Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлық тағайындалды

Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлық тағайындалды

ТМД елдерінің парламентаралық ассамблеясы Шыңғыс Айтматов сыйлығын тағайындады деп хабарлайды КирТАГ.

Әдеби сыйлық жыл сайын дәстүрлі түрде беріліп отыратын болды. Марапаттау 12 желтоқсан күні, Шыңғыс Айтматовтың туған күніне орай беріледі. Атап өтілгендей, сыйлық жүлдесі – 30 мың АҚШ доллары. Санкт-Петербург қаласында өткен «Шыңғыс Айтматов әлемі: Мәдениеттер ықпалдастығы мен диалогы» атты халықаралық конференциясында Қырғызстан Республикасы парламентінің депутаты Асылбек Жәнібеков «Шыңғыс Айтматов сыйлығының тағайындалуына қолдау білдірген ТМД елдерінің парламентариясына алғысымды айтамын» деді.

Бұдан басқа, Санкт-Петербургтың Тавриялық сарайында Шыңғыс Айтматовтың қоладан жасалған мүсіні қойылды. Мүсінді құйған А.Тұрынбеков.

Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Розетта Айтматова да бюсттың ашылу салтанатына қатысты.

Розетта Айтматова «Шыңғысты әр елде мойындайтынына қуанамын. Бұл оның ағайын-туыстарына ғана емес, барлық Қырғызстан еліне маңызы бар дүние. Ресей еліне, Санкт-Петербург тұрғындарына жазушының атын мәңгілеп отырғанына рахмет айтамын» деп, қуанышымен бөлісті.

Еске сала кетсек, заңғар жазушының мүсіні биыл 24 қыркүйекте АҚШ Конгресінің кітапханасында да қойылған еді.

Шыңғыс Айтматовтың шығармалары әлемнің 170 тіліне аударылған.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: topspb.tv

А. Құлтай