Ел не демейді...

Ел не демейді...

Ежелден-ақ адам баласы болашақты болжауды әдетке айналдырды. Егер сіз ішіңізден 21 желтоқсанда болады-мыс делінген ақырзаманға сеніп жүрсеңіз, денеңізді бос ұстаңыз...

Себебі? Себебі бар. Мұндай болжамның неше түрлісі әлденеше рет айтылып, соңынан өз өтірігіне өзі өртенгендер жетерлік. Мұндай болжамды «Мен!» деген мықтылардың өздері де айтып алып, асылық кеткен жағдайы көп. Мәселен...

«Кім болса да,  одан есі түзу адам шықпайды». Осы сөзді Альберт Эйнштейннің ұстазы бала Альберттің әкесіне шімірікпестен айтыпты...

«Актерлердің не сөйлеп, не қойып жатқаны кімге қызық болар дейсің!». Мұны 1927 жылы Warner Bros кинокомпаниясының негізін салушы Сэм Уорнер ең алғашқы «дыбысты фильм» туралы айтыпты...

«Әлемдік рынокта 5 компьютер болса жеткілікті» деп 1943 жылы IBM жетекшісі Томас Уотсон пікір білдірген...

«Аэроплан – көңіл көтеру ойыншығы ғой, оған әскери құрал болу қайда...» деп көкіпті бірде француз профессоры Марчел Фердинант Фокх. Фокхтың жақсы әскери стратег болғанын айта кетейік...

«Сіз алдымен хатшы болуыңыз керек-ау, әлде үйленіңіз!». Бұл сөзді 1944 жылы Blue Book сән агенттігінің директоры Мэрелин Монроға айтыпты...

«Ғарышқа саяхат жасау дегеніңіз бос әңгіме». Ал бұл пікірді Ұлыбританияның белгілі астрономы Гарольд Спенсер Джонс 1957 жылы айтқан. Осыдан екі апта өткен соң-ақ орыс ғалымдары ғарышқа тұңғыш ғарыш спутнигін ұшырыпты.

«Мүмкін болған жаңалықтың бәрін де өнертапқыштар ашып бітті. Енді болмайтын да шығар» деп 1899 жылы АҚШ-тың патент бюросы өкілі Чальз Дуэл айтыпты...

«640 килобайт сыйымдылығы бар құрал бәрімізге де жеткілікті». Сенбесеңіз де айтайық, бұлай деп 1981 жылы Билл Гейтс гәпіріпті.

«Сіздің топ та, ән де адамдарға ұнамайды». Дәл осылай 1962 жылы дыбыс жазу компаниясы Битлс (!) тобына айтыпты.

«Луи Пастердің микробтар туралы теориясы күлкілі әрі қияли дүние». 1872 жылы физиология профессоры Пьер Рачет дәл осылай айта салған...

«Телефонды көптеген кемшіліктері болғаны үшін байланыс құралы деп айтуға келмейді. Бұл құрылғының бізге ешқандай да маңызы жоқ деп білемін». Бұл сөз 1874 жылы Western Union қызметкерлерінің жиналысында айтылған.

«Теледидар сәтсіз жоба. Америкалық қарапайым отбасының ағаш жәшікке қарап отыратын уақыты жоқ» депті 20th Century Fox кинокомпаниясының өкілі Дэррил Занука 1946 жылы.

«Жылқы әрқашан да біздің транспортымыз болады, ал автомобиль тек сәнді ойыншық». Мичиган банкінің директоры 1903 жылы Генри Фордқа дәл осылай депті.

P.S. Не дейміз? Ештеңе айтпай-ақ қоялық, бармақ тістеп қалмайық біз де...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: askalex.ru

А. Құлтай