Қазақ әндерін зерттеген венгр этнографы

Қазақ әндерін зерттеген венгр этнографы
Фото: egemen.kz

Қазақ өнері мен фольклорын зерттеген шетел ғалымдары аз емес. Әсіресе, түп төркінін зерттеуге зор ықылас танытып жүрген венгр ғалымдары қазақ халқын зерттеуге құштар. Солардың бірі – Янош Сипош (Шипош).

Янош Сипош – қазақ әндерін зерттеген венгр этнографы. 2001 жылы "Kazakh Folksongs. From the two ends of the steppe" кітабын жазған. Кітап Будапешт қаласында жарық көрген.

Ғалымның бұл көлемді де бағалы еңбегінің құндылығы сонда – ол бүгінгі заманымыздың музыкалық ғылымының фольклорға бет бұрып, түбегейлі зерттеулер жасау тұсында маңызы жоғары жұмыстардың бірі болып табылады.

Ол "Kazakh Folksongs. From the two ends of the steppe" еңбегін жазу барысында Қазақстанның Маңғыстау аймағы мен Моңғолия қазақтары (Баян Өлгий, Налайһ) өңірлерінде 1995 жылы этнографиялық экспедиция жасаған. Бұл өлкелерден қазақтың әндері мен термелерін жинақтап, зерттеу жүргізіп, еңбекте екі өлкенің әндеріне салыстырмалы теориялық талдау жасаған.  Сонымен қатар, 1997 жылы Түркіменстанның солтүстігінде, Каспий маңы мен Арал жерінің арасында зерттеу сапарларында болып, айтарлықтай материалдар жинақтаған. Кітап соңындағы әндердің мәтіндері мен нота жазбалары, фольклорлық орындаудағы ән, термелердің альбомы (CD) ұсынылуын ерекше бағалауға болады.

Сол жақта тұрған - Янош Сипош

Түрік халықтарының музыкасын жан-жақты зерттеп жүрген Я.Сипош бұл зерттеме обьектісін терең игеру үшін Түркия елінде біраз уақыт болып, түрік тілін жетік меңгерген, ол қазақ тіліндегі өлең жолдарын түрік тілінде транскрипциялап және ол өлеңдердің мазмұнын ағылшын тілінде түпнұсқадан алшақтамай жеткізе алған.

Еңбек алғысөзінде автор оқырманға "венгер этномузыкологы қазақ даласында не істеп жүр? " деген сұрақ қойып, соған жауап беруден бастайды. Зерттеуші бұл ғылыми іске кірісу жалпы түркі халықтарының тілдерін салыстыра талдау жасаған кезден басталады дейді.  

Автор қазақ музыка фольклорын түркітілдес халықтардың музыка мәдениетінің бір құрамды бөлшегі ретінде қарап, олардың ұқсастығы мен негізінің бір арнаға құйылатынына назар аудартады. Ғалымды зерттеу жұмысы кезінде "белгілі бір түркі халқы мен венгер музыкалық фольклор қабатының арасында байланыс бар ма, егер бар болса ол қалай анықталады?" деген сұрақтар толғандырады. Осы сұрақтарға жауап алу үшін фольклорист қазақ өнерін зерттеуді мақсат етіпті.

Алдымен кіріспе ретінде зерттеу нысаны болған аймақтардын тарихы мен Қазақстан тарихының еңбекке қатысты өте маңызды деген тұстарынан ("Қазақ" және "Маңғыстау" сөздерінің этимологиясы, Үш жүздің қалыптасуы, Қазақ хандығы, т.б.) мағлұмат беріп, екі жақтағы елдің (Маңғыстау мен Налайһ) фольклорлық музыкасына шолу жасайды. Іс-сапарыңда өзі аралаған жерлердегі куә болған қазақы салт-дәстүрдің бүгінгі тынысын, оның дәстүрдегі сақталу сипатын суреттейді.

Ішінара венгер халқының және басқа жерлерде орналасқан түрік этностарының музыкалық стильдеріңдегі ұқсастықтар мен байланыстарымен қатар аталмыш кітабында Маңғыстау аймағы мен Моңғолия қазақтарының ән жанрына музыкалық-теориялық талдауға жекелеген тараулар арналып, әр бөлімде әндер мен термелер нақты жүйеленген.

Екі өлкенің әндерінің басты музыкалық ерекшеліктерін, әуендік қозғалыстарын, түрлерін, формасын, каденцияларын салыстырып қорытындылар жасайды. Нәтижесінде батысқазақстандық фольклор әуендеріндегі чуваш, татар, башқұрт халықтарымен ұқсастықтарды келтіреді. Мысалы, қысқаша тоқтай кетсек, "бұл халықтардың әндері кең диапазонды және лад жүйесі жағынан ұқсас, музыка шығармаларының формасы қарапайым болып келеді" дейді.

Венгер халқының мақтанышы, әлемдік музыка тарихында әйгілі композитор, музыка зерттеушісі Бела Барток: "Венгер музыкасына тән немесе онымен ортақ сипатты түсіну үшін көрші отырған елдердің, этникалық топтардың дәстүрлерін біліп, оларды салыстыру арқылы ғана толыққанды тұжырым жасауға болады" деген екен.

Б.Бартоктың (сонымен қатар, венгер халқының әлемге танымал фольклорисі әрі музыка зерттеушісі З.Кодай мен өткен ғасыр этиографы, екі елге де ортақ мәдениетташушы Иштван Қоңырдың) бүгінгі замандағы ізбасарларының бірі Янош Сипош оның айтқан ғылыми тұжырымынан бағыт алып, мұндай күрделі мәселеге кең ауқымда қарайды. Соңғы жылдарда жарық көрген осындай "Kazakh folksongs. From the two ends ofthe steppe" сияқты ғылыми зерттеулер соның айғағы деуге болады.

Янош Сипоштын зерттеген бұл еңбегі Қазақстан фольклорист-музыкатанушыларыпың қызығушылығын танытуда. Түріктілдес халықтардың музыкасын жетік білетін шетелдік маман әріптесіміздің, халқымыздың музыка мәдениетіне үлкен құрметпен қарап, көңілін бөлуі бізді қуантады. Бұл кітап қос халықтың бауырмалдығын, қандастығын және руханиятын ортақтығын тағы бір айғағы ретінде зор ықыласпен бағаланады.

Бақыт Тұрмағамбетованың "Ұлттық өнер – өміршең қазына" кітабынан

Қ. Слямбек