Өзіне ешкім араша тұра алмады

Өзіне ешкім араша тұра алмады

Басы

Нұртас Кәкімжанұлының тағы бір ерекше қасиеті – ол керемет ұйым­­дас­тырушы болатын. Көшбасшылық қабілеті институт қабырғасында жүрген кезінен бастап-ақ көрініс берген ол бұл қырымен қызметтестерін де мейлінше тәнті еткен. Жұмысының басынан асып жататынына қарамастан, ол әртүрлі мерекелерде кеш ұйымдастыруға да, ұжымымен Қапшағай­ға, Ыстықкөлге барып, бір күнге болса да демалып қайтуға да уақыт табатын. Үл­кенді де, кішіні де өзіне магниттей тартып, жа­нын баурап алатын, ешкімді алала­майтын. Бұл жағынан алғанда, Нұртас Кәкім­жанұлының адаммен, оның ішінде нау­қаспен сөйлесуі, қарым-қатынас жа­сауы ешкімге ұқсамайтын. ҚР ҰҒА ака­демигі Көпжасар Нәрібаев айтпақшы, ол науқасты өзінің дәрігерлік ем-домымен ғана емес, терең адамгершілігімен де емдейтін. Әрбір отаны үлкен білгірлікпен, бар мейірімін төге жасауымен қатар, науқас қашан құлан-таза жазылып кеткен­ге дейін өз бақылауына алатын. Осы орай­да Орынша апай: «Сөйтіп жүріп өзінің денсау­лығын­дағы ақауды байқамады, білсе де, мән бермеді, үні кейде қарлығып шығатын, кейде түрінен шаршау бай­қа­латын. Соған қарамастан этаждан-этажға жүгіріп жү­ретін...» – деп, ұлының өмір­ден ерте кетуін өз кәсібіне шексіз беріліп кеткен­дігімен байланыстырады.

«Бірақ тағдырға не шара?! Нұртастың сондай жауапкершілігі мол, ақкөңіл, қайы­рымды да мейірімді, ел-жұрттың бағына туған бала екендігі кішкентай кезінен-ақ байқалған. Ол бала болып ешкіммен тө­белеспейтін, қайта төбелескендерді тату­ластырып, жөнге салып жүретін. Мектепте үлгілі әрі тәртіпті оқушы болған. «Есте сақтау қабілетінің күштілігі сонша, мұғалім­дерді жақсы тыңдап келгендіктен, үйде ертеңгі сабаққа бар-жоғы бір сағат қана дайындалатын. Бір күні тарихтан берген тапсырманы он минутқа жетпейтін уақытта аяқтады. Мен оны сынау үшін «Мазмұнын айтып берші» дедім. Нұртас оқулықта жазылғанның бәрін тәптіштеп тұрып айтып берді. Сонда әрі таңғалып, әрі ұялғаным сонша, баламның сабағын одан кейін тексермейтін болдым», – дейді анасы.

Үлкен-кішіге бірдей сүйкімді, алғыр да ізденімпаз Нұртас Кәкімжанұлы жас күні­нен бастап спортпен де айналысқан. Күн сайын жаттығу жасаған, жүгірген, күреске қатысқан, футбол ойнаған. Салауатты өмір салтын ұстанған. Ең өкініштісі, айналасына шуағын төгіп, тек қана шарапатын тигізген және де бар ғұмырын хирургияға арнап, үзілуге жақын талай үміттерді қайта үкі­леген шын мәнісіндегі ұлы дәрігердің өзі­нің ажалына ешкім араша тұра алмады...

Роза Рақымқызы

alashainasy.kz

Сурет: alashainasy.kz

М. Оңғарова