Қ. Сәтбаев өміріндегі елеулі кезеңдер мен деректер

Қ. Сәтбаев өміріндегі елеулі кезеңдер мен деректер

Бүгін ғалым, геолог, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 122 жыл толды. Ол – Қазақстан ғылымындағы геологиялық қызметтің негізін қалаушы, Қазақ ССР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, геологиялық ғылымдар институтын құрушы.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1911 жылы ауыл мектебінде бастауыш білім алып, Павлодардың орысша-қазақша училищесіне түседі, ал 1914 жылы Семейдің мұғалімдік семинариясында оқиды. Оны бітірген соң, ауылында мұғалім және халық соты болып бірнеше жыл қызмет атқарады.

1921 жылы Томск технологиялық институтының геология ғылымдарының профессоры М.А. Усовпен кездесуі өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Қазақстан жер қойнауының байлықтары, жердің құрылысы туралы М.А. Усовпен болған әңгімеден кейін геолог болуды мақсат етеді. Сол жылы Томск технология институтының тау-кен факультетінің геология барлау бөліміне оқуға түседі. Бес жылдан соң оқуды бітіріп, тау-кен инженері-геолог мамандығын алады. Жас маман Жезөазған мыс кен орнын және Қарсақбай мыс заводын біріктіретін "Атбасцветмет" тресіне жұмысқа жіберіледі.

Қ. И. Сәтбаев ашқан тау-кен қазба байлықтары


novoetv.kz

1926 жылы Қ.И. Сәтбаев Атбасар түсті металл серіктестігіне келгеннен бастап, көп жылдар бойы Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын зерттеді. Сол зерттеудің нәтижесінде Жезөазғанның байлығын анықтап, көптеген кен орындарын ашады. Түсті металл кендері, марганец, силикат, құрылыс, басқа да өндіріс кендері ашылды, көмір орны анықталды, қалың қатпар қорғасын, жез, күміс табылды. Қара темір, алтын мен молибденді ашты. Қаныш Сәтбаев ашқан жер қойнауындағы байлық қазыналарында осы күнгі өндірісті көркейтуге негіз болған химия элементтерінің барлығы бар деуге болады. Кен байлығын ашумен бірге сол қазба байлық шығатын жерлерге заводтар салдыруға зор үлес қосты. Тау-кен шикізатын басқа жерлерге тасымай, сол жерде қорытатын заводтар құрылысының қажеттігін дәлелдеді. Соның нәтижесінде Ұлы Жезқазған, Ұлы Алтай өндіріс орындары, Қарағандыдағы темір балқытатын заводы, Қарағанды-Ертіс каналы, Қаратау фосфориті салынды. Осы арқылы Қазақстанның өндіріс шаруашылығын өркендетуге күш салды.

Қазақ Ғылым академиясының тұңғыш президенті


tengrinews.kz

1946 жылы 1 маусымда Қазақстан Ғылым Академиясы ашылды, оның тұңғыш президенті болып Қ.И.Сәтбаев сайланды. Сол жылы ол СССР Ғылым академиясының академигі атағына ие болды. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясы өндірістік орындармен творчестволық байланысты нығайту үшін академияның кезекті сессияларын Алтай, Орталық Қазақстан, Қостанай, т.б. республиканың өндірістік орталықтарында өткізді.

1951 жылы "ұлтшыл" деген жаламен Қ.И.Сәтбаев Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылды. 1955 жылы Қ.И.Сәтбаев қайтадан Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып қайта тағайындалып, өмірінің соңғы күндеріне дейін осы қызметте істеді. Қазақстан Ғылым Академиясының жұмысын дамыта түсті. Көптеген салалы ғылыми-зерттеу институттары ашылды. Қаныш Имантайұлы физика-математика ғылымдарының, әсіресе ядролық физиканың дамуына жоғары мән берді. Қаныш Имантайұлының бастамасымен ядролық физика институтының комплексті құрылысы басталды. Сонымен бірге Қазақ ССР Ғылым Академиясында биология мен медицина ғылымдарының көптеген салалары зоология мен паразитология, адам физиологиясы мен ауыл шаруашылығы хайуанаттары, микробиология, вирусология, ботаника, физиология, археология, этнография, тіл, әдебиет, өнер, экономика, құқық, философия салаларындағы ғылыми-зерттеулердің дамуына айрықша мән беріп, бұл салаларда да ғылыми институттар ашуды ұйымдастырды. Солардың ішінде геологиялық ғылыми-зерттеу институты жетекші болып танылды. Ғылымды өндіріспен байланыстыру мақсатымен еліміздің ірі өндірістік орталықтары – Өскеменде, Қарағандыда, Атырауда Қазақстан Ғылым Академиясының әр саладағы институттарын ашуды ұйымдастырды.

Қ.И.Сәтбаев – ғұлама ғалым


qamshy.kz

Академик Қ.И. Сәтбаев – энциклопедиялық білімі бар ХХ ғасырдың ғұламасы. Ол өз заманының сан алуан салалар мен тарауларға бөлініп, жоғары дамыған ғылымының бәрінен хабардар болды. Әр ғылым саласының заңдары мен байлығын ашып, халық игілігіне пайдалануға қалтқысыз еңбек етті.

Қ.И.Сәтбаев – жаңашыл ғалым. Ол металлогения ғылымының негізін салушылардың бірі, ал Қазақстанда осы ғылыми бағытты орнықтырушы деп атайды. 1950 жылдың басында Қазақ ССР Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтында Орталық Қазақстан бойынша материалдарды жинап, оны талдау жұмысы аяқталды. 1954 жылы жұмыс макеттері және жүйеленген металлогениялық болжам карталары жасалынады. 1958 жылы Орталық Қазақсатнның металлогениялық болжам карталарын жасағаны үшін Қ.И.Сәтбаев бастаған Қазақстан ғалым-геологтар тобы Лениндік сыйлық алды.

Қаныш Сәтбаевтың ғылыми еңбектері


"Хабар" телеарнасы

Қ.И.Сәтбаев – 641 еңбектің авторы, оның 534-і орыс тілінде, 98-і қазақ, қалғаны басқа тілдерде жарық көрді. Ғылыми еңбектерінің басым көпшілігі Қазақстанның минералдық қоры, мыс рудалары, түсті металдары, көмір, мұнай, газ, басқа да шикізат ресурстары жайында болды.

Қ.И.Сәтбаевтың ғылыми зерттеулері Маңғыстау қоры, Ембі мұнайы, Ақтөбе даласындағы газдың мол қоры жатқандығын анықтады. Қазақстанның таяу арада газ, мұнай өндіру жөнінен алдыңғы қатарға шығатынын айтқан ғалымның зерттеулері қазіргі кезде іс жүзіне асқанын білеміз.

Қ.И.Сәтбаев – әдебиетші, тарихшы, этнограф


adebiportal.kz

Қ.И.Сәтбаев өзінің мамандығымен бірге әдебиет пен өнерді, тарихты меңгерген. Бұл ғалымдарды рухани жан дүниесін байытумен бірге кен зерттеу ісіне де пайдаланған. Қаныш Сәтбаевтың осындай жан-жақтылығын Мұхтар Әуезов "Қазақ халқының зор ғалымы" атты мақаласында жазды.

"Қаныштың үлкен бір ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі" - дейді М. Әуезов.

Қаныш Сәтбаевтың алғашқы әдеби туындысы – 1923 жылы "Қазақ тілі" газетіне шыққан "Обаған" әні туралы ғалымның тырнақалды шығармасы. Оқиғаның басталуын автор ошақ басында ән салған әйелдің мұңды даусын шебер суреттеу арқылы жеткізеді. Бұл шағын лирикалық новелла Қаныш Сәтбаевтың суреткерлік қолтаңбасы зор болғанын анық байқатады.

Қазақ әдебиетін, қазақ әндерін терең білетіндігі "Қазақстанның ұлт театры туралы" атты 1927 жылы жазған мақаласынан айқын көруге болады.

Қазақ мәдениетінің сарқылмас мол қазына екендігін Қаныш Сәтбаев "Ән туралы толғаулар", "Қазақ совет әдебиетінің аса көрнекті туындысы", "Қазақстанның халық әндері" атты музыка-этнографиялық жинағында жазған ой тұжырымдарынан білуге болады.

Қазақтың тарихын, қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет екенін түсінген ғалым Қазақ ССР Ғылым академиясының жанынан Тарих, Тіл және Әдебиет институтын ашқызады.

Қ.И. Сәтбаев – математик-педагог, математик-ғалым


anatili.kazgazeta.kz

Қ.И. Сәтбаев тұңғыш "Алгебра" оқулығын жазған. Ол педагогикалық училищені бітіріп, алғаш ұстаздық қызметін бастағанда қазақ тілінде математика оқулықтарының жоқ екенін ескеріп, ана тілінде алғаш рет алгебра оқулығының қолжазбасын латын және араб әріптерімен жазған.

Қ.И. Сәтбаевты ғалым-математик дей аламыз. Ол геологиялық кен барлау жұмыстарында математикалық шарттарды шебер қолдана білген. Орал аймақтарында көлбеу орналасқан тау-кен қазбаларында көлбеу бұрғылау әдісі қолданылса, Ұлытау-Қарсақбай жерасты кен байлықтарына тік бұрғылау әдісін тұңғыш рет қолдану ұсынылады. Математикалық өлшеммен дәлелденген ғалымның бұл жаңалығы бұрғылаудың үнемділігін іс жүзінде арттыра түсті.

Қ.И. Сәтбаев өмірінің көлеңкелі беттері


e-history.kz

1951 жылдың күзінде "Буржуазиялық ұлтшылдармен" күрес басталып, қазақтың зиялылары қудалауға ұшырады. М. Әуезов, А. Жұбанов, Қ. Сәтбаевқа "ұлтшыл" деген жала жабылып, жұмыстан босатылды.

Қаныш Сәтбаевты үш мәселе бойынша кінәлі деп айыптады:

1. Партияға өтерде Сәтбаев әлеуметтік тегін жасырды.

2. 1927 жылы "Алашорда" ұлтшылдық партиясының үгітшісі болды.

3. 1927 жылы Едіге туралы буржуазиялық аңызды редакциялап, алғысөзін жазып, шығарманың басылып шығуын қолдады деп айыпталды.

Сондай-ақ Ғылым академиясының кадрлары арасына жат элементтерді жинақтаған "ұлтшылдарды қанатына алушы" деп кінәланды.

Қ.И. Сәтбаев 1952 жылы 20 қаңтар күні Сталинге "Жазықсыз кінәлі болғаным ба?" деген хат жолдайды. Бұл хатта Қаныш Сәтбаев өзінің саналы өмірінің 15 жылын геолог қызметінде болып, 11 жылға жуық Қазақстан ғылымының жетекшісі болғанын айта келіп, жоғары мәселе бойынша обьективті түрде анықтама-түсінік беріп, таза да адал еңбегін ескеріп, әділетсіз айып пен партиялық жаза алынып тасталады деген үмітпен ойын жеткізеді.

Қ.И. Сәтбаев бұл қаралаудан тек 1955 жылы ғана ақталып, қайтадан Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып тағайындалды.

Қаныш Сәтбаев 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеуде қайтыс болды.





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар