Аудармашы - жауапкершілігі зор, жүгі ауыр мамандық

Аудармашы - жауапкершілігі зор, жүгі ауыр мамандық
Фото: www.alem-edu.kz

30 қыркүйек – Халықаралық аудармашылар күні. Бұл кәсіби мерекені 1991 жылы Халықаралық аудармашылар федерациясы (FIT) ресми түрде бекіткен екен. Қазір танымал мерекелердің біріне айналды. Өйткені халықаралық қатынас пен мәдени, саяси және технологиялық байланыс артқан дәуірде аудармашылардың кәсібі елеусіз қалуы мүмкін емес.

Аудармашы – сөзді аудара отырып, басқа елдің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін айна-қатесіз жеткізетін жандар. Мәдениет тасымалдаушылар десек те болады. Жауапкершілігі зор, жүгі ауыр. Жоғары білім мен зияткерлікті қажет етеді.

Аударма саласында жүрген мамандардан бұл саланың несімен ұнайтынын әрі қазіргі таңда қандай өзгерістер болып жатқанын біліп көрмек мақсатта пікірін сұраған едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

1. Аудармашылық Сізге несімен ұнайды? Жұмысыңыздан қандай ләззат аласыз?

2. Қазір аударма саласында қандай өзгеріс болып жатыр? Қазақстандағы аударма саласы қалай дамып жатыр? Жалпы қазіргі аудармашылық саланың бағыт-бағдары жайлы айта кетсеңіз...

Бану Дәулетбаева, Ұлттық аударма бюросында әдеби және жауапты редактор, Mazmundama жобасында аудармашы әрі редактор

1. Аудармашылық – өзінше бір институт, зерттеу жұмысы. Аудармадан үнемі білім аласың. Оқып-білгеніңді зерттейсің. Жаңа нәрсемен танысасың. Ең қызығы – сол үшін ақы аласың. Ел-жұрт білім іздеп, оқығаны үшін ақы төлеп жатса, аудармашынікі керісінше. Пайдалыны өзіңе ұнаған нәрсемен байланыстырасың (орысша айтқанда "приятное с полезным").

2. Елімізде қазақ тіліне аудару бұрыннан жақсы қалыптасқан. Алдыңғы аға буын өкілдері бұл жағынан көп жұмыс істеп кетті. Қазір қарқынды дамып жатыр. Шетел әдебиетін қазақ тіліне тәржімалау бойынша үлкен жобалар іске асты. Шетел әдебиетінің қазақшасын табу оңай.

Бірақ қазақ тілінен шет тіліне аударудың ақсап тұрғаны рас. Оның орнын толтыруда Ұлттық аударма бюросының еңбегі көп болғанын айтпасқа болмас. Бет алысы жаман емес, көңілден шығады.

Қазір Мазмұндама қоғамдық қорында жұмыс істеймін. "Қазақша 100 бестселлер" атты сериялы жобаны бастап, 30-ға жуық кітап шығарып үлгердік. Шетел таласып тұрып оқыған кітаптарды қазақ қоғамы да оқыса деген ниетпен басталған бастама еді. Қазір қазақ тілінің мазмұнын кеңейту үшін жанталасып еңбек етіп жатқан жайымыз бар.  

Ерлан Ысқақов, жас аудармашы, АҚШ-тың Вашингтон университетінің түлегі

1. Аударма (аударманы кәсіп етсеңіз) үнемі ізденісте болуды, оқып-үйренуден жалықпауды, қызметтегі күтпеген жайттарға тап болғанда, сізге сенім артып отырған тараптардың арасында байланыс үзіліп қалмасын, түсіністік болсын деп амалын тауып, "құтылып шығуға" дайын болуды талап етеді. Яғни ой да, тән де сергек болатын қалыпта жүру керек. Жұмыс барысы, нәтижесі сенің біліміңе, тәжірибеңе, дағдыларыңа байланысты: бәріне өзің жауап бересің, бұл салада "бастық" жоқ! Сен бастықсың!

2. Пандемия аударма саласына да әсер етпей қоймады: нарық "тарылғанымен", аударма еш тоқтаған емес. Нарық бейімделді, аудармашылар жаңа онлайн құралдарды меңгерді. Ауызша да, жазбаша да тәржімаға сұраныс көп. Машиналық, компьютерлік аударма жүйелері (ағыл. САТ) жазбаша аудармада бұрыннан бар, Қазақстанда да кеңінен қолданылады. Ал енді ауызша аудармаға келетін болсақ, ZOOM сияқты платформалар осы саладағы мамандардың сенімді серігіне айналды. Аудармашылардың халықаралық федерациясы биылғы Халықаралық аудармашылар күніне орай таңдаған ұран – United in translation (Адамзатты ынтымаққа бастаған аударма). Технология арқасында қашықта отырған адамдар арасында байланыс үзілмеді. Осы үрдіске аудармашылардың қосқан үлесі зор.

Айнаш Қасым, әдеби аудармашы, шығыстанушы, парсы тілінің білгірі

1. Әр істе шеберлікке жету үшін сол салада көп еңбек етіп, тер төгіп, шыңдалу кезеңдерінен өту керек. Мен де бірден осы күйдегі аудармашы бола қалған жоқпын. Оқыдым, тоқыдым, үйрендім, өз қатемнен сабақ алдым. Тіпті, Иранның кейбір классик жазушыларының шығармаларын аудармақ ниетте қолыма алып, тісім батпайтынын көргенде түңіліп, қоя салғым келген кездер болған. Бірақ мұндайда алған беттен қайтпайтын қайсарлық пен табандылық қажет. Бұл осыдан көп жыл бұрынғы жағдай. Қазір ол кезеңнен өткендіктен, оны тек жымиып қана еске алам.

Парсының орта ғасырлардағы классик шайырларының үздік жыр  жазып, әлемдік деңгейде танылған туындылар қалдырғаны белгілі. Кеңес одағы заманынан осы уақытқа дейін қазақ оқырманы Иранның классикалық туындыларының бәрімен демеймін, ішінара делдал – тіл орыс тілі арқылы жасалған аудармамен таныс болды. Сол кездегі Қалижан Бекхожин, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Қуандық Шаңғытбаев, Әбіраш Жәмішев, Мұзаффар Әлімбаев, Сейфолла Оспан және тағы басқа есімдері аталмаған қазақтың мықты аудармашы-ақындарының үлкен еңбегі қазақ әдебиетіне қосылған асыл қазына екенін мойындаймыз. Ғылыми жұмысымда осы аудармашы ақындардың аудармаларын көп пайдаландым.

Жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап Иранның жаңа дәуір әдебиетінде проза жанры қарқынды дамып, басқа тілдерге аударылу арқылы  өз елінің шекарасынан асты.

Сол шығармалар орыс, өзбек, түркімен және еуропалық тілдерге алпыс-жетпіс жыл бұрын, бәлки одан да ертерек  аударылды. Бірақ солардың бірен-сараны ғана қазақ тіліне енді ғана тәржімаланып, оқырмандарға жол тауып жатыр. Мен парсының немесе басқа бір шет елдің барлық шығармасы дерлік қазақ тіліне аударылуы керек деген ойдан мүлде аулақпын. Лайық деген туындыларға мемлекеттік деңгейде немесе Жазушылар одағы тарапынан тапсырыс болса, аудармашының еңбегі бағаланса, нұр үстіне нұр болар еді немесе мен сияқты аудармашы өз көңілінен шыққан шығарманы аударуға, оны өз қаржысына шығаруға бел байлап, отандастарын таныстырам десе, тағы өз еркі. Аударылған шығарманы қабылдау, қабылдамау да оқырманның ықтиярында.

Аудармада біржақтылыққа салынбау керек. Парсыдан аудара алғанда, қазақ тілінен парсы тіліне де аударма жасап, парсытілдес халықтарды да өз әдебиетіміздің құнды шығармаларымен таныстыруды әдеби аудармашының басты міндеті санаймын. Осы бағытта бала кезден сүйіп оқитын, қайталап оқи беруден жалықпайтын Оралхан Бөкейдің әзірше "Қасқыр ұлыған түнде" және "Бес тиын" деген екі әңгімесін, А.С.Пушкиннің "Барышня-крестьянка" повесін орыс тілінен парсы тіліне аударып, Теһрандағы журналдарда жарияладым. Аудармаларыммен танысқан Иранның қазіргі дәуір әдебиетіндегі танымал қаламгерлердің жақсы пікір білдіргенін де мақтанышпен айтамын. 

Адам қай істе кәсіби шеберлікке жетсе, сол істі о бастан сүйгені. Өйткені сүймесе, оған құштар болмаса, шеберлікке жете алмай, орта жолда тастап кетер еді. Сондықтан ұнатқан шығарманы аударып отырғанда, ісім көңілім қалағандай жүзеге асып жатқанда, автордың ойын дұрыс жеткізіп отырғаныма сенімді болғанда, айтсам, асылық болмас, өзімді тек осы іс үшін жаратылғандай сезінетін кездер болады.

Аудармашы автор басынан кешкен жағдайды, оның шығарманы жазу барысындағы жай-күйі мен тебіренісін өн бойынан өткізген жағдайда ғана түпнұсқа туындыға басқа тілде жаңа өмір сыйлайды. Аударманың азын- аулақ кем-кетігі болғанына қарамастан оқырманның көңілінен шықса, аудармашы мақсатына жетті деген сөз.

Елдер мен мәдениеттерді бір-бірімен таныстырып, тіпті табыстыратын қасиеті үшін аударманы жаным сүйеді. Тек жазбаша аударма ғана емес, ауызша аударма жасаған кезде де қос тілдің қыр-сырына терең бойлап, шеберлік деңгейіне жеткен аудармашының өзі кәсіби деңгейде, әм тыңдарман алатын ләззаттың орны бөлек. Оны сыншы сырт көз бірден түсініп, ажыратады. 

Аудармашы әріптестерімді төл мерекесі "Аудармашы" күнімен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін.

2. Еуропа елдерінің тілдерін оқыту еліміздің жоғары оқу орындарында Кеңес одағы заманынан бері жақсы жолға қойылған болатын.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері шет тілдерін, әсіресе шығыс тілдерін білетін мамандарға деген сұраныс артты. Шығыс тілдерін үйрететін факультеттердің ашылуы нәтижесінде араб, парсы, түрік, жапон, қытай, корей тілдерін үйренген мамандардың қатары көбейді. Қазақстандағы көркем аударма саласындағы ең басты өзгерісті бұрынғы кезеңдердегідей басқа тілдерге (орыс, ағылшын) аударылған шығармаларға жалтақтамай, түпнұсқадан (шығыс тілдерінен) тікелей аударататын мамандардың өсіп жетіліп, қалыптасып келе жатқаны дер едім. Егер осы мамандарды ынталандырып, қолдау көрсетсе, олар аудармаға машықтанып, кәсіби деңгейге жетіп, жоғарыда атаған тілдердің халықаралық әдебиет сыйлықтарына лауреат жазушыларының шығармаларын қазақшаға тікелей жасаған аудармадан оқитын едік.

Аударма саласындағы қазіргі басты мақсат ұлттық құндылықтарымыз көрініс тапқан қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармаларды шет тілдерге, әсіресе Шығыс елдерінің тілдеріне аударып, солар арқылы халқымыздың тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап, танытуға бағытталуы керек.

Қ. Слямбек