"Көрұғлыны" ұрпақпен табыстырған саңлақ жыршы

"Көрұғлыны" ұрпақпен табыстырған саңлақ жыршы
Фото: ernur.kz

Жыршылық – ауыз әдебиетінің асыл мұрасы. Жыршылардың асқан өнері арқылы халқымыздың баға жетпес асыл мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Қай дәуірде болсын жыршылық дәстүрді сақтап, оны ілгері қарай апарушы атақты жыршы-жыраулардың қатары молая түсуде.

Олар Мұрын Сеңгірбаев, Аиса Байтабынова, Нұрпейіс Байғанин, Жамбыл Жабаев, Қашқынбай Қазиев т.б. Жыршының тұлғасы да сөз өнерінің өзге өкілдері сияқты ертеден келе жатқан дастан эпосты жаттап таратушылар ғана емес, оны белгілі дәрежеде дамытушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші.

Жыршылық өнердің құты дарыған өлкенің бірі – Сыр бойы. Сонау ұлы Қорқыт бабадан бастау алып, Тұрмағамбет, Жиенбай, Көмекей сияқты жыраулар мен жалғасын тауып жатқан Сыр өңірінің жыршылық тарихы тереңде жатыр. Сондай жыршылардың қатарында Сыр бойының белгілі жыршы ақыны болған Рахмет Мәзқожаев есімі де аталады. Жазушы М.Әуезовтың өзі Рахмет жырауды 1958 жылы Алматыға шақырып, оның түннен-түнге ұрып жырлайтын дастандарын "Көрұғлы", "Шахзада", "Шахнама", "Фархад-Шырын", "Жейбанинама", т.б. көптеген жырларды жазып алған. Жыршы бұл жырларды XIX ғасырдың басында өмір сүрген әйгілі Нақыпұлы Барат жыраудан, ол қарақалпақ жырауы Сейілден үйренген. Рахмет жыршының елге таратқан жырларының ішіндегі ең көлемдісі – "Көрұғлы" жыры.

Жырдың жалпы көлемі 4465 жолдан тұрады. Толық нұсқасы жыршының өз аузынан жазып алынған. Жырды жыршы домбыраға қосылып, Сырдың мақамына салып жырлаған. Сөйтіп Рахмет Мәзқожаевтан "Көрұғлы" жырының бес салаға бөліп жырлаған нұсқасы жазылып алынады. Р.Мәзқожаев жырлаған "Көрұғлының" төрт саласы Қазақ Ғылым Академиясынын М.О.Әуезов атындағы "Әдебиет және өнер" институты дайындап, жазушы баспасы шығарған "Көрұғлы" жинағында жарияланды. Бұл дастанды (эпосты) Рахмет жыршы бес салаға (дастанға) бөліп жырлаған. Саланың әрқайсысы әр ұрпақтың тарихын баяндайды.

Өлеңнің өлшемі жыр, қара өлең және 16 буынды түркі өлеңі үлгісімен берілген.

"Көрұғлы" жырының соңғы саласын жыршы былай аяқтайды:

Жер жүзіне жайылған

Сегіз арыс сейілхан.

Түркімен елдің батыры

Өзінен перзент болмапты

Тумапты пері қыздары.

Жүз жиырма жыл жасап,

Дүниеден өткен ақыры

Айтыпты жырау Рахмет.

Мәзқожа қарттың баласы.

Халықтың шайыр ақыны.

Бұл салаларды жыршы домбыраға қосылып үш түрлі әуенмен жырлаған. Рахмет жыршы жырлаған "Көрұғлы сұлтанның Ғауазханды алған сапары» деп аталады. Жырды Р.Мәзқожаев 1962 жылы жатқа түсірген, бұл жырдың 1885-1915 жылдар арасында қазан баспасынан 9 рет басылып шыққаны белгілі. Жыршы тек біраз сөздерін өзінше қазақшалаған. "Көрұғлы" жырының Рахмет жыршы жырлаған нұсқасында Көрұғлының ерліктері көбірек сипатталады. Басқа нұсқаларда (мысалы "Қисса Көрұғлы" 1910 жылы Есенжолов Ерғали түсіндірген) Көрұғлының ерлік, қайрат көрсеткеннен гөрі аң аулап, серуен құрып, пері қыздарымен жүргені көбірек айтылған.

Сондықтан Рахмет жыршы жырлаған нұсқаларының тәрбиелік мәні зор, әрі сыр өңіріндегі дәстүрлі жыршылық өнерді дамытуға да қосар үлесі мол.

Жыршы бүкіл түркі әлеміне ортақ жырлармен қатар, халық ауыз әдебиетінің басқа да жыр үлгілерін таратушы болған. Атап айтсақ, "Қамбар батыр", "Мұңлық-Зарлық", "Қыз Жібек", "Қобынды батыр", т.б.

Рахмет жыршы әрбір дастанды, жырды, термені өз әнімен, өз мақамымен және соншалық шеберлікпен тыңдаушыға жағымды етіп жырлаған. Сөйтіп, жыршы халық қазынасы – түркі әдебиетіне ортақ жырларды және ауыз әдебиетін насихаттауда сыр өңіріндегі жыршылық өнердің қалыптасуына сүбелі үлес қосты.

Жыршы жыр – дастандарды жырлап ғана қоймай, өзінің ақындығымен де, жыршылығымен де мол әдеби, мәдени мұра қалдырды. Рахмет жыршының есімі қазақ әдебиеті мен жыршылық өнерді құрметтеген халықпен бірге жасайды.

Қ. Слямбек