Деректі фильм атасы Ораз Әбішев дүниеден озды...

Деректі фильм атасы Ораз Әбішев дүниеден  озды...

97 жасқа қараған шағында ұзақ науқастан қазақ деректі фильмінің көшбастаушысы, кинорежисер, КСРО Кинематографистер одағының 1957 жылдан бергі мүшесі, Қазақ КСР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, КСРО Халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері - Ораз Әбішев дүниеден озды.

Ораз Әбішев 1916 жылы 1 мамыр күні бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Қайнар ауылында дүниеге келген.
1938 жылы Алматыда Қазақ музыкалық театры (қазіргі Қазақ академиялық опера және балет театры) жанындағы студияны бітірген. 1938-1939 жылдары театр құрамында әнші, 1939 жылдан кино өнерімен айналысады. Бүкілодақтық кинематографистер инс­титутының (ВГИК) режисерлік факультетінде оқи жүріп, «Райхан» фильмінің режисері Моисей Левин, сондай-ақ, Григорий Рошаль, Роман Кармен сынды кино майталмандарының ассистенті бол­ған, «Мосфильм», «Ленфильм» сынды кино­студияларда шеберлік мектебінен өткен Ораз Әбішев 1940 жылдан бастап деректі фильмге біржола бет бұрды. 1944 жылы «Қазақфильм» киностудиясының режисері ретінде көптеген шежірелік-деректі,  ғылыми-көпшілік фильмдер түсірді. Оның шығармашылық өнері ұлттық идея мен рухқа, намысқа негізделген және жастарды тазалыққа, еңбекқорлық­қа, отан­сүй­гіш­тік­ке тәр­бие­лейді.

Алыс жылға созылған тынымсыз ең­бектің жемісі – «Тастағы таңбалар», «Көгілдір арал», «Абсент», «Тарихпен сұхбат», «Сы­нақ», «Жетісу жұлдыздары», «Қалыбайдың бағы», «Жы­­раулар», «Аталар жолымен», т.б. тамаша деректі фильмдер десек, Дина Нұр­пейісова, Кенен Әзірбаев, Мұқан Төлебаев, Талғат Бигелдинов тәрізді тарландар бейнесін айғақтаған туындылар ұлттық рухымызды, мәдениетімізді шыңдауға қызмет ететін қазына болып табылады.

“Арман аралы”, “Кеншілер әулеті”, «Мұқан Төлебаев», “Желден жүйрік” деректі фильмдері үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алған. Октябрь Революциясы, екі мәрте “Құрмет белгісі”, Қазақстан Республикасының «Отан» ордендерімен марапатталып, «Экран шебері» атағын иеленген.

Қазақ деректі киносының негізін қалаушылардың бірі, азаматтығы мен адамгершілігі жоғары тұлға ретінде режисер Ораз Әбішевтің бейнесі қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі сақталады. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!

А. Құлтай