Қазақстандық ару әлемдік сұлулар байқауында үшінші орынға ие болды

Қазақстандық ару әлемдік сұлулар байқауында үшінші орынға ие болды

Қазақстандық Полина Кожедуб Кариб аралдарында өткен "Miss Multiverse- 2013" сұлулар байқауында үшінші орынға ие болды. Бұл жөнінде ұйымдастырушылардың ресми сайты хабарлайды. Әлемнің 30 елінен келген арулардың ішінен Полина оқ бойы озық тұрып, үшінші орынды иеленумен қатар, «суретке түсудің шебері» атанған.

«Әлем аруына» ұқсас байқау - "Miss Multiverse- 2013" "Tropical model award edition" сайысы секілді. Бұл – әлемнің әр елінен келген сұлулар бақ сынасатын еуропалық байқау. Осы жылы сұлулық байқауы Кариб аралында Доминикан Республикасының Пунта-Кана қаласында өтті. Мұнда әлемге аты әйгілі Баваро жағажайы орналасқан.

«Байқау аса жоғары деңгейде өтті. Бәрі Кариб теңізінде дельфиндермен бірге шомылып, жақсы демалды. Мұражайлар мен көрмелерге де бас сұқтық. Ескі сарайлар мен қорғандарды таныстыру мақсатында шоулар ұйымдастырылды. Қонақтарға Президент Сарайы мен оның «ақ үйі» де көрсетілді. Қыдыру кезінде жан-жағымыздан фотоаппарат пен видеокамераға түсірді. Байқаудан тікелей репортаж жасалап, болып жатқан шоу Еуропа мен Латын Американың телеарналарында көрсетіліп жатты», - дейді Кожедуб. 

Қазақстандық ару  байқауға дизайнер Мүслима Жұмағұлова дайындаған отандық ұлттық киіммен шыққан.  


Осыған дейінгі байқау Амстердамда өткен болатын. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

суреттер: inform.kz

А. Әбілхан