"Алтын қолды дәрігер" атанған Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш қойылды

"Алтын қолды дәрігер" атанған Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш қойылды

Тірісінде де бағаланған белгілі хирург Нұртас Қазыбаевтың өмірден өтіп кеткеніне бір жылдың жүзі болыпты. Осы бір жыл ішінде қайғыдан қан жұтқан тек марқұмның туған-туыстары ғана емес, қазақ медицинасы да алтын қолды маманын жоқтап, есеңгіреп қалды. Қолдан келетіні – жақсының жақсылығын айтып, құрмет көрсету. 

Осыған дейін өзі қызмет етіп кеткен Президент Іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасына аса көрнекті хирургтың құрметіне мемориалды тақта орнатылған еді. Бүгін Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш қойылды. Ескерткіш Алматыдағы Кеңсай зиратындағы қабірде тұр. 

Марқұмды еске алуға туған-туыс, дос-жарандары, әріптестері және жақсы адамның жақсылығын көрген қарапайым халық жиналды. 

1996 жылдан бастап, ғұмырының соңына дейін Нұртас Кәкімжанұлы хирургия бөлімінің меңгерушісі болып, отыз мың ота жасап, мыңдаған науқастың өмірін сақтап, дертінен құлан-таза айығуына жол ашқан еді. Емін қабылдаған жандардың барлығы жүрегінің кеңдігін, өзгерлерге жасаған қамқорлығын, өз ісіне адалдығын алға тартып, "Алтын қолды дәрігер" атаған Нұртас Кәкімжанұлы 2012 жылдың 5 тамызында қапыда көз жұмған болатын.

Хирургия саласында 5 бірдей өнертабыстың иесі, "Құрмет" орденінің иегері Нұртас Кәкімжанұлы туралы бүгін, 27 қыркүйек, сағат 22:00-де СТВ арнасынан деректі фильм көрсетіледі. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: Ярослав Радловский

М. Оңғарова