Халқы Дидахмет Әшімханмен қоштасты

Халқы Дидахмет Әшімханмен қоштасты
Фото: Massaget.kz, zhasorken.kz

Қазақстан Республикасының Жазушылар, Журналистер Одақтарының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, белгілі жазушы Дидахмет Әшімхан дүниеден өткенін жазған болатынбыз. Бүгін, 24 мамыр күні сағат 9:30-да Алматы қаласы Жазушылар Одағында жазушы Дидахмет Әшімханмен қоштасу өтті.

Сағат 10-да басталған жаназаға жұрт 9-дан бастап жиналды. Күні кеше жандарында жүрген жақынының өмірден озып кеткеніне елі сене алмай, қимай-қимай қоштасып қала берді. Тіпті тосыннан келген ажал әсерінен адамдар қоштасып үлгермей қалғандай болды. Facebook әлеуметтік парақшасында да замандас достарынан бастап, жас достарына дейін жан азасын жасыра алмай, іштегі шерін шығарып, естеліктерін жазды.

Аманхан Әлім: «Е..е..е, достарым, "Мір кем дүние, Алланың салғаны, дә..." деген осы. Әйтпесе, кеше қана қатар жүріп, қарбалас тірліктен қалт еткенде сан сырласқан да мұңдасқан Дидағам өмірден өтеді деп кім ойлаған. Жатқан жері жайлы болып, жанына жәннәт бұйырсын. Артында қалған отбасына Алла амандық берсін. Сөйтіп, өмірден тағы бір қарымды қаламгер, ел-жұрт мұңын мұңдаған азамат өтті. Басыңызда айтар сөзді, достарыммен бөлісіп отырмын, Дидаға! Енді, қош болыңыз! Алла алдыңыздан жарылқасын!»

Ақберен Елгезек: «Орағаңның соңынан ерген інісі еді. Орағаң Алтайдың өр мінезінен, тәкаппар болмысынан жаралса, Дидағаң сол Алтайдың арқасынан шығатын Күннің шуағынан жаралғандай көрінетін. Жастарға мейірбан еді. Жүрегі ақ, пейілі түзу, жақсы адам болатын. Мені көріп қалса, әкемді есіне түсіріп, мақтай жөнелетін. Әр кішкентай жетістігімізге шын жүректен қуанатын. Көбісінен жазуы көш ілгері болса да, өңмендемейтін, мақтанбайтын, жарнамаға жоқ еді. Орағасының қасына барды. Жарықтықтың мәңгілік мекенін Алла жұмақтан қылсын!»


Елдос Тоқтарбай: «Сіз менің əкем едіңіз. Балам деп бауырыңызға басып, үнемі ақыл-кеңес беріп жүрдіңіз. Болашағыма сеніп, өмірлік жинаған жеке мұрағатыңыздың кілтін бердіңіз. Əлденені алдын ала сезген екенсіз ғой. Алдағы жоспарыңызды айтып едіңіз... Үш кітап жазылуы тиіс еді. Мемуарлық жанрда жазам дедіңіз... Орындалмай кетті ау... Аманатыңызға хал-ахуалым жеткенше қиянат жасамаймын. Əрбір жылғы жазған күнделігіңізді сол қалпында жазып шығамын сəтін салса!

Сіз – Мемлекеттік сыйлық алмасаңыз да, қазақ əңгіме жанрының хас шебері, классигі едіңіз. Солай болып қала бересіз. "Ел-шежіре", "Дегдар" енді тек Сіздің көзіңіз болып қалады. Баспалар үйі жəне 509 бөлме алдында ешкім бізді енді күліп қарсы алмайды. Құлбек досыңызды жəне сан мыңдаған шығармашылықтағы бауырларыңызды тастап, ерте кеттіңіз ау...

Бірі болса, бірі болмайтын кем дүние ай... Жаныңыз Пейіште шалқысын, Дидаға! Жүрегім ауырып тұр!».

Біз де Массагет ұжымы атынан Дидахмет Әшімханның отбасына, жақындарына, күллі қазақ жұртына қайғыра көңіл айтамыз. Бағыштаған дұға-тілектеріміз қабыл болып, иманы салауат болғай.

@. @assel_assanova