Театр сыншысы Әшірбек Сығай өмірден озды

Театр сыншысы Әшірбек Сығай өмірден озды

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр сыншысы, аудармашы әрі педагог Әшірбек Сығай 67 жасында өмірден озды.

Қазақтың ерен ұлы 1947 жылдың 11 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. Әшірбек Төребайұлы Алматы консерваториясын, қазіргі Қазақ Ұлттық консерваториясын 1969 жылы бітіреді.

Өнер жолында еткен еңбегі қазақ мәдениеті, әсіресе қазақ театры алдында үлкен құрметке ие. «Сын - шын болсын, шын - сын болсын», - деп кезінде М.Әуезов айтқандай, сын жолында көп еңбектенді. Қазақтың біртуар тұлғасы өзінің өмір жолында Мәдениет министрлігінде қызмет етіп, кейіннен Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазіргі Ұлттық Өнер Академиясында ұстаздық етеді. Бірқатар кітаптардың авторы. Айта кетсек, "Іңкәр шақ", "Сыр сандық", "Сахнаға сапар", "Жарнама алдындағы ой", "Сахна саңлақтары", "Театр тағылымы", "Толғам", "Талдықорған театры" атты еңбектерін келер ұрпаққа жазып қалдырған. Сондай-ақ, 2000 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, 2004 жылы "Құрмет" орденімен марапатталған.

Massaget.kz ұжымы ойларымен орап, сынымен шымшыған белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың өмірден озуына байланысты барша қазақ жұртына қайғырып көңіл айтады...

Сурет: www.syrdarya.gov.kz

Ж. Өрісбай