Туған өлке жыршысы

Туған өлке жыршысы

Ғылым тарихын терең білмей, оның бүгінгі жай-күйі туралы ғылыми ой-пікірін болмаса, ұстаз да бола алмайсың. Қалың қауым алдына шығып ұлағат сөз айту үшін де мол білім, қабілет керек. Кітап құмар қауым ғалым еңбектерінен тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алады, ұстаз тұтады.

Қарақты көз бен айшықты сөз иесі-жазушы еңбегі де осындай. Оның шығармаларының көркемдік-эстетикалық күш-қуаты мен тәлімдік үлгілері оқушысын үнемі сезінуге баулиды, адамгершілікке, білімділікке, кішіпейілділікке үйретеді. Міне, осындай жазушылық жүкті көтере білген, сөз өнерінің, ана тілінің құдіретін қалам куатымен танытқан Маңғыстау өңірдің төл перзенті, көрнекті жазушы, журналист, публицист – Маршал Әбдіхалықов болатын.

М.Әбдіхалықов 1936 жылы Маңғыстау облысының Форт-Шевченко (бұрынғы Қарашекпен) қаласында дүниеге келген. 1953 жылы туған жеріндегі орта мектепті үздік аяқтап, одан әрі қазақтың әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетін 1959 жылы бітіріп шығады. 1959-1963 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы қазақ орта мектебінде қазақ әдебиеті пәнінің оқутышысы, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. Содан кейін аудандық газеттің жауапты хатшысы, Т.Шевченко мемориалдық мұражайының директоры болады. Сонда жүріп елі мен жерінің шежіресін жаза бастайды.

1964 жылы қазіргі «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетіне қызметке шақырылады. Бұдан соң «Қазақстан әйелдері» журналында, «Қазақфильм» киностудиясында қызметтерде болып, өмірінің соңғы кезінде «Жұлдыз» журналында істейді. Ердің жасы елудің үстінде Маршал Әміржанұлы бақилық болады. Бірақ артында дені өзінің туған өлкесінің сыр-шежіресін паш еткен мол әдеби мұрасы қалды.

М.Әбдіхалықовтың тырнақалды туындысы 1955 жылы қазіргі «Жұлдыз» (ол кезде «Әдебиет» және «Искусство») журналында жарияланған «Нәрсіз гүл» әңгімесі болатын. Бұдан әрі «Алданыш», «Звено намысы», «Күй құдіреті», «Би», «Бізде дәрігер қыз болды» т.б. әңгіме-новеллалары жалғасып кете береді. Автордың алғашқы әңгімелеріне белгілі сыншылар, жазушылар Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Айқын Нұрқатовтар өз мақалаларында автордың талантын, өзіндік ой барын танып, бағыт-бағдар айтқан.

Алпысыншы жылдардың орта тұсында «Желаяқ бала», «Отыз мыңыншы», «Ленин тапсырмасы», «Маңғыстау хикаялары» деген очерк кітаптары, хикаяттарымен оқырман назарын аударады. Әр жазушының өзіндік бір етене тақырыбы болады десек, автор үшін басты тақырып – туған өлкесі, өзінің кіндік кесіп,кір жуған киелі мекені Маңғыстау еді.

Өзінің саналы ғұмырында осы өңірдің жылт еткен жаңалығын, жақсылығын барша оқырманға таныстыруды өмірлік мұратына айналдырған екен. Оның туындыларының басты ерекшелігі – деректілігінде деуге болады. Мысалы, «Отыз мыңыншы» (1965 жылы) атты тарихи-революциялық тақырыптағы көркем хикаяты бір кездегі Шевченко аудандық партия комитетінің хатшысы, партия шақыруымен отызмыңыншылар қатарында артта қалған борышты колхозға өз еркімен барып, оны миллионер шаруашылыққа көтерген Өмірзақ Нұрбаев туралы болса, «Ленин тапсырмасы» хикаяты В.Ильичтің тапсырмасымен

1918 жылы Маңғыстау арқылы өткен комиссар Ә.Жанкелдин басқарған интернационалдық отрядтың шөлейт далада 110 күнге созылған жорығы дерекке негізделген еді. Бұл хикаят кейін орыс, украин тілдеріне аударылады.

Мұндағы тіл шұрайлылығы, көркемдік кестесі өзге де ұлт өкілдері оқырмандарын өзіне тартып, жазушыны үлкен бедел биігіне шығарады. Әліби Жанкелдин бейнесін поэзияда алғашқы сомдаған қадірлі ақынымыз Қ.Бекхожин («Дала комиссары» поэмасы) екені белгілі. Ал Ә.Жанкелдиннің интернационалдық сапары жайлы прозада тұңғыш қалам тартқан

М.Әбдіхалықов екенін бұл күнде екінін бірі біле бермейді. Кейіннен «Қазақфильм» киностудиясында Ә.Жанкелдин тақырыбына қайта оралып, «Мың шақырым жол» көркем суретті фильмнің сценарийін жазады. «Желаяқ бала» хикаяты КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО чемпионы, Токио олимпиадасының жеңімпазы жерлесіміз Ә.Тұяқов турасында болатын. Бұл шығармада ауыл баласының спорттық үлкен мәртебеге көтерілуі көркемдікпен бейнеленген.

Балаларға тәрбие берудің негізгі бір саласы – дене тәрбиесі; яғни физкультура мен спорт. Жас буынға спортты насихаттауда көркем әдебиеттің орны ерекше. Ерінбей еңбектенген адамның әрқашан да көздеген мақсатына жететінін, арманына жету үшін қиындықтан қашпау керектігін автор Әмин бейнесі арқылы көрсетеді. Балаларға лайық тартымды тілмен жазылған, ең бастысы – оқушыға ой саларлық туынды.

Бұрынғы шөл дала, қуаң түбек туған жері – Маңғыстаудың үлкен өндіріс аймағы, мұнай мен газ аймағына айналып, ғаламат өзгерістер өңірі болғандығы жазушының «Маңғыстау хикаялары», «Мұнайшылар қаласы», «Алыстағы Маңғыстауда» шығармаларында сөз болады. Автордың 1971 жылы жарық көрген «Алыстағы Маңғыстауда» атты хикаяты түбектің мұнай барлаушылары хақында жазылған алғашқы көркем шығарма. Көлемі 6 баспа табақтай хикаятта кейіпкерлер көп емес, небары төртеу ғана. Ауыл ақсақалы Қарасай, оның жұбайы бір сыншы жазғандай «сөйлемейтін, бірақ жанға жағымды, үнсіз» кемпір Балбөпе, оның баласы, мұнай бұрғышы Сұлтанбек, келіні Қазынаш. Бұл төрт кейіпкердің де басты ерекшелігі олардың ешқайсысын да бірыңғай жағымды не жағымсыз кейіпкер деп айқындап, ажыратып айта алмайсың.

Бүгінгі күн талабымен қарағанда, төртеуінде де кемшілік болғанмен, адамгершілік тұрғысынан биік тұлғалар. Өмірдің өзіндей шыншыл, психологиялық жағынан нанымды кейіпкерлер. Өз кейіпкерлеріне бұлайша сендіре білу – жазушы үшін басты шарт.

Жетпісінші жылдары автордың 2 романы жарық көрді. Біріншісі – «Қара тасқын» (1975 жыл) романы, оған жалғас «Жердің асты жеті қат» (1978 жылы).

Бұл шығармалардағы ортақ мәселе – оқиға мерзімі жағынан бір-бірен жалғас әрі Маңғыстау мұнай байлығының игеріле бастауына арналған романның оқиғасы Қызыладыр байлығының қолға алынып, қара тасқын-мұнай байлығының ел игілігіне жұмсала бастауы.

Өндіріс орнының салынуы жөніндегі өндірістік тақырыптағы шығармалар болғанымен, жазушы қыр қазағының қала адамы, жұмысшыға айналуы жайында қалам тербеп, әлеуметтік, психологиялық өзгерістерді көрсетуге тырысады. Бұл – халқымыз тарихындағы үлкен процесс. Жалпы 2 романның негізгі арқауы – өндіріс басшылары арасындағы тартыс. «Қара тасқында» ол Досан мен Қонысбай, ал «Жердің асты жеті қат» романында Иса мен Үсебаев арасындағы қақтығыстар өмір шындығынан туындап жатады.

Романдағы тағы бір мәселе – ешқандай өндіріс-тірлік болмаған соң, туған даласын тастап, төңіректегі кәсіпшіліктерге тарап кеткен елдің қайта оралып, бас қосуы. Азамат қайда болса да, туған жеріне қайтып оралады.

Гурьевтің (қазіргі Атырау қаласы) М.Өтемісұлы атындағы драма театрында қойылған «Асыл жандар» пьесасы да М.Әбдіхалықовтың осы мұнайшылар өмірінен алынған шығармасы. Мұндағы басты кейіпкер – Қасым мен оның баласы арасындағы тартыс бүгінгі тіршілігімізге көзқарастық тартысы деуге болады. Қасым өз ісіне адал, турашыл жұмысшы, ал баласы өмірде қалыптасқан тура жол жоқ деп ойлайды. Пьесаның басты мұраты – Қасым сияқты асыл, адал жандарды дәріптеу, тағдыр соққысына ұшырағанымен, негізгі адал Роза сияқты жандардың ар тазалығын мадақтау.

Маңғыстау тақырыбына одан әрі тереңдей берген жазушының 1981 жылы «Жұлдыз» журналында «Сүйінқара» атты романы жарияланды. Бұл роман өткен ғасырдың бірінші жартысындағы тарихи оқиғаға, Маңғыстау үшін Ресей мен Хиуа хандығы арасындағы күреске арналады.

Романның басты кейіпкерлерінің бірі – атақты орыс ғалымы Григорий Сильеч Карелин. Сол кездегі ел басшысы Сүйінқара Үргешбаев Хиуа хандығының езгісін көріп, жиреніп, прогрессивті Ресей жағына біржола шығады. Бірақ бұл жол оңай болған жоқ. Талай айтыс,тартыстар болды. Мая сияқты ел билеушілері 2 тарапты саясат ұстанады.Хиуа ханның тікелей нұсқауымен бейбіт жатқан Сүйінқара ауылы шапқыншылыққа ұшырайды.

Романда қатар жатқан қазақ-түркімен елдерінің ежелгі достық қарым-қатынасы жақсы көрсетілген. Бұл жас жігіт Өмірзақ пен оның жұбайы түрікпен қызы Гүлшенің бейнелері арқылы көркемдік шешім табады. М.Әбдіхалықов осы тақырыпта Маңғыстаудың Ресейге қосылу тарихы жөнінде бірсыпыра зерттеу мақала, очерктер жазған. Тобанияз Әлниязұлы, Қылыш Нәдірбаев, Нұрсұлтан Оңғалбаев, Сыдық Жұбаев сынды сол кезеңдегі өлке қайраткерлерінің бейнесін танытқан зерттеу еңбектері құнды дүниелері болып табылады.

М.Әбдіхалықовтың тағы бір шығармашылық таланты – оның журналистігі. Уақыт талабына, заман ағынына дер кезінде үн қосып, көкейтесті мәселелерді еңбек адамдары мен бірлесе шешуге ұмтылатын жүрдек қалам иесі. «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде қызмет істеп жүрген жылдарында алуан тақырыпта үзбей жарияланып тұрған очерк, суреттемелерінен өзге, Маңғыстаудың алғашқы фонтанынан бастап, күні кешегі Бозашы мұнайына дейінгі аралықтық қай қай сәтін де тап басып қамти алған.

М.Әбдіхалықов – жақсы аудармашы. Ол әуелде Альберто Моравионың, Анна Зегерстің әңгімелерін аударса, кейіннен «Қазақфильм» киностудиясында редактор болып істей жүріп, елуге жуық фильмді казақшалауға қатысқан. Басты тақырыбы – Маңғыстаудан айнымаған, елім деп елжіреген жомарт жүректі, абзал азаматтың еңбегі, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Қазақстан

Республикасының Құрмет грамотасымен наградталған. Бүгінде Форт-Шевченко қаласының бір көшесі, Ақшұқыр елді мекеніндегі орта мектепке М.Әбдіхалықов есімі беріліп, ердің атын елі қастерлеп, жас ұрпақ, бүгінгі буын шығармаларынан рухани нәр алуда.

 Отарова А.Н.

Қ. Слямбек