Әділдікті ту еткен ғалымның асыл мұрасы

Әділдікті ту еткен ғалымның асыл мұрасы

Ербол Несіпбайұлы Жанпейісов - қазақтың маңдайына біткен бір ғасырда бір туар ерекше болмысты, ешкімге ұқсамайтын рухани дүниесі өте бай, парасатты, тым қарапайым, нағыз ғалымға тән барлық қасиетке ие ірі этнограф, грамматист, түрколог, лексиколог, көркем  проза шебері, әр сөзін салмақты, дөп айтатын, шыншыл жан еді.

Мақтауды сүймейтін, атақ-даңқтан бойын алшақ ұстайтын, болмысы барынша қарапайым, туған күнін, тіпті мерейтойларын да атап өтуге рұқсат етпейтін, қазақ тілін зерттеуде тындырған ісі толайым болса да, оны жұртшылыққа жария еткісі келе бермейтін ағамыздың ғылымдағы еңбегінен көпшілік хабардар болсын, жас ұрпақ таныс болсын деген ниетпен қалам алып отырмыз.

1957 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер ретінде орналасудан бастап, өмірінің соңына дейін осы Институтта аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер болып табан аудармай еңбек етті.

Е.Жанпейісовті ең бірінші түркітанушы деп айтуға болады, себебі әр еңбегін, тіпті сол еңбектің ішіндегі зерттеу нысаны ғып алған идеоэтникалық атауларды міндетті түрде түркі тілдес халықтардың мәдениентімен тарихымен, этнографиясымен, ауыз әдебиетімен таныстыра отырып, байланыстыра отырып, ортақ мағынасына терең үңіле отырып, салыстыра зерттейді.

«Өткен ғасырдың аяғында Е.Жан­пейісовтің «Абай жолы» эпопеясының тілін, ондағы ұлттық кодтар мен символдарды этнолингвистикалық тұрғыда терең зерделеген құнды еңбегі алдымен қазақ тілінде «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі» деген атпен, кейіннен орыс тілінде «Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведений М.Ауэзова)» атты еңбегі қазақ этнолингвистикасы мен этимологиясы салаларында жаңалығы мол, іргелі зерттеу ретінде танылған болатын.

Ғалымның «Қазақ тілінің этномәдени лексикасы (М.Әуезов шығармалары негізінде)» (1991) деген тақырыпта қорғаған докторлық диссертациясы лингвомәдениеттану мен этнолингвистика салаларында таптырмас, жоғары ғылыми негіздегі, тіпті қазіргі зерттеумен айналысып жүрген магистранттар мен доктаранттарға жалпы тіл мен әдебиетті қатар зерттеп жүргендерге өте қажетті материал деп білемін. Қазақтың сөздік қорын материалдық мәдениет лексикасы, рухани мәдениет лексикасы, халықтық өлшемдер лексикасы, туыстық және отбасылық қарым-қатынас лексикасы, астрономиялық терминдерге, алғыс, қарғыс, бал ашуға қатысты сөздерге, қиял-жағайып жануарлардың, жындардың атауларына, халықтық медицинада қолданылатын сөздерге, халықтық өлшемдерге, тағам атауларына, туыстық қатынастарға байланысты атауларға, антропонимдерге, топонимдерге, этнонимдерге бөліп қарастырады.

Профессор Е.Жанпейісов ҚР ҰҒА Хабаршысы журналының 4 санында (2005, №3, 2006, №1 2006, №4, 2007, №2) жариялаған «Төрт түлік төңірегінде» атты нағыз этимологиялық бағытта жазылған циклді мақалалар топтамасын жатқызамыз. Тіпті мақала деуге де келмес. Бір түлікке арналған бір мақаланың өзі көлемі үлкен, жан-жақты кешенді талдау жасаған, әр түлікке қатысты атаулардың идиоэтникалық семантикасын ашып беретін, этимологиялық талдау жасаған ғылыми еңбек.

Жылқыға арнаған бір мақаласының өзі он-он бес бетті құрайды. Мысалы, жылқы асылын сипаттауда «тұлпар» идиоэтникалық бірлігін түркі тілдес халықтардың көне еңбектерімен, сөздіктерімен салыстыра отырып, кешенді талдау жүргізеді.

«Тұлпар» этнонимі – жылқыға қатысты атау. Жылқы түлігін асыл текті тұлпар деп атайды. Профессор Н.Уәлиев «қазанат» деп аталатын «бәйге аттары», «жаугершілікке мінетін аттар» қатарында қарастырады. Түркі тілдерін «конь боевой», «крылатый конь» келесі бір ауыспалы мағынасында ерінен айырылған әйел «тұлпардан қалған тұяғым» деген фразеологиялық тіркестің білдіретін мағынасы - осы. Тіпті, бұрындары «боевой конь» мағынасын түркі тілдерінде біртұтас тұлпар сөзі емес, тұл бөлігі де білдірген екен. Тұл, тул, тек жесір қалған әйел мағынасынан әлде қайда кең ұғымда жасалатынын айтады. Сондай-ақ «вверх одежды», «внешность «мағынасын да білдірген екен (шуаш тілінде). Осы мағынасы тыс, сырты, үсті деген лексемалар «тұл» сөзінің басты мағынасы екендігін аңғаруға болады,  қайғы мен қуаныш, жаулық сияқты жағдайларға сәйкес -да -де жұрнағы арқылы деревацияланып, адам мен аттың, кейбір заттардың үстін, сыртын білдіреді екенін аңғаруға болатындығын айтады. «тұлда» етістігі адамның, малдың, тағы басқаның сырт тұрпатын, тысқы қалпын («внешность») әлде бір азалы, қаралы күйді, біз етіп отырған жағдайда «жесір (яғни иесіз) қалғандықты» нышандайтын (символдайтын) түске енгізуді білдіреді. 

Профессор Е.Жанпейісов тұл тақия, тұла бойы, тұл ат, ат тұлдау сияқты сөздердің құрамындағы тұл лексемасының мағынасын түркі тілдес халықтардың зерттеулерімен салғастыра отырып, шығу төркінін анықтап береді. сонда тұл лексемасы «жесір», «иесіз» (тұл қатын) деген мағынамен қоса, киімнің сырты ғана (тұл тақия) емес, жанды-жансыз, өзге де түрлі затқа қатысты «үст», «бет», «тыс», яғни жалпы заттың, нәрсенің «сырт» мағынасын да білдіреді. Тұл сөзінің семантикасы тек «траур» мағынасымен ғана өлшенбейді, сонымен қатар жақсылықтың, ізгіліктің, салтанаттың да нышанын білдіретіндіген ғалым тілдік деректер келтіре отырып анықтап береді. Тұл қара ат, тұл қазан ат фразеологизмдері отличный, выдающийся скакун екендігін аңғартады.

Ал түйе малына қатысты этнонимдер қатарын көптеген тіркестермен фразелогиялық орамдармен, тілдік деректермен зерттейді. Мысалы, жампоз сөзінің шығу тарихына шолу жасап көрейік. Жампоз нар мен айыр түйенің будандасуынан туған асыл тұқымды түйе. Ауыспалы мағынада жігіттің төресі, алғыр, өткір, пысық дегенді білдіреді. Жампоз, жанпоз, жамбоз сияқты дыбыстық өзгеріске ұшыраған варианттары бар. «Жампоз» композитасының морфологиялық құрылымына талдау жасау арқылы иран тіліндегі жам мен түріктік поз, боз деп екі бөлек сөзге мүшелеуге болатындығын айтады. Жам бөлігі иран тілінде феодалдарға берілген титул, атақ, даңқ мағынасын береді, тағы бір мағынысы тек, тұқым дегенді білдірген екен. Сонымен «жампоз» композитасы асыл, тек, асылзада, бекзада сияқты мазмұнда сипаттауға болады. Бозбала, бозжігіт атауларында боз лексемасы текті, тұқымды білдірсе керек. Ғалымның бұл талдаулары концептуалды тұрғыдан бір тілдік код аясында ғана емес, барлық семалар қатарын байланыстыра зерттейтіндігін көреміз. Бұл этимологиялық талдаулар әдеби, мәдени, фольклористика, тарихи семаларды кеңінен аша түседі.

Ғалымның көркем прозаға ден қойып, қазақ тілінің стилистикасына басымдық берген екі шығармасын атап өтпесек болмас. Ол кісінің қаламынан туған «Қазақ прозасының тілі» (1968), «Абай жолы» эпопеясының тілі» (1976) атты жеке монографиялар, авторларының бірі болған «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968), «Қазақ тілінің стилистикасы» (1974) еңбектері қазақ тіл біліміндегі стилистика ғылымының енді қалыптасып келе жатқан шағында таптырмас еңбек болып саналды. Үш рет басылып, қайта өңделіп жарық көрген еңбектің лексикалық стилистикасын жазып шықты.

Е.Жанпейісовтің «Қазақ грамматикасы» (2002) атты үлкен академиялық деңгейде жазылған еңбектің бастауында тұрды. Қазақ тілінің төрт саласын және сөзжасам қосымшаларын түгел қамтитын еңбектің жарыққа шығуына қажырлы еңбек етті. Көз майын тауысып, әр сөзінен қате кетпесін деп мұқият қарап, үлкен ыждаһаттылықпен, жауапкершілікпен бірнеше мәрте оқып шықты. Сөзжасам саласының дербес сала ретінде танылуы «Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» (1989) атты еңбекпен тығыз байланысты. Профессор Е.Жанпейісов осы еңбекте қандай да бір тілдік құбылысты стилдік өңіне  қарай талғап қолдану қажеттігін, қай тілде де қандай бір сөз болмасын, ол өзінің табиғаты, жалпы қолданылу ерекшелігі жөнінен көбінесе белгілі, бір ғана стильге бейімдірек тұратындығын  тұжырымдап берді, сөз болатын сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тізбек сияқты терминдерді ғылыми айналымға енгізген авторлардың бірі болды. 

2005 жылдардың басында Тіл білімі институтының Грамматика бөлімінде «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» атты іргелі зерттеудің басы-қасында болып, енді ғана ғылыми айналымға еніп жатқан «үшоқтың (триада)» теориясының (семантикалық категория, қызметтік (функционалды-сематикалық өріс, категориялық жағдаят) хронологиялық ретін сипаттап береді. Осы саланың бастау ұғымдарына арнап Профессор «Қызметтік грамматиканың бастау ұғымдары» атты мақаласының өзі бір диссертациялық жұмысқа арқау болар бірегей еңбек деп айтып кетуге болады. Тың саланың теориялық ұстанымдары мен ғылыми негізін қалап жатқан тұста, жаңа бағыттағы тың саланың теориялық ұғымдарын түсіну қиын болып жатқанда Ербол ағайдың осы еңбегі үлкен көмек болды. Ғалым әрдайым шәкіртеріне: «Мысалыңды көбейт, әсіресе, М.Әуезовтің шығармаларынан мысал жина, жинаған материалың көп болған сайын жұмысыңның теориялық базасы жақсылап қаланады», – деп кеңес беріп отыратын. Қазіргі таңда тіл білімінің осы саласы бойынша қалың екі томдық ұжымдық монография жарық көрді. Бұл еңбектердің жарық көруінде, бастауында Ербол Жанпейісов тұрды.

Ғалымның 2018 жылы жарық көрген «Қазақ ескіліктері» атты еңбегінде түркі тілдерінің материалдары арқылы этномәдени құндылықтарды оның ішінде заттық мәдениет сипатындағы идиоэтникалық бірліктердің құрылымдық-семантикалық табиғаты мен этимологиясын ашады. Этнолингвистика саласынының табиғатын тереңінен зерттей білген түркі әлеміне еркін бойлай білген ғалым осы кітабында ұлт, этнос, тіл мен мәдениетті бір-бірінен ажырамас нәзік дүние екендігін баса айтты. Тек қазақ тілінің ғана емес қазіргі түркологияның үлкен жетістігі болып табылады. Ғалым бұл кітабында белгілі бір сөздің астарын, шығу тарихан, этимологиясын жан-жақты сөздіктерден іздеді.

Ғалым ең алдымен баскиім үлгілерінің оның ішінде сәукеле атауының идиоэтникалық және құрылымдық көп аспектісін қарастырудан бастайды. Көшпенділер өркениетінде ғажайып өнер туындысы саналатын бұл баскиім – бір бүтін символдар жүйесі, әлемнің кіші моделі. Қазақтың киім киіс әдебінде сәукеленің алатын орны ерекше. Адам денесінің бас жағын жауып тұрған жамылғы қатарына, ұзатылып бара жатқан қыздың баскиімі қатарына жатқызған, сонымен қатар қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының, мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік. Ғалым «Қазақ ескіліктері» атты еңбегінде сәукелені бір бүтін символдар жүйесі, әлемнің кіші моделі ретінде көрсетіп, тарқатып түсіндіріп береді. Яғни, символдық бейнесін үш бөлікке бөліп, әр бөліктің атқарар қызметін, этимологиясын, өзіндік мәдени болмысын ашып береді. «Сәукеленің төбесіне қадалатын үкі шоғы үкі киелі құсының қауырсындары саналады. Ал бұл құс аспан символы яғни аспан әлемінің символы болып саналады. Ал сыртқы әсемдігін білдіретін алтын, күміс әшекейлер, екі жағындағы жалпақ лентасы сияқты бөліктері ортаңғы жер үсті әлемінің символдық көрінісі болып табылады», - дейді. Осы жерде тағы бір назар аударатын нәрсе, сәукелені безендіруге пайдаланылатын әшекей бұйымдардың, оның ішінде бетмоншақ композитасының өзі белгілі бір символға түзілгендігін атап көрсеткен жөн.

Бетмоншақ – сәукеленің екі жағына салбырата бірнеше қатар ілініп тұратын моншақ. Ғалым бетмоншақтың бір қарағанда жамылғының рөлін атқарып тұр, ал екінші бір қызметі, оның символдығында екендігін айтады. «Символдығы өз кезегінде моншақтың түсінде, яғни ақтығында жатыр. Ақ түс қыз баланың пәктігіне тұспал». Яғни толық сәукеленің өзі белгілі бір символдық жүйе қатарын құрайтындығын бірі білсе бірі білмес. Ағайдың бұл кітабы, өкінішке қарай, аяқталмай қалды деп айтуға болмас. Ғалымның ғұмыры ұзағырақ болғанда бұл еңбек ары қарай толықтырыла түсер еді. Дегенмен бұл кітаптың өзі монографияға тән құрылымнан асып кетеді. Бір сөздің астарын, шығу тарихын, этимологиясын жан-жақты сөздіктерден іздейді. Ағай тек қана этнолингвист қана емес, сонымен қатар түрколог, онимдер мен топонимдерді, оронимдерді жеке сала ретінде қарастырмаса да, терең түсінік беріп отырған ономаст ғалым. Оның дәлелі бір ғана мысал Ұлытау оронимі мен Алатау сөздеріндегі ұлы мен ала бөліктері  сөздерін бір-біріне тіреле, ұласты көп тау тізбесі мағыналарын береді дейді. Ұлытау «великая гора» емес, Алатау «пестрая гора» ғана емес, яғни бұл сөздердің алдыңғы ұлы, ала бөліктері тек алалықты, ұлылықты ғана білдірмейді, ғалым сонымен қатар қазақтың ұлан ғайыр байтақ дала төсінде «қаздай тізіліп ұзын салқар керуенді елестететіндей» ұғым қалдыратындығын айтады. Бір-бірімен тізбектеліп, тіреле, үзілместен өзара ұштасты, ұласты көп тау тізбесі мағынасын білдіретін формалар  деп сипаттауға болатындығын алға тартады.

Келешекте «Ғалымның хаты өлмейді» деген қиғиданы берік ұстана отырып, шәкірттік парызымыз деп санап әрі қазақ ғылымының алдындағы борышымыз деп шыншылдықты жаны сүйетін, ғылымда еш бүкпесіз турасын айтатын Ербол ағайдың жазып қалдырған мұрасын шашпай тізбектеп, ғылыми айналымға түсіріп, кез келген оқырманға қолжетімді болу үшін электронды нұсқасын дайындау жұмыстары мен насихаттау істерін жүргізетін боламыз.

***

"Кімде-кім қазіргі уақытта өзінің ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. Өйткені мұндай адам өзінің өзінің ой өрісі, рухани сапасы жағынан бір жақты болып қалады... жақсы қазақ болмай жақсы орыс та бола алмайсың. Әуелі жақсы азамат болып, өз ортаңа, халқыңа адамшылық танытсаң, өзге елдің адамы болып та жарытпайсың. Барлық рухани байлық атаулы қай халықта да оның тілінен бастау алады", - деген Е.Жанпейісовтің сөзі ғұмырындағы бүкіл еңбегінің бір ауыз түйіні деуге болады. 

Қ. Слямбек