Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні

Бүгін Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың туған күні. Осыған орай Массагет порталы ел президентінің өмірінен деректер ұсынады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1953 жылы 17 мамыр Алматы қаласында өмірге келген. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы.

Әкесі Кемел Тоқайұлы (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қазақ жазушысы болған. Анасы Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдер педагогикалық институтында жұмыс істеген.

Қызметтегі жолы

1970 жылы Қ-Ж. Тоқаев КСРО Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түсті. 5-курста КСРО-ның ҚХР-дағы Елшілігіне диплом алдындағы жартыжылдық машықтамаға жіберілді.

1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа кірісіп, Сингапур Республикасындағы кеңестік елшілікке жолданды. 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына қайта оралып, 1983 жылы Пекин лингвистикалық институтындағы 10 айлық тіл курстарына қатысу үшін Қытай Халықтық Республикасына аттанды.

1984-1985 жылдары КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызметте болды. Одан кейін Пекиндегі кеңестік елшілікке жолданып, онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарын атқарды. 1991 жылы Мәскеудегі КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының дипломатиялық басшы кадрлардың біліктілігін арттыру курстарына түсті.

1992 жылы Қ-Ж.Тоқаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол 1993 жылы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары және 1994 жылы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

Сыртқы істер министрі лауазымында Қ-Ж. Тоқаев, тұтастай алғанда, 10 жыл еңбек етті (1994-1999, 2002-2007).

2007 жылдан бастап "Нұр Отан" партиясының және осы партияның саяси кеңесі бюросының мүшесі. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі. Төтенше және Өкілетті Елші. Дүниежүзілік гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы "Ғұламалар кеңесінің" мүшесі. Шэньчжэнь университетінің (ҚХР) және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры. Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің құрметті президенті. Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы. Ресей биографиялық қоғамының тұжырымы бойынша 2018 жылдың "Жыл адамы" лауреаттарының тізіміне енген. 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды.

2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады.

Сүйікті ісі

Белгілі саясаткердің хоббиі – кітап оқу. Мемуарлық, тарихи және көркем әдебиеттерді сүйіп оқиды. Халықаралық қатынастар мәселелеріне арналған 10 кітаптың авторы.

Бір айта кетерлігі, ел басшысы туған күнін тойлағанды ұнатпайды. Өйткені оның отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды екен. Ондай дәстүр қалыптаспаған.