Бүгін елімізде Батырхан Шүкеновті еске алу кештері өтеді

Бүгін елімізде Батырхан Шүкеновті еске алу кештері өтеді
Фото: news.headline.kz

Бүгін көзі тірі болғанда қазақ музыка өнерінің майталманы Батырхан Шүкенов 53 жасқа толар еді. Осыған орай еліміздің бірнеше өңірінде еске алу кештері ұйымдастырылмақ.

Батырхан Шүкенов 1962 жылдың 18 мамырында Қызылорда өңірінде дүниеге келген. Қазақ музыка өнері мен эстрадасының беткеұстар бірегей тұлғасын қазақ халқы ғана емес, бүкіл ТМД елдері жоғары бағалады. Әндерін құмарта тыңдады. Қапияда келген ажалдан мәңгі сапарға аттанған тұлғаның қазасына қалың жұрттың қабырғасы қайысты. Бүгін туған күнінде Батырдың әндері тағы да бір биікте шырқалмақ.

Батырханның туған күніне орай бүгін Алматыдағы Республика сарайы алдындағы «Абай» алаңында әншіні еске алу кеші өтеді. Астана уақытымен сағат 20:00-де басталатын кешті әнші жақсы көретін «ChickFlick» тобы ашады. Олар Батырханның репертуарынан бірнеше ән орындайды, бұдан соң Республика сарайының алдыңғы жағындағы экран арқылы «Батыр: Live» атты фильм-концерт көрсетіледі. Оған әртістің өнер көрсетулері, достары мен жақындарына берген сыр-сұхбаттары, сахна сыртындағы сұхбаттары, әншінің қысқаша түсініктемелері енген.

Батырхан Шүкеновті еске алу кештері бүгін Орал мен Өскемен қалаларында да өтпек.

Айта кетейік, осыған дейін Батырхан Шүкеновтің туған-туыстары Мәдениет және спорт министрлігінен қазақ музыка өнеріне сүбелі үлес қосқан тұлғаның дүниеден озғанына 40 күн өтпей еске алу кештерінің ұйымдастырылмауын өтінген еді. Бірақ, облыс өңірлері тарапынан кейінге шегеру туралы ақпараттар жарияланған жоқ.

Ұқсас жазба

Қазақ музыка өнерінің майталманын сағынатын болады...

Ө. Сансызбай