Алтай Аманжолов дүниеден озды

Алтай Аманжолов дүниеден озды

1934жылы Алматы қаласында исі қазаққа танымал ғалым, тіл білімінің негізін салушы Сәрсен Аманожоловтың отбасында Алтай есімді сәби дүниеге келген еді. Есейе келе әке жолын қуып, тек Қазақстан немесе ТМД елдеріне ғана емес, әлемдік тіл ғылымында өзіндік орны бар ірі ғалымға айналды. Оның Түркияда, Қытайда шыққан еңбектері түркі әлемінде ірі маңызға ие.

ХХ ғасырдың 70 жылдары Алтай Аманжолов тұжырым жасап, Түркі жазуларының пайда болған мерзімін бұрынғы еңбектерден 1000 жыл тереңдете зерттеуі – сонау 19 ғасырдан бері басқаша көзқараспен зерттелген түркітану ғылымына әкелген ірі бетбұрыс болды.

Атақты ғалым Л.Гумилев А.Аманжоловтың докторлық диссертациясына берген пікірінде: «…Ғалым еңбегінің негізгі дәні автордың ғылым ордасында қалыптасып кеткен пікірге қарсы шығуы. А. Аманжолов көне руникалық ескеркіштердің қалыптасу тарихын V-VI ғасырларға жатқызатын ғалымдар пікірінен өзгеше пайымдау айтып, оның мерзімін 1000 жылға шегереді. Жазудың тарихын Хун мемлекеті дәуірінен бастайды. Белбеудегі жазудың руника екенін дәлелдеген. Алтай Аманжоловтың пікірі дұрыс па? Оны дөп басып айту қиын. Алайда ХІХ ғасырдан бері ғылыми болжам ретінде тұрақты қалыптасқан пікірге қарсы пікір айту, ол – ерлік. Ғылым әрқашан даму үстінде болу керек, сондықтан «қатып» қалған ғылыми пікірлерді жаңартып отыру қажет. А.Аманжолов пікіріне қосарым, хундардың алфавиті болған. Алфавиттің біздің дәуірге жетпеген себебі хундар жазуды ұзақ сақталмайтын материалдарға жазған…» деп жазады.

Одан бері де Алтай Аманжолов қазақ ғылымы үшін бір сәт те тынбастан қыруар еңбектер жүргізді. Еңбектері болашақ ұрпақ еншісінде. Тіл ғылымы саласында асқаралы Алтай тауларындай орыны бар,  бар ғұмырын тіл ғылымына арнаған ұлы ғалымның топырағы торқа болсын! 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: s155239215.onlinehome.us

Қ. Қауымбек