Ақын Ибрагим Иса өмірден өтті

Ақын Ибрагим Иса өмірден өтті

Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ибрагим Иса 65 жасында дүниеден озды.

Ибрагим Иса – 1949 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай тәмамдаған.

Сырдария аудандық газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық творчествосы үйінде нұсқаушы-методист, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында тілші әдіскер, «Ара» журналында фельетоншы, «Жалын» альманахында редактор, «Сахнасцена» журналында бас редактор, «Сақшы – На страже» газетінде, «Арай» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен.

Өлеңдері бірқатар шетел тілдеріне аударылған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы. «Әнаға» атты ән альбомы шыққан. Коми ақыны И.Куратов, орыс ақыны Н.Рубцов өлеңдерін қазақша сөйлеткен.

Ибрагим Иса «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған. Оның «Алтын сырға» атты  өлеңдер жинағы, «Таң алдындағы ән», «Тербеледі қайыңдар»,  «Жанымның жарығы» өлеңдер мен балладалар жинағы жарық көрген.

Сурет: kaztv.kaztrk.kz

Ш. Талап