Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына – 130 жыл

Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына – 130 жыл
Фото: Massaget.kz

Алматы облысы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде мем қайраткер, Қазақ КСР ОАК-нің төрағасы, қуғын-сүргін құрбаны – Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің 130 жылдығына орай ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз, мемлекет қайраткерінің қызы Орынша Қарабалина-Қазыбаевамен кездесу өтті.

Бұл кешке Жаңалық ауылының мектеп ұстаздары, оқушылар және музей қызметкерлері карантин талаптарын сақтай отырып қатысты.

1937-1938 жылдардың зобалаңы қазақтың талай боздақтарының ғұмырын қиды. Кейбір деректерге сүйенсек, сол кезеңде елімізде 25 мыңнан аса адам атылған. Сол арыстардың бірі – Ұзақбай Құлымбетов еді.

Ол 1937 жылы қыркүйекте қамауға алынып, 1938 жылдың 22 наурызында (47 жасында) 18 наркоммен бірге "халық жауы" деген жалған жаламен атылды. Ұзақбай Құлымбетов 1958 жылы ақталды. Ұрпақтары 20 жыл бойы "халық жауының" балалары болып, елдің қарғысына ұшырап өмір сүрді.

Іс-шараның ұйымдастырушысы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің меңгерушісі Мұсабаев Мейіржан Бақытжанұлы: "Құрметті жиналған қауым бәріңізге белгілі 1937-38 жылдардағы "ұлы террор" уақытында қазақ зиялыларының 25 мыңнан астамы атылып, 100 мыңнан астамы қудалауға ұшыраған болатын. Солардың бірі Қазақ автономиясын құруға атсалысқан, Қазақ АКСР-нің ОАК төрағасы, Қазақ КСР ОАК-нің төрағасы және қазақ халқы үшін көптеген игі істер атқарып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған белгілі мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің биыл 130 жылдығы. Саяси қайраткердің өмірбаяны мен сол замандағы қазақ халқының көрген қиыншылығын баяндап беру үшін арамызға Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Орынша апамыз келіп отыр. Сол замандағы нәубетті кітаптан оқу бір бөлек те, сол заманды көзімен көрген адамның аузынан есту бір бөлек", - деп сөз кезегін Орынша Қарабалина-Қазыбаеваға берді.

Орынша Қарабалина-Қазыбаева оқушылар мен ұстаздарға Ұзақбай Құлымбетовтің өмірінен сыр шертті.

"Құлымбетов Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Ұзақбайдың әкесі орта шаруа – 5-6 ірі қарасы, 10 шақты қойы бар, Қазалы, Ырғыз және  Орск арасына жүк тасыған. Ұзақбай Құлымбетов 2 жылдық орыс-қазақ училещесін жақсы бітіріп, содан кейін Ақтөбедегі 2 жылдық педагогтық курста оқиды. 1912 жылы бастап Торғай-Ырғыздың ауылдарында сабақ береді. Патша үкіметі құлағасын саяси қызметке араласты. 1918 жылы Ырғыз ауданын басқарды. Ақтөбе губерниясында бөлім басшысы болды. Губерния аясында мектептер ашқызды. 1923-25 жылдары Ақмола губерниясына басшы болды. Ақмолада кеңес қызметкерлерін дайындайтын ең алғаш рет курс ашты. Оған кедей балаларын алдыртты. Курсты бітіргендер кейін облыс басшылығына дейін жұмыс атқарды. Жетім балаларды есепке алдырып, жасы үлкендерді жұмысқа, мектеп жасындағыларды оқуға орналастыруды шұғыл қолға алды. Бірнеше балалар коммунасын ұйымдастырды. Сауатсыздарды сауаттандырды. Мысалы, 2 жылдың ішінде мың адамнан 990-ы сауатын ашты.

Степняк алтын өндірісін қалпына келтіру жұмысын, ағаш өңдеу кәсіпорнын, Петропавл ет комбинаты, Петропавл-Көкшетау темір жол құрылысын басқарды. Петропавл-Көкшетау теміржолын салдыруға күш салды. Ақмола-Атбасар өңіріндегі болып жатқан ашаршылықтарға тосқауыл қойды. Құлымбетовтың ұйымдастырушылық қабілетін көргеннен кейін басшылық оны Орынборға шақырып, 1925 жылы халық шаруашылығы басшысы етіп тағайындады.

Ұзақбай Құлымбетовтен нені үйрену керек?

Құрметті оқушылар, сіздерге мектепте ұстаздарыңыз "тұлға болыңдар, тұлғаға лайық қасиеттерің болсын!" деп айтатын шығар. Құлымбетовтей тұлғадан нені үйрену керек дегенде алдымен айтарым нағыз ұлтжандылықты, ұлтты сүюді, ұлтқа қамқорлық жасай білуді үйреніңіз, сондай болыңыз.

1925 жылы қазақ жеріндегі мектеп жасындағы балалардың 25 пайызы ғана білім алған. Ал сол 25 пайыздың тек 12 пайызы ғана қазақ балалары екен. Салыстыру үшін айтайын, Еділ өзені бойында Неміс автономиясындағы мектеп жасындағы неміс балалардың 95 пайызы оқыған. Ресейдің губернияларында қағаз-қалам ұстаған балалардың 80 пайызы орыс балалары. Ал бізде қазақ балалары 12 пайыз ғана.

Бізде мектеп жасындағы балалар мектепке толық тартылмаған, себебі, біріншіден, мектеп аз. Ал мектепке ақшаны орталық береді.  Екінші себеп – мектеп салған күннің өзінде білім беретін мұғалім тағы жоқ. Ал бар мұғалімдердің білімі жетпейді. Құлымбетов мұғалімдердің қысқа мерзімді курстан алған білімдерінің жеткіліксіз, негізгі білім беретін жер – мектептердің аздығын, мектеп оқулығы жеткіліксіз, оны жазып дұрыс жолға қоя алмай жатырмыз дегенді айтады.

Ұзақбай Құлымбетов 1925 жылы Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы кезінде "Қазақстан кәсіп шаруасының осы күнгі хәлі мен болашағы" деген баяндама жасады. Ол қазақ жеріндегі өндіріс орындарын үшке бөлді.

Біріншісі, Қарсақбай, Спасск, Екібастұз, Риддер, Жітіқара алтын өндіретін зауыттары. Бұл зауыттардың қазаққа пайдасы жоқ еді. Еліміздің онда өндірілетін бар байлығын Ресей алып кететін.

Екіншіден, Қазақстанның иелігінде 11 ұсақ кәсіпорын бар. Олар: Алматыдағы шұға фабрикасы, Петропавлдағы тері зауыты, Тұзтөбенің тұз зауыты т.б ұсақ кәсіпорындар.

Үшіншісін жеке адамдар басқарды. Олар бидай тартатын диірмендер, ұн, тұз кәсіпорындары еді.

Міне, бұл Қазақстандағы 1925 жылғы бар өндірісінің көрінісі.

"Кәсіпорындардағы машина құралдары, үйлері басқа да керек жабдықтардың  45-65 пайыз тозған. Тозғандарды бірте-бірте жамап келеміз. Бірақ көпке шыдамайды. Қаржы жоқ. Орталықтың берген қаржысы аз. Ресейдің халық шаруашылығы мекемелері Қазақстанда сауда, пайданың артына түсіп кеткен. Олар сол саудадан пайда көріп отырғаннан кейін кәсіпорындарға көмектесіп, тілектес болуы керек қой. Дұрысында біздің орталықтан (Мәскеу) алғанымыздан бергеніміз көп. Шындап келгенде орталықтан алмауға да, бермеуге де тұрамыз. Оған орталық тұра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, бізге қаржы берсін!" - деген Құлымбетовтің сөздері оның батылдығын, ержүректілігін, шындықты тура айтатын азамат екенін білдіреді.

"Жұмысшыға айналған адамның жағдайын жасау керек, зауыт, фабрикаларда қазақ жұмысшыларының саны көп болсын. Оларды жатақханамен қамтамасыз етіп, жалақысын уақытында беріп, жыл сайын әрбір кәсіпорын 50-60 қазақ жұмысшысын Санкт-Петербург, Екатеринбург, Ресейдің өндірістік қалаларына жіберіп, мамандығы бойынша өсіп, өзінің кәсіпорнын басқаратын болсын", - деді.

Рысқұлов Түрксіб теміржолының салынуын Мәскеуде отырып басқарса, Ұзақбай Құлымбетов республика көлемінде осы жұмыстың басы-қасында болды.

Түрксіб темір жолын салу оңай болған жоқ. Темір жол бес жылда салынуы керек еді. 1927 жылы басталып 1930 жылы бітті. Шаруалардың барлығын жұмылдырды. Олар қаппен құм тасыды, түйемен бөрене тасыды, азық жетпей қалатын кездері де болды. Ыстық-суықтықта да халық жаны қалмай жұмыс істеді. Түркісіб темір жолының құрылысы кезінде Құлымбетов мынадай мәселеге көңіл аударған. Ол кездегі үкіметтің басты мақсаты жұмысшы табын көбейту еді. Құлымбетов шаруалар жұмысшы мамандығын алса екен деді. Сөйтіп, темір жолда жұмыс істеп жатқан қазақ шаруаларының санын көбейтуге атсалысты. 

Құлымбетов "Ірі индустрияны дамыту, ұсақ өнеркәсіптерді дамытудан басталады" деп тері, былғары, жүн өңдейтін кәсіпорын салу туралы программа ұсынады.

"Ірі қара мал терісін алсақ, 817 мыңға жетеді. Соның 140 мыңын ғана пайдаға жаратамыз. Бұл 17 пайыз  өнімді өзіміз пайдаланып, қалғанын шетке шығарамыз деген сөз. Уақ мал терісі 3,772 мың тонна. Оның 130 мыңын ғана іске жаратамыз. Бұл 3,6 пайыз деген сөз. Қой-ешкіден жылына 10 мың тонна жүн аламыз, оның 6,4 пайызын, ал түйеден жылына 2 мың тонна жүн, оның 2 пайызын ғана іске жаратамыз. Міне осының бәрі ауылшаруашылығының өнімін, әсіресе малдың өнімін өнерлі кәсіпорындар құшағына ала алмай отыр» дейді. Яғни бізде шикізат бар, бірақ оны өңдейтін зауыт-фабрикалар жоқ. Біз тері илейтін, жүн өңдейтін зауыттарды ашсақ, шаруа өз өнімін қалаға әкеліп тапсыратын еді. Қызығушылығы артып, ауыл мен қала арасында байланыс орнайтын еді" дейді.

Бұл мәселелер қазір де өз шешімін тапқан жоқ. Шикзат өнімі ысырап болып жатыр.

Міне, балалар Ұзақбай Құлымбетов ауыл мұғалімінен, биліктің басқышынан сатылап өсіп мемлекет басшысына дейін қызмет атқарған адам.

Ұзақбай Құлымбетов республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, мәдениетіміздің өрлеуіне білімін де ақылын да күшін де жұмсады. Сөйтіп, қазақ мемлекетінің негізін қалады деп айтуға болады. Ол Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы тұсында Қазақ Автономиялық Республикасы Одақтық Республика мәртебесін алды. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекітті. Құлымбетов пленум, конференция, сьездерде жасаған баяндамаларында, мақалаларында Екібастұз, Атбасар комбинаттарын қалпына келтіріп, Жетіқара, Аққарға, Бозбие алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселелерді батыл түрде көтерген. "КАРЛАГ", "АЛЖИР" өлім лагерлерінің қазақ жерінде қоныс тепкеніне де қарсы болды.

Міне осындай халық үшін  соңғы демі шыққанша қызмет еткен мемлекет қайраткері өз бағасын ала алмай отыр. Тіпті, осы музейдің ішінде Құлымбетовке арналған орын жоқ.

Құлымбетов Ұзақбай Қызылордадан Алматыға астананы ауыстыру кезінде комиссияның алғашқы төрағасы болды. 1927 жыл 3 наурызда Құлымбетов бастаған комиссия мүшелерінің отырысы өтті. Сол кезде Алматы территориясын батысқа қарай ұлғайту, үкімет үйлерін салу, кірпіш, нан, ағаш өңдеу зауыттарын салу туралы, электр энергиясын беретін 300 Кв-тық станциялар, су желісін, құбырлар тарту туралы көптеген мәселелер комитет мүшелеріне жүктелді. Ташкенттегі пединститутты Алматыға көшіру мәселесі көтерілді. Келесі жылы ол оқу орны Алматыға көшірілді. Қазіргі Өнер академиясының ғимараты Құлымбетов салдырған үкімет үйі болды. Алматыдағы Ботаника бағын аштырды. Ұзақбай Құлымбетовтың Алматының ел астанасы болуына, оның рухани-мәдени орын болып қалыптасуына көп үлес қосқан. Сондықтан Құлымбетовке Алматыда мүсін орнатылуы керек. Қазақ-британ техникалық университетінің артындағы аллеяда  (Қазыбек би мен Әйтеке би көшесінің арасында) 11 адамға бюст қойылған. Олардың қатарында: В.Куйбышов, М.Фрунзе, Д.Фурманов тағы басқалардың мүсіндері тұр. Сол жерге Құлымбетовтың ескерткіші орнатылуы керек", - деді көрнекті мемлекет қайраткерінің қызы Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

Қызыл террордың қанды қылышына іліккен 4 мыңнан астам жазықсыз құрбан осы Жаңалық ауылының маңына көмілген екен. Алматыдан 40 шақырым қашықтықтағы ауылдың маңы 1938 жылдары "үштіктің" шешімімен атылған адамдарды жерлейтін орынға айналған.

Елбасының тапсырмасымен бұл тарихи оқиғаға лайықты баға беру үшін 1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш бой көтерді. Ал 2018 жылдың 1 желтоқсанында құрбандарға арналған музей өз жұмысын бастады.

Музейдегі жаңа 3 экспозициялық залда "Қазақстандағы 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы", "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу" ("Реквием" залы) және "Әділет" тарихи-ағартушылық қоғамы мен оның қызметіне қатысты экспонаттар қойылған.

1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін тарихы туралы бірінші залдың экспонаттары арқылы танысуға болады. Олардың қатарында, жерлестеріміз, қазақ зиялылары - М.Тынышпаев, І.Жансүгіров, Ж.Күдерин және басқалары туралы фото құжаттық материалдар бар. Сонымен қатар, осы залда Алматы облыстық полиция департаменті архивінен алынған, Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың, соның ішінде қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталғандар ісінің көшірмелері қойылған.

Сталиндік лагерьлердегі тұтқындардың өмірі төрт диорамада ашып көрсетілген. Жаңалық ауылында атылып, жерленгендердің жеке заттарын да осы залдағы тақырыптық бөлімдерден кездестіруге болады.

"Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу" залында жазықсыз жазаланған 4125 адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларына ілінген. Олардың қысқаша өмірбаянымен де осы жерде танысуға мүмкіндік бар.

"Әділет" тарихи-ағартушылық қоғамының қызметіне музейдің 3-ші залының экспозициясы арналған.

Т. Раушанұлы