Стамбұлда "Абай үйі" ашылды

Стамбұлда "Абай үйі" ашылды
Фото: cis.minsk.by

"Отандастар қоры" мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, ҚР Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен онлайн-форматта Стамбұл қаласында "Абай" мәдени-іскерлік үйін салтанатты түрде ашты.

Іс-шараға ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Батырхан Құрмансейітов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев, Стамбул қаласы Зейтінбұрны ауданының әкімі Омар Арысой, ҚР Стамбулдағы Бас Консулы Әлім Байел, "Отандастар қоры" КеАҚ Президентінің кеңесшісі Қалыбек Қобландин, "Қазақ-түрік білім беру және зерттеулер" ассоциациясының президенті Ертолқын Гайретуллах, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, Түркиядағы қазақ қауымының өкілдері және т. б. қатысты.

Аталмыш іс-шара аясында "Абай" мәдени-іскерлік үйінің тұсауы кесіліп, Түркиядағы қазақ қоғамдастығының мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

"Отандастар қоры" шетелде "Абай" мәдени-іскерлік үйінің желісін ашу жұмысын жалғастыруда. Бұған дейін "Абай" мәдени-іскерлік үйлері Омбы (Ресей) және Ташкент (Өзбекстан) қалаларында ашылған еді. 2020 жылдың соңына дейін Бішкек қаласында (Қырғызстан), Берлин қаласында (Германия) тағы екі "Абай" мәдени-іскерлік үйі ашылуы жоспарланып отыр.

А. Рысдәулет