Қадыр Мырза Әли: "Көрген-білгеніңнің бәрін жаза беру — әдебиет емес"

Қадыр Мырза Әли: "Көрген-білгеніңнің бәрін жаза беру — әдебиет емес"
Фото: vk.com

Бүгін қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әлидің дүниеден өткеніне 6 жыл толды. Жүйткіген уақыт-ай десеңізші. Қазақтың Қадырының артында бірнеше томдық құнды еңбектері қалды. Ақын ғұмырының соңына дейін әдебиетпен айналысты. Аяулы ақынын қазақ елі ешқашан ұмытпайды. Ол арамыздан кетсе де, ақын рухы мәңгі жасай бермек. Біз де ардақты ақынды қамыға еске ала отырып, әр жылғы сұхбаттарында ақындық, өлең туралы айтқан пікірлерін ұсынуды жөн көрдік. 

***

Мен поэзия оқылмайды десе де жазамын. Өйткені, ол – менің дертім.

*** 

Бүкіл жүріп өткен жолың, өміріңнің барлық тәжірибесі — профессионализм. Өз басым ақындық пен азаматтықты бір-бірінен бөліп көрген жоқпын.

***

Қазақ бала мен малдың санын есептемейді. Өлең де солай біздер үшін. Мен өмір бойы, өле-өлгенше өлеңмен жазаланған адаммын.

***

Ақындық өнеріме, өзім сөз жазған әндер ғана емес, есімді білгеннен осы уақытқа дейін естіген жақсы музыканың барлығы да сәулесін түсірді, өз әсерін тигізді деп ойлаймын.

***

Жас кезінде адам өзіне қатты сенеді жəне сенімді болмаса ол əдебиетке келе алмайды. Қайшылықта қатаяды. Бірақ соққы жеу, таяқ жеу деген болады. Содан кейін ақыл кіреді.

***

Əдебиетте саған көзіңнің тірісінде қоғамның берген бағасы – анық баға емес. Теңіздің де толқып-толқып тынышталатын кезі болады, сол сияқты қоғамдық толқулардан кейін барып анықталады.

***

Сөздің көркемдік, бейнелегіштік мүмкіндігі мен ақынның шеберлігін шатастырмау керек. Көңілдегі ой өзінің көркемдік қисынын таба алмай жатса, оған сөз кінәлі емес, ақын өресінің жетімсіздігі кінәлі.

***

Өлеңді ұстап тұрған техника емес. Көп айтылған жауыр сөз болса да айтайын, өлеңді ұстап тұрған нәрсе — сезім. Мен бұл жерде сезім деп, өзің шын кешкен, өзіңнің рухани тәжірибеңе айналған шынайы сезімді, шын сезімді айтып отырмын. «Өлеңнің жаны» немесе «өлеңнің рухы» дегеніңіз осы.

***

Гетенің «Мен көп нәрсе білемін, бірақ барлығын айта бермеймін» деген сөзі бар. Ішкі цензура дегеніңіз осы. Көрген-білгеніңнің бәрін жаза беру — әдебиет емес.

Ж. Жұмағұлов