Әрі ақын, әрі батыр тұлғалар

Әрі ақын, әрі батыр тұлғалар
Фото: ruh.kz

Қазақ халқында батыр да, ақын да аз емес. Осынау ұлан-ғайыр даланы батыр мен ақынның арқасында сақтап қалды. Батыры елдің шетін қорғаса, ақыны елдің мүддесін қорғады. Ата-бабамыз дана, сөзге шешен еді. Батыры ақындығымен, ақындығы батырлығымен көзге түсті.

Ендеше әрі ақын, әрі батыр болған, тарихта жауға шапқан ерлігімен, шаршы топта сөз бастап ақын-шешендігімен жол бастаған тұлғалар жайлы сөз қозғайық. Бұл қатарға қандай тұлғалар жатады екен, соған көз жүгіртейік.

Махамбат батыр

Әрі ақын, әрі батыр тұлғаға айқын мысал – Махамбет Өтемісұлы (804-1846). Махамбеттің поэзиясы қазақ әдебиетінде "азаттық жыры", "жорық жырлары", "азаттық идеясы" деген атпен қалды. Ал оның тарихтағы аты Исатай батырмен қол бастаған жауынгер, 1836-1838 жылдары шаруалардың азаттық көтерілісін ұйымдастырған тұлға ретінде қалды.

Махамбет Өтемісұлы – Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, қазақтың өр рухты ақыны. Жастайынан ақындық өнерге құмартып өскен намысшыл тұлға елде болып жатқан келеңсіз құбылыстарға бей-жай қарамады. Сезімтал болды. Халықты қанау мен әділетсіздікті көзбен көрген ақын жанды Махамбет бұған төзбеді. Халқына әділдік алып беріп, хан мен бай-шонжарлардың, отаршыл үкіметтің бұғауынан босатқысы келді.

Осынау ақындық арманы оны батырлыққа әкелді. Бостандықты, күрескерлікті жырлап жүріп, Исатай батырмен жолықты. Соның қалың қолында сарбаз бастап, шайқастарға қатысты.

Махамбет – халықты патшалық, хандық өкіметке қарсы қарулы кетеріліске шақырған алғашқы қазақ ақыны. Азаттық идеясын Махамбетше жырлаған ақын қазақ даласында кемде-кем. Намысшыл, тегеурінді жыр легі Махамбет талантының қайнар көзі, тың үрдісі.

Ақын өзінің жыр әлемінде хас батырдың, өр мінезді ақынның өлмес бейнесін дүниеге әкелді. Қорғасындай салмақты, сынаптай жүйрік, гауһардай асыл, сарқырама судай арынды сөз байлығына, қуатты сезіміне таңданбау мүмкін емес.

Ақынның тартыс пен егеске толы, найза мен қылыштың құдіреті жүріп тұрған заманда тууы – бұл дүниеге ерлік пен намысты жыр жолдарымен мәңгілікке ескерткіш етіп қалдыруға келгендей.

Махамбет ақынның батырлық тұлғасына 1846 жылы өлтірілуі де бейне бір келбет бергендей. Осы жылы 20 қазанда Ақжайық бойында қанды оқиға болып, Махамбет батыр жантүршігерлікпен өлтіріледі.

Доспамбет жырау

Қазақ әдебиетінде жыраулар поэзиясы атты арнайы арна бар. Қазақ даласында ерекше жанр – жыраулар мектебі қалыптасқан. Жауынгершілік дәуірлерде пайда болған мұндай бард өнер Махамбет ақынға дейін жалғасты. Жыраулардың ерекшелігі де сол – әрі ақын, әрі батыр-тұғын. Төре-сұлтандармен бірге қол бастап, батырлармен бірге шайқасқан, түмен әскерді ертіп жүрген қолбасшы да болды.

Соның тағы бір айқын мысалы – Доспамбет жырау. ХVI ғасырда Азау қаласында дүниеге келген. Ыстамбұл пен Бақшасарай қалаларына дейін барған. Дешті Қыпшақты түгелдей аралаған.

Жыраудың өміртарихына қарасақ, жорық жыршысы бола жүріп, әскери жорықтарға қатысқанын байқаймыз. Сондай жорықтардың бірінде қаза табады. Осман империясының жеріне дейін баруына да осы соғысқа қатысуы себеп.

Оның шығармаларынан ерлік келбет, асқақ рух пен өмірлік мұрат байқалады.

Азаулыда аға болған ерлер көп еді,

Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді. – дейді жырау.

Философ Ғарифолла Есім "алмаға ат байлаған" сөз тіркесінің мәнін былай түсіндіреді. "Сірә, жырау бұл жерде өзінің алысқа сапар шегіп, ел көргенін, жер көргенін метафоралық мәнде баяндаса керек. Демек, Доспамбет жырау ғұмыр кешкен дәуірде "алмаға ат байлау" деген ұғым болған" дейді ғалым. Яғни, Доспамбет жырау елді, жерді көп аралаған, көп көрген. Сондықтан Азаулыда аға болған ерлер көп болғанымен, Доспамбет ердей алмаға ат байлаған ешкімі болмаған. Осыдан-ақ жыраудың шоқтығы биік тұлға болғанын аңғарамыз.

Жиембет жырау

Жиембет жырау – ХVII ғасырда өмір сүрген тұлға. Жиембет Бартоғашұлы өзі би, өзі батыр адам болған. Мемлекеттік істерге араласқан. Қазақ-жоңғар соғысына қатысқан. 1620 жылы қазақ пен жоңғардың арасында болған қанды шайқаста, Ташкент билеушісі Қатаған Тұрсынның бүлігін басуда айрықша көзге түскен.

Сөз өнерін жетік меңгерген арқалы жырау атанған. 16 жасынан бастап хан мен би, батырлардың жанында жүріп, ел билігіне араласа бастайды. Кейін Есім ханның батыры әрі беделді биі атанады. Ханның жауынгер жасағын басқарып, жеңімпаз қолбасшы болады. 1620 жылғы шайқаста жоңғарларға қарсы айқасқа қолбасшы боп аттанған.

Шалкиіз жырау

Жауынгер әрі қазақ поэзиясының көрнекі өкілі. Шалкиіз жыраудың өзі әскери ақсүйек әулетінен шыққан. Өмірінің жарқын жылдары Темір бидің сарайында өткен. Оның кеңесшісі бола жүріп, өз халқына бидің әділдігі мен ақылгөйлігін көрсете білген. Жырау көп ел аралап, Қырым, Солтүстік Кавказ, Дон өзені бойында болған.

Кейін Хақназар ханның кеңесшісі де болған. Шалкиіз шығармаларында ерлік рухқа, асқақ романтикаға толы жырлар да жеткілікті. "Алаштан байтақ озбасы…", "Жапырағы жасыл жаутерек…", "Ер Шобан" дастаны да осыған айқын. Шалкиіздің халық арасына ең көп тараған шығармалары – "Би Темірге айтқаны", "Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқан" толғаулары.

Баубек Бұлқышев

Иә, бұл тұлға жыраулар сияқты ортағасырдың, көшпенді жауынгерлік өмірдің куәгері емес. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыстың өтінде болған, жастай қаза тапқан жазушы әрі ақын. Түсінгеніңіздей, әрі батыр.

1916 жылы Қарағанды облысында дүниеге келді. 1944 жылы 28 жасында қан майданда жүріп қаһармандықпен қаза тапқан.

1940 жылы әскер қатарына шақырылды да, Мәскеуде сапер училищесінде оқиды. Жалынды публицист, ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғады. Украинаны азат етісті.

Баубек көптеген өлеңдер жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады. "Алматы – менің туған қалам" атты бітпей қалған романы және "Айсұлу" деген поэмасы бар.

Бұл қатарға жазушы әрі қаһарман батыр, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы мен Ізғұтты Айтықов, Қасым Қайсенов сынды тұлғаларды да қосуға болады.

Бауыржан Момышұлы

Бауыржан Момышұлы – қазақтың нағыз қаһарман батыры, қазіргі заманның қолбасшысы. Екінші дүниежүзілік соғыста дивизия басқарған екі-ақ қазақ болған екен. Біріншісі – Бауыржан Момышұлы, екіншісі – Әбілқайыр Баймолдин.

Соғыстың айбынды қаһарманы Бауыржан ерлік даңқымен бірге "Мәскеу үшін шайқас" атты келелі роман жазған сөз шебері екені баршаға мәлім. Табиғатында, ереуілді тұлғасында, мінезінде өр ақынға бітер қасиет бар. Баукең майдан тұсында кейбір бұрқанған шақтарында өлең де толғатқан екен.

Халық жазушысы Қалижан Бекхожиннің айтуынша, 1961 жылы 17 желтоқсанда Бауыржанның үйінде сұқбаттасып отырып, орыс тілінде өзі жазған екі өлеңін оқып берген екен. Оны Бекхожин қазақшаға аударып, онысы батырға ұнаған көрінеді. Өлеңдерінің аты – "Соғыста" және "Осылай болғым келеді".

Бауыржан Момышұлы әдеби таланттын айрықша қасиеті жатық жаза білуде ғана емес, ерекше оқиғаларды байқап, мәнді сәттерді көріп, танып дұрыс бағалаған.

Қ. Слямбек