Бүгін – Мұхтар Мағауиннің туған күні

Бүгін – Мұхтар Мағауиннің туған күні

Бүгін – қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің туған күні. Ол 73 жасқа толды. М.Мағауин – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы. Бірақ оның басты ерекшелігі – атақ-дәрежесінде емес, қаламгерлік, қайраткерлік қасиетінде.

Ол қаншама кесек туындылар жазып, қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты. 

Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. "Қобыз сарыны" атты ғылыми монографиясы жарық көрген (1968). Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. "Көкмұнар" (роман, 1972), "Бір атаның балалары", "Көк мұнар" (повестер мен әңгімелер), "Аласапыран" (тарихи роман-дилогия, 1980-1982), "Шақан Шері" (роман), "Мен" (ғұмырбаяндық роман-хамса), "Құмырсқа-қырғын" (әңгімелер), "Ұлтсыздану ұраны" (мақалалар) және тағы басқа кітаптары жарық көрген. 2002 жылы 13 томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Мұхтар Мағауинның шығармашылық тарихына зер салып қарасаңыз үнемі жаңашылдыққа ұмтылғанын байқау қиын емес. Шығармаларында қайталану жоқ, әсіресе соңғы жылдары бұрынғы дүниелеріне мүлдем ұқсамайтын, құрылымы жағынан өзгеше шығармалары "Қыпшақ аруын", "Құмырсқа қырғын". Жақын арада Чехия Республикасынан жарық көрген "Жармақ"  қазақтың екі ғасырлық тарихы мен бүгінгі психологиялық тартыстар жүйесіне құрылған романы жазушыны мүлдем басқа қырынан көрсетеді.

Бүгінде жазушы Прагада тұрады. Біз Массагет ұжымы атынан жазушыға үлкен денсаулық, зор қайрат тілейміз, ойға алған игі мақсаттарын шаршамай-шалдықпай іске асыра берсін! 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: Жазушының жеке мұрағатынан

M. Auelkhan