Қазақтың кино майталманы қоқыс теріп жүр...

Қазақтың кино майталманы қоқыс теріп жүр...

Өмірінің 42 жылын  киноға арнаған Едіге Болысбаев киерге киім, ішерге ас таппай далада қоқыс теріп жүр. «Шаңырақ», «Ұлтуған» сынды көркем фильмдері арқылы алашқа аты жайылған кинорежисер алпысты алқымдаған шағында ағайын-туыс, дос-жараннан алыстап, шайтан судың қүрмеуіне жіпсіз байланып қалды. Аяулы жары, үш бірдей баласы теріс айналды. Тағдыр тәлкегіне түскен Болысбаевтың қазір барар жері, басар тауы жоқ. Үйсіз-күйсіз. Қаңғыбас, мүсәпір күйде. Режисер әңгімені балалық шағынан бастады...

"Менің балалық шағым Бақанас елді мекенінде өтті. Бала күннің  бал қызықтарын сол жерде өткердім. Мектепте 11 жыл білім алып, бала күнгі арманыма қол жеткізу мақсатында ат басын Алматыға бұрдым.  Бар  арманым әнші болу еді. Бала кезден консерваторияда оқуды армандайтынмын. Сол арманымның жетегінде жүріп, консерваторияға да келдім. Ол  кезде Мәскеуден келген профессор Сакалов талапкерлерді қабылдап  жатыр екен. Кірген бойда жасымды сұрады да,  саған әлі ерте бір жылдан кейін кел, дауысың өзгеруі мүмкін деді. Басым салбырап үйге қайттым. Содан  кейін бір жыл бойы жұмыс істедім".

- Қандай жұмыс істедіңіз? 

От жағушы (кочегар) болып істедім. Алға қойған мақсатыма жету үшін көп қаражат керек. Сондықтан, қыс бойы қара көмірдің қара түтінін бұрқыратып кочегар болып істедім. Жалақысы көңіліме қонымды еді.

Ол кезде ата-анаңыз немен айналысушы еді?

Әкем өмір бойы шопыр болып өтті десем болады. Негізінде әкем консерваторияда оқыған. Мамандығы бойынша әртіс болу керек еді. Бірақ, өзі шопыр болуды қалады. Анам үйде біздің тамағымызды дайындап отыратын. Әкем бізді қатардан қалдырмай өсірді. Әке-шешеме мен өте ризамын.

Кино саласына келуіңіздің себебі неде?

Барлығы да еліктеушіліктен туатын дүние ғой. 60 жылдары әкем шопыр болып істеп жүрді. Сол кезде тауда тұрып жатқан қойшыларға  көлігімен  кино көрсететін. Ол кезде  баламын,  маған да  кино көрсетіңізші деп жалынатынмын. Бірде әкем менің бала көңілімді қимай, маған да кино қойып берді.  Сол сәттен  бастап киноға деген қызығушылығым ояна бастады. 1970 жылы Мәскеуге  оқуға  бардым. Сол жылдары Кариша Назаров, Радио Нахапетовтармен  бірге оқуға түстім. Ол сәтті қазір есіме алсам, бәрі өте тамаша еді.

Қай жылы отбасын құрдыңыз?

1977 жылы  шаңырақ көтердім. Қазір 2 қыз, 1 ұлым бар. Тұңғышым  қыз болғандықтан, жарыма қашан маған ұл тауып бересің деп армандап жүрдім. Алла тілегімді қабыл етіп, ұл сыйлады. Арман есімді ұлым бар. Ұл-қыздарым өте тамаша жандар.

Осы отбасыңыздан ажырауыңыздың себебі не?

Отбасының ажырауына ақша себеп болды. Ол кезде де несие деген бар болатын. Үйімді несие алу үшін кепілге қойып, жаңа жұмыс бастаймын деп ойлағам. Бірақ сәті түспей осылай құлдырап кеттім. Пәтерімді алып қойды. Аллаға шүкіршілік етем, ол кезде балаларым өзімен-өзі болып есейіп кеткен. Содан 5 жылдай пәтер жалдап тұрдық. Ол кезде менің жалақым көңілге қонымды, жақсы еді. Кейін жалақыны тағы өсірем деп жүріп, жұмыстан айырылып қалдым. Содан, әйелім бұл қиындықты көтере алмай, екеуміз айырылысып кеттік.

 Әйеліңізбен айырылысып кеткенен кейін қайда тұрдыңыз?

Бастапқы кезде пәтер жалдап тұрып жүрдім. Кейін мүлдем жағдайым болмай кеткен соң, көп қабатты үйлердің жертөлесін паналадым. Қарным аш, нан таппай қоқыстардың ішінен нан теріп жеген күндерім болды.

Қандай туындыларыңыз жүрегіңізге жақын?

Мәскеуде  жүргенімде «Искушение» деген фильм түсірдім. Соны Алматыға алып келгенімде, Сұлтан Қожықов көріп, фильмнің сәтті шыққанын айтып, "Қандай фильм түсірем десең де, өз еркіңде"  деп рұқсатын берді. Бірақ та ол кезде қолыма түскен сценарийлердің барлығы өте нашар болды. Менің көңілімнен шықпады. 

«Шаңырақ» фильмнің түсірілу тарихын айтсаңыз?

Ойда-жоқта араласып жүрген жігіттер қолыма сценарий әкеп ұсынды. «Оқып  көр, өте жақсы жазылған! Ұнатып  жатсаң, фильм түсіруіңе болады» деді. Сценарийді оқып отырып, бір жақсы фильм шығатынына көзім жетті. Сонымен, барлық жабдықтарымызды жинап, Шымкент каласына ұшып кеттік. Бастапқы кезде киноның желісін түсіру маған өте қиын болды. Бірақ, Аллаға шүкір жақсы актерлердің арқасында фильм өте сәтті шықты.

«Шаңырақ» фильмінің басты идеясы қандай?

Махаббат десем әбден болады. Ұйып отырған отбасының шаңырағының биік, керегесі кең болуы. Ол адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігінің айғағы. Адамды күлдіріп қуантатын да, жылататын да  махаббат. Бұл фильмге махаббат идеясы арқау болады.

Қазіргі таңда қандай идеяларыңыз бар?

Мен жай отыратын адам емеспін. Қазірдің өзінде бірнеше сценарийлерім бар. Жұмысқа шақырып жатса, апарып көрсетем. "Қазақфильмнен" басқа студиялар шақырса барар едім. Қазір көшеде бомж болып жүрмін. Мендей режисер көп емес. Мені неге пайдаланып жұмыс бермейтініне ашынам.

Сіздің осындай күйге түскеніңізді бұрынғы әріптестеріңіз біле ме?

Білмейтін шығар. Менде қазіргі таңда жора-жолдас, дос-жаран ешкім жоқ. Мені іздеген жан болса, "Қазақфильмнің" жанында қызым тұрады. Содан сұраса, мені демде тауып алар еді.  Өкінішке орай, мен ешкімге керек емеспін. 

 - "Қазақфильммен" бұлай қырғи-қабақ болуларыңыздың себебі не?

Мен негізі өзім анда-санда ащы судан ұрттап тұрам. Сол қылығым оларға ұнамады. Бірақ осы уақытқа дейін қаншама фильм түсірдім. Барлығы сәтті түсірілген фильмдер. Оны көріп, көзайым болған халық себепкер.

Қазіргі қазақ киносына көңіліңіз тола ма?

Қазіргі таңда мен мүлдем кино көрмеймін. Сөздің шыны керек, мен қайдан көрем? Мені кім шақырады? Мені қазір ешкім бағаламайды...

Осылай жүргеніңіз үшін қысылмайсыз ба?

Қысылғанмен не пайда? Маңдайыма  жазылғаны  осы  шығар. Барлығы сол жұмыстың жоқтығының кесірі.  Қазір тамақ табу үшін қандай жұмыс болса да талғамай істеп жүрмін. Ақша табу өте қиын. Егер менің кинодағы орнымды қайта берсе, барлығын қойып, отбасымды жинап өмір сүріп кетер едім. Тағы керемет фильмдер түсіріп, Қазақстанның атақ-даңқын шығаратын, фестивальге жарайтын туындылар шығаратын едім.

Қазір балаларыңызбен араласып тұрасыз ба?

-Маржан деген қызыма көп барып тұрам. Қалғандары хабарсыз. Арманды көрмегеніме көп болды. Олар өздерімен-өздері тұрып жатыр.

Сізді неге балаларыңыз алып кетпейді?

- Қазіргі балалар ондайды ойлай ма? Менің қолымда ақшам жоқ. Жұмыс  істеп жүрсем, мүмкін қолдарына алар ма еді. Қазір олардың ақшасы санаулы, мен үшін артық ақша шығармайды ғой. Оларды  баспанасыз қалдыратын әке керек емес.

Өмірде неге қатты өкінесіз?

Өкініштен өзегім күнде өртенеді, қызым. Отбасымнан  ажырап, дала кезіп жүргенім мынау. Сол кезде үйімді несие алуға салғаныма өкінем. Әттең-ай, әлі өкінем...

Қандай арман-тілегіңіз бар?

Өмірімнің соңына дейін кино түсіріп өтсем. Отбасымен бірге тұратын үйім болса. Менің үй алатын қауқарым жоқ. Жоғарыда  отырған кісілер қол ұшын созса, бала-шағаммен бірге шай ішіп, сырласып отырсам. Сол менің басты арманым.

Дегенмен, дүниенің бір кірпішін таппай бүкіл өмірін сарп еткен жандар жетерлік. Іштерінде «іздегенімді таптым» немесе «адастым» дегендері де жоқ емес. Артына еш мағлұмат қалдырмай, дүниеден баз кешкендері де аз емес. Себебі, ғұмыр шолақ, өмір өткінші...

Осындай қысқа өмірде қоржынында 100-ге жуық қысқа метражды және 8 көркем фильмі бар Болысбаевтың тағдыры өте аянышты. Қолтығынан демеп жіберетін жан жоқ. Едіге ағаның арманы асқақ... Бірақ оған жетер қауқар жоқ...

Сұхбаттасқан: Назым Қыдырбайқызы

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: debelov.blogspot.com, yk-news.kz 

M. Auelkhan