Сөредегі сыр: Зағыфи Тналина туралы не білеміз?

Сөредегі сыр: Зағыфи Тналина туралы не білеміз?

«31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» қарсаңында қойнауы қазынаға толы архив қоймаларының сөрелерінің бірінде Зағыфи Тналинаның құжаттары қолыма түсті. Зағыфи Тналина кім еді?

Қаншама зобалаңда аштықта Сталиндік қуғын-сүргінді  бастан кешірген әрі соның құрбанына айналған  аты аталмай тасада қалып жатқан алаш қайраткерлері қаншама, солардың бірі Абат Әлібаев.  Біз осы Абат Әлібаевтың жұбайы Қазақстанда Алжир тұтқыны, соғыс және еңбек ардагері Зағыфи Тналина туралы не білеміз? Зағыфи Тналина кім еді? Зағыфи Сәдуақасқызы бақташы отбасында дүниеге келген Ақмола өңірінің тумасы өз әкесі Байжұман анасы Халима алты бала тәрбиелеп  өсірген қарапайым еңбек адамдары. Зағыфи алты жасынан бастап әкесінің інісі Сәдуақас Тналиннің тәрбиесінде болған. Сәдуақасқызы деп жазылуы содан болса керек. 1919 жылдан 1921 жылға дейін зерек те ұқыпты қыз бірінші дәрежелі мектепте оқиды. Кейін Ақмола өңірінде қазақ мектебі болмағандықтан татар мектебінде білім алып татар тілі мен әдебиетін меңгеріп шығады содан көп ұзамай аймақта қазақ мектебі ашылғаннан кейін сонда ауысып оны 1926 жылы бітіріп шығады да Ақмола уездік комсомол комитеті оны Қызылжардағы техникумға жібереді. Техникумді бітіргеннен кейін 1930-31 жылдары комсомол  органдарында пионер жұмысының меңгерушісі болады. Комсомол мен пионер ісінің жетекшісі ұйымдастырушысы ретінде Алматыға қызметке жіберіліп Коммунистік балалар ұйымы бюросының төрайымы қызметін атқарады.

Зағыфи Сәдуақасқызы1934 жылы Қызылорда өңірінің тумасы алаш азаматы Абат Әлібаевпен көңіл жарастырып оған тұрмысқа шығады. Ал Абат Әлібаев та комсомол мен партия қызметінде болған қазақ баспасында бас редактор комсомол комитетінің екінші хатшысы болған қайраткер тұлға. Сол комсомолдың екінші хатшысы ретінде жүргенде  1937 жылы «Халық жауы» ретінде тұтқынға алынады да ату жазасына кесіледі. Әйелі Зағыфи болса халық жауының әйелі ретінде атақты Алжир түрмесіне жіберіледі. Күллі кеңестер одағына атағы шыққан бұл жер алғашында «26 нүкте» болып аталып соның негізінде 1938 жылы «Отанын сатқандардың әйеліне арналған Ақмола лагері» пайда болады. Бұл жерді Сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған «Халық жауы» атанғандардың әйелдері мен туыстары қамауға алынады. Алжирде халық жауының жақыны ретінде тұтқында болған 8000 әйелдің  бірі біз сөз етіп отырған Зағыфи апамыз еді онда үш жылға жақын саяси тұтқын ретінде қамалып 1941 жылдың сәуірінде Ақмолаға оралады. Бұл Ұлы Отан Соғысына сай келіп ағасы майданға кетіп бар ауыртпалық  саяси лагерьден енді ғана босап шыққан жас қыздың   өзіне түседі. Тағы бір жағынан халық жауының әйелі болғандықтан  жұмысқа орналасу да өте қиынға соғады.

Осындай материалдық та, моральдық та қүйзелісті бастан кешірген Сталиндік куғын –сүргіннің құрбаны болған қайсар қазақтың қызын 1956 жылы Түркістан әскери округінің әскери трибуналы түбегейлі ақтап шығады. Артынан көп өтпей жолдасы Абат Әлібаев та толық ақталады. Ұлы Отан соғыс жылдары кеңес одағының үлкен орталық қалаларындағы кино студиялары, театрлары, өнер ошақтары Қазақстанға көшірілгені белгілі. Сол тұста Ворошиловград орыс драма театры  Ақмолаға ауыстырылғаннан кейін Зағыфи Сәдуақасқызы осы театрға жұмысқа тұрады. Жаңа жұмысына құшына кіріскен зерек те ізденгіш талантты тұлға театрдың қызметін әбден меңгереді. Ұлы Отан Соғысы аяқталғаннан кейін өзі де жұбайы Абат Әлібаев да саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде түбегейлі ақталғаннан кейін Ақмола облыстық мәдениет басқармасын басқарып, зейнетке шыққанша сонда ұйымдастырушылық қызмет атқарады.    

Тналина Зағыфи Сәдуақасқызы туралы құжаттар Алматы қаласының Мемлекеттік архивіне сыйға қабылданып № 339 қорда тұрақты сақтауға алынған.  Олар 2000 жылы толық өңдеуден өткен құжаттар іс қағаздары мен жеке құжаттары, фотосуреттер, қолжазбалары сондай-ақ С. Сейфуллин туралы естелігі, баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларынан  тұрады.  

Кеңес одағы кезінде аға буындардың саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуге мүмкіндіктері шектеулі болды. Бүгінгі таңда тәуелсіз елге тән барлық құндылықтарымыз бар заманда жаңа Қазақстанның жаңа, шынайы тарихын қалыптастыру сіз бен біздің қолымызда. Архив сөрелеріндегі том том болып сақталған, сыры көп сарғайған құжаттар өз зерттеушілерін күтуде.

Болашағымыздың баянды болуы үшін, өскелең ұрпақтың бойында ұлтжандылық қасиеттерін ояту үшін кешегі өмірден өткен  ұлты мен жері, тілі үшін қасірет шегіп қызыл террордың құрбаны болған жандардың өмір жолын насихаттауымыз керек.

 

Алматы қаласының Мемлекеттік

архивінің маманы Бүеш Р.С.

Т. Раушанұлы