Бүгін – Дінмұхамед Қонаевтың туған күні

Бүгін – Дінмұхамед Қонаевтың туған күні
Фото: sputniknews.kz

Қазақ халқының сүйікті ұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық және сауда мекемелерінде жұмыс істеген. Қазақ және орыс тілдерінде хат таныған сауатты адам болған. Ал анасы Зәуре Баирқызы 1888 жылы Алматы облысындағы Шелек ауданында өмірге келген. Бар уақытын балалары мен үй шаруасына арнаған.

Дінмұхамед Ахметұлы 1930 жылы Алматы қаласындағы мектепті үздік бітіріп, 1931-36 жылдары аралығында Мәскеудегі түсті металл институтында білім алды. Қайраткер ұл жарты ғасыр уақытта бұрғылау станогінің машинасынан Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді.

"Осындай үлкен республиканы басқарып отырған адам қалайша кішкене үйде тұруы мүмкін? Бар дүниең осы ма?" деп сұрағанда Қонаев "Зухра Шәріпқызы екеуімізге осы да жетеді" деп жауап берген екен. Осылайша Брежнев Қонаевтың үйінде бірнеше мәрте қонақта болып, оның өз қолымен пісірген тәттілерінен ауыз тиген. Екеуі ауылда емін-еркін жүріп әңгіме-дүкен құрған. Әсіресе, аңшылыққа бірге барғанды ұнатқан. Ең бастысы, Дінмұхамед Қонаев бұл достығын халықтың игілігіне қолдана білді.

Оның тұсында Қазақстанның экономикасы мен ауыл шаруашылығы өркендеді. Республиканың көптеген өңірінде зауыт-фабрикалар салынып, жаңа инфрақұрылымдар бой көтерді. Бұдан өзге Қонаевтың өнерпаздарды қолдауының арқасында қазақ өнерін бар әлем таныды.

Дінмұхамед Қонаев өмірінің соңғы жылдарына дейін аңшылықтан қол үзбеген. Мұны бүгінде музейінде тұрған саятшылыққа қатысты экспонаттардан байқауға болады. Ол қару-жарақ жинағанды ұнатқан. Десе де, жақындары оның бей-берекет аңдарды ата бермегенін, тек аңшылық маусымы кезінде қолына қару алғанын айтты.

"Өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма"
"Мен Тәңір сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Жақсыны да көрдім. Жан ауыртқан күндерді де бастан кешірдім. Ол — менің ғұмырым. Бірақ бұл өмірді халықтан бөле-жара қараған емеспін. Халқым ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсатпен еншілес болды. Саған қалтқысыз қызмет еттім. Аманатыңа адал болдым. Соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден талмаймын. Менің тірі пендеге өкпем жоқ. Ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес, жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсырет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма", — дейді Димаш Ахметұлы.

дереккөз:sputniknews.kz

Т. Есқали