даяр екенін білдіріп, бірнеше ұсыныс тастаған. Темірғали ағамыз 2006 жылы Оксфордта 70 профессордың алдында дәріс оқыған. Дәрісті қазақ тілінде оқуға ниеттенген екен, бірақ физика саласының қазақ-ағылшын тәржімасы бір жүйеге келмегендіктен амалсыз орыс тілінде жүргізуге тура келген. Көкетаевтың ғылыми жетекшісі Чеслав Лущик шәкіртінің бұл жетістігін естігенде қоңырау шалып: "Ұлы орыстың өзі Оксфордта дәріс оқыған жоқ. Сен Оксфорд университетінде дәріс оқыған тұңғыш қазақсың!", - деген екен. 

Әр ғасырдың аяғында физика саласында толайым табысқа жетіп, жаңалық ашқан ғалымдар және олардың еңбегі үлкен энциклопедияға басылады. Бұл жинаққа Темірғали Көкетаевтың өмірбаяны және ғылыми еңбегі енгізілген.

Физика саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен ғұламаның бойынан, әрбір сырлы әңгімесінен асқақ рухты байқайсың. Жылқы қаны тулағанда, бойынан нағыз қазақы мінез білінеді. Бір сұхбатында былай депті: 

– Мен физик болғаныма өкінемін. Қазағымның жоғын түгендей алмадым. Біз Американың үндістері секілді өз байлығы өзіне сор болған елге айналып барамыз. Қазақтың қазаққа жаны ашымайды. Абайдың кезіндегі қазақтан қара үзіп кеткен қазақ саусақпен санарлықтай. Поляктарға қарашы, Парижде баяғыда дүниеден қайтқан Шопеннің жүрегін Варшаваның шіркеуіне әкеліп әспеттеп қойды. Ал, біз не істеп жүрміз?! Кенесарының басы қайда?! Біреуге есесін жіберген ел – ел емес...Физикадан лирика мықты! - деген екен.

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жеткеншек ауылы. 1938 жылдың 25 наурызында бұл киелі мекенде қазақтың болашақ ғұламасы Темірғали Әбілдаұлы дүниеге келген. Қарағанды аумағы ғылымда, ой жарысында топ жарған оғландарды дүниеге әкелген топырақ қой. Қазақтың алғашқы математигі Әлімхан Ермеков те осы өңірден қанат қаққан. Химия саласында еңбектеніп, өшпес із қалдырған Евней Бөкетов бұл аймақта талай-талай жетістікке жеткен. Темірғали Көкетаев 1964 жылы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педогогика институтының физика-математика мамандығын тәмамдаған. Ғылымға қызығушылығы артқан ол кісі оқуды ары қарай жалғауды көксеп, Эстонияның Тарту мемлекеттік университетіне түсіп үздік нәтижемен аяқтаған. Жоғарыдағы жетістіктерден кейін, ұстаздық қызмет атқарған қазақтың ғұламасы бүгінге дейін қырыққа жуық ғылым кандидатын, ондаған ғылым докторын қанат қақтырған.

А. Қажиев