29 қаңтар - Сәбит Оразбаевтың туған күні

29 қаңтар - Сәбит Оразбаевтың туған күні

1936 жылдың 29 қаңтары — Қазақ КСР-інің халық әртісі, актер Сәбит Оразбаевтың өмірге келген күні. Дарынды өнер иесі Сайрам ауданы, қазіргі Бәйдібек ауылында туылды. Алматыға арман қуып келген ол 1959 жылы қазіргі Алматы Мемлекеттік консерваториясына келіп оқуға түседі. Содан бері М.Әуезов атындағы қазақтың Мемлекеттік Академиялық Драма театрының актері. Бүгіндері де сахна төрінде жүрген ағамыз осыған дейін талай рөлдерді сомдап үлгерді. 


ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев сахнада, кинода таудай образдарды талай сомдап, қазақ өнеріне тың тыныс әкелген тұлға. Асқар Тоқпановтың тәлімін алып, «Қан мен тердегі» Сүйеу қартты, Әбілхайыр хан мен Бұқар жырауды, қарт Сүйінбайды ойнап, өнерде өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. 

Өнер институтында да, театр жанындағы студияда да сабақ берген актерден талай талантты тұлпарлар тәлім алды. 

Қазақфильм киностудиясы актердің өмір белестері жайында «Өмір-дастан» атты жарты сағаттық деректі фильм түсірді. Еңбектің дені жастардың терімен дүниеге келді. Фильмнің продюссері  — актердің қызы Жанар Тұрыс.


Сәбит Оразбаев ойнаған рөлдер:

«Бөлтірік бөрік астында» - Арыстан

«Құдағи келіптісінде» - Арыстан

М.Әуезов пен Л.С. Соболевтің «Абайында» - Мағауия 

С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» - Бөпіш

С.Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелерінде» - Сығанақ

А.Сүлейменовтің «Төрт тақта – жайнамазында» -Сәтнәсіп 

З.Ақышевтің «Жаяу Мұсасында» - Мұса

Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» - Дүрбіт 

Ш.Хұсайыновтың "Алдар көсесінде" - Алдар көсе

М. Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қарагөзі» мен «Қилы кезеңінде» - Бірсімбай, Дулат, Жәмеңке

Қ.Мұқашевтің «Парторгында» - Қасым

Ә.Әбішевтің «Кәусарында» - Елдар Көмекбаев

Т.Ахтановтың «Антында» - Әбілқайыр 

Ш.Айтматов пен Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде» - Исабек

Б.Мұқайдың «Тоят түнінде» - Жолдас Жанғазиевич

М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбағында» - Кезбе музыкант

М.Байсеркеұлының «Абылайдың ақырғы күндерінде» - Бұқар жырау

Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» - Жантық 

Д.Исабековтің «Кішкене ауылы» мен «Ескі үйдегі екі кездесуінде» - Ормантай, Айтөре 

Сәбит Қоңырбайұлы Оразбаев  «Парасат» және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

Өнер шыңында өзіндік талантымен сахнаның шаңын шығарып жүрген ардақты ағамызды Массагет ұжымы атынан бүгінгі туған күнімен құттықтаймыз!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: almaty-akshamy.kz, egemen.kz, thenews.kz

А. Әбілхан