Алматы жұртшылығы белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевті соңғы сапарға шығарып салды

Алматы жұртшылығы белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевті соңғы сапарға шығарып салды
Фото: facebook.com

Бүгін Алматы жұртшылығы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басшылығы мен студенттері белгілі ғалым, әдебиетші Тұрсынбек Кәкішевті соңғы сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек келіп, ғалымның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

89 жасқа қараған шағында дүниеден озған Тұрсынбек Кәкішевті соңғы сапарға шығарып салу шарасы қара шаңырақ ҚазҰУ қалашығындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өтті. Фәниден бақиға аттанған ғалыммен қоштасу шарасына келгендердің қарасы көп болды. Қаралы жиынға жиналған жұртшылық алдында ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов көңіл айтып, ғалымның еңбек жолындағы жетістіктерін тілге тиек етті. Халыққа премьер-министр Кәрім Мәсімовтің көңіл айту хабарын жеткізді. Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек те Тұрсынбек Кәкішевтің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, әдебиетші ғалымның артта қалдырған телегей теңіз мұрасының келер ұрпақ үшін маңызы жоғары екенін жеткізді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Оразалин Тұрсынбек Кәкішев зерттеулерінің шоқтығы биік екенін айтып, Сәкен Сейфуллинді танытқан бірден-бір тұлға ретінде бағалады. Ал белгілі ақындар Марфуға Айтхожина мен Ғалым Жайлыбай әдебиетші ғалымның рухына арнап өлең оқыды. Әдебиетші ғалыммен 50 жыл әріптес атанып, бірге қызмет атқарған филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенғали Зейнол-Ғабден Қабиұлы да арқасүйер ақылшы ағасынан көп сабақ алғанын айтты. 

Қаралы жұрт Тұрсынбек Кәкішевті соңғы сапарға аттандырып, «жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын» деп бет сипады. Марқұмға «Кеңсай» зиратында, қазақтың тау тұлғалары жатқан ортадан топырақ бұйырды.

Айта кетейік, Тұрсынбек Кәкішев дүйсенбі күні 89 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді. Қазақ әдеби сынының даму жолдары, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өнімді еңбек еткен ғалымның артында мол мұрасы қалды. 

Ө. Сансызбай