Əдебиеттің біртұтас дəуірі өтті...

Əдебиеттің біртұтас дəуірі өтті...
Фото: facebook.com

Жазушы, мемлекет қайраткері, саясаткер Әбіш Кекілбаев 76 жасында өмірден озды. Көзі тірісінде ақын Тұманбай Молдағалиев: «Жазушының тiлiнде де, дiлiнде де мiн жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезiмтал, бәйгенiң алдынан ғана келетiн тұлпарларға ұқсатам мен Әбiштi. Ал, аспанға қарасам оның жұлдызын оңай танимын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шолохов, сол Айтматов, сол Нұрпейiсов жұлдыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгi жанатын жұлдыз» - деген еді Әбіш туралы. Қазаны естіген қазақ халқы мен зиялы қауым өкілдері де қабырғасы қайысып, көздеріне жас алды.

ШАБЫТ?...

Әбіш Кекілбайұлына

Өлі дерлік өлі де емес, тірі дерлік тірі емес,
Көшпелі алтын секілденген қошқармүйіз бу елес.
Көкейіңе шырын бүркіп көкек айы тілінен,
Аңқылдаған аңғалға тән бір жұпар леп білінер…
Білесің ғой, қош көңілде – мына өмірдің дүр мәні,
Қара нұрлы көздің іші, ол да көкшіл нұрланып,
Күйдірмейтін өрт күйінде мый да бөлек көрінер…
Сүйегің де миллион-миллион сәулелерден өріле…
Тұла-бойың тұтас қайта жаратылып зарықтан,
Қос Дүниенің ортасында тұрасың сен қалықтап.
Жап-жарықсың! Түннің өзі пәруанаға айналып,
Терезеңді қаққыштайды, бір құмарды ойға алып.
Бөлмең іші – алқоңырлау, әлде, бәлкім, жасылдау…
Ұшып жүрген көлеңкеңе тіл де бітіп тосыннан…
Екі иықта іңкәрліктің биін билеп екі ұлар…
Темекіңнің түтіні де өлең болып оқылар…
Ал, айнала – құлпырулы қағаз, қалам, құмсағат…
Ауаның да ару жүзін көзің шалып бір замат…
Төбеңнен де мамық-мамық нәзік үндер себелеп,
Үрлеп қалсаң… көмейіңнен ұшып қызыл көбелек…
Төрт қабырға түгелімен қақпаланып бақиға,
Маңдайыңнан жалт-жұлт көшіп періштелік уақиға…
Гүл-гүл қанат Сөздерменен бірге жұпар маздасып,
Мейіріңнің мөлдірінен үзілгенде көз жасың…
Екі Дүниені жымиыспен еркін кезіп тезінен…
Жаратқанның Өзі саған сәби болып сезілер…
Мен білемін, сен қазір де бұл әлемде емессің,
Құдайым-ай, пенделердің жүзі неткен көмескі!..

Әбіш Кекілбайұлы рухына

Уай, Қамбар-Жұрт, Қамбар-Жұрт, 
күрсінісі - қызыл нажағай жайқалтқан, 
сүйсінісі - көк тасқа жасыл бітірген 
аспантекті Көк Ұлдай, алпаң да балпаң көрініп, 
әділеттің жолында 
Алаш үшін арпалысты күн кешкен; 
қаламынан түн қашып, 
қабағынан дұшпан бұғынып, 
Қара Сөзіне қараша ілескен; 
маңдайы да аламанға пейіш аңқыған, 
көз жауы да көкірегімізге егілген 
Абыз өтті Дүниеден!

Абыз өтті Дүниеден, әулиелік пішінмен! 
Қасқыр да түлкі бұ заман қадірін кімнің түсінген! 
Бақи мен фәни арасы буырқанған бұлттарыңды жосылтып, 
Ұлы Дала, Сен де енді дұға еткейсің ішіңнен!

Уа, Ұмай да Ұмай, Ұмай-Жұрт, 
Ұмай да Ұмай, Ұмай-Жұрт, 
дау қашырар қара байрақ еңкейтіп, 
жау қашырар бөрілі байрақ шалқайтып, 
Саған да көңіл айтамыз: 
Наурыздағы буаз Нұрдай ышқынып, 
енді осындай Ұл таба алар ма екенсің?!.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

***

Бұзылған домбырадай құлақ күйі,
Тұрады жан-жүрегім жылап жиі.
Тағы да бір ағамды алса да, Алла-ай,
Қанбай-ақ қойды ажалдың бірақ та иі.

Бұл деген түскен елге салмақ, білем,
Өмірдің оңды түсі қалмақ кілем...
Ажал-ай, ажал демді Аждаһадай,
Келесің кіл жақсыны жалмап кілең.

Жүректі бүгін тағы сыздатасың,
Аға еді ол алып өскен біз батасын.
Жоқтауын, жоқтармыз-ау, айтшы артында,
Иесіз қалған қалай із жатасың?!

Көңілдің көшірмесі мұзға басқан,
Сияқты тұр, әнеки, сыздап аспан.
Тағдыр-ай, тағдыр кейде бар қылығың,
Бурадай бас білместен қырға қашқан...

Тартпасқа амал бар ма, сабыр басын,
Тартылған үзіп мықты, тағы, ырғасын, -
Қалды-ау қайыстырып, қара ормандай,
Қазақтың қара сөзі қабырғасын.

Аманхан Әлімұлы

***

Ол—
Туған топырағымен егіз еді,
Сол тұрған шөлдің маңы теңіз еді:
Каспийі—
Ұмай-ана,--
Атырауын
Еміреніп күндіз-түні емізеді.
 

Ақ сүтін арда жанын беріп емген,
Ұлы Ұмай-Анасына еміренген;
Теңізден—теңіздейін, 
Түбі жоқтай,
Туды бір терең қазақ тебіренген!

Туды Ол мал-мүлігін малдана алмай,
Тәңірінің хикметін талдағандай!
Таяздар қыза келе-- ыза болды,
Тереңін жалаң-аяқ жалдай алмай...

Ол кетті бізден, 
Мүлдем, қол алмасқа,
Қазаққа енді қайта оралмасқа;
О, Каспий!
Саған ғана көңіл айтам!
(Бір пенде ұқпады оны одан басқа!).

Құрлықта туған ұл ем, кемем—дала,
Қай ердің құнын білдік ерен, дара? 
О, Каспий!
Саған ғана көңіл айтам,
Тереңді түсінетін—терең ғана.

Туады ұл мал-мүлігін малдана алмай,
Тәңірінің хикметін талдағандай!
Таяздар жағасында қала берер,
Тереңді талтаң-талтаң... жалдай алмай...

Серік Ақсұңқар

***

Біткенде бес күндегі сынақтық сəт, 
Тік кеуде қарағайым құлап түсті - ақ... 
Тіріңде даттап жүрген өз қазағың, 
Бүгінде жоқтап жатыр жылап-сықтап. 
Қиын сын көріп едің бұ дүниеде, 
Бұйырсын о дүниеде жұмақтық шақ!

 Еркебұлан Қайназаров

*** 

Өтті, бəрі де өтті, 
Əдебиеттің біртұтас дəуірі өтті, 
Абыздықтың қазақы ауылы өтті!

Кетті, бəрі кетті,
Замананың ішінде ары кетті,
Алыптардың ішінде нары кетті!

Жетті, бəрі жетті,
Құлағыма шешемнің əні жетті,
Жүрегіме ғасырдың зары жетті!

 Ерлан Жүніс

Астана әкімдігінің хабарлауынша, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының жаназасы 13 желтоқсан күні сағат 09.00-де Астана қаласындағы "Нұр-Астана" мешітінде шығарылады. Сағат 10.00-де "Көрме" кешенінде ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді. Сүйегі Ұлттық пантеонға қойылады. 13 желтоқсан күні жерлеу рәсімінен кейін 13.00-де Тұран мейрамханасында ас беріледі.

Ал ертең, яғни 12 желтоқсанда алыс-жақыннан келген адамдарға сағат 19.00-де Әзірет Сұлтан мешітінде қонақасы беріледі.

О. Сансызбай