Алматыда белгілі дәрігер Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш тақта орнатылды

Алматыда белгілі дәрігер Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш тақта орнатылды
Фото: massaget.kz

Бүгін Алматы қаласында белгілі дәрігер-хирург 53 жылдық қысқа ғұмырында 30 мың ота жасаған, 5 мың ауыр хәлдегі науқастың өміріне араша болған ақ халатты абзал жан Нұртас Қазыбаевтың құрметіне өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.  

Салтанатты шараға қала әкімшілігі басшылары, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары, туыстары, ет-жақын бауырлары және медицина саласында қызмет етіп жүрген білікті дәрігерлер қатысты. 

Нұртас Қазыбаев 1958 жылы 27 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Ол белгілі қоғам қайраткері, білікті журналист Кәкімжан Қазыбаевтің ұлы. Анасы – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

Ескерткіш тақтаны Нұртас Қазыбаевтің ұлы Дархан мен Батыр Қазыбаевтің ұлы ашты. 

Осыдан соң сөз алған қоғам қайраткері, академик  Көпжасар Нәрібайұлы: “Құрметті қауым! Бүгін Нұртас баламызды еске түсіретін, атын атайтын күн болып отыр. Мен оған қуаныштымын. Нұртас өкнішке орай өмірден ерте өтіп кетті. Бірақ артында терең із, жақсы істер қалдырды. Ол кең жүректі азамат еді. Науқасты бар ынтасымен емдейтін. Мұндай дәрігерлер өте аз. Ұйымдастырушылық қабілеті де керемет еді. Мына медициналық орталықта хирургия бөлімін ашқан, оны кеңейткен, басқа да бөлімдер ашқан еді. Соның бәрі Нұртастың шапқылап жүруімен жүзеге асты. Мына жерде екі үлкен қайраткерге тақта қойылған. Әкесі мен ұлы. Бірі қоғамға үлкен еңбек сіңіріп, халқына қызмет етіп өмірден өтті. Ал Нұртас әкесінің жақсы атын ақтап, Қазыбаевтар әулетінің даңқына даңқ қосқан еді. Мұнда екі Қазыбаевтің тұруы заңды. Бұл үйді енді Қазыбаевтар үйі деп атайық”, - деді.

Ал белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Жеткерген Әнесұлы қазақ халқына осындай алтын қолды дәрігерді өмірге әкелген Нұртас Қазыбаевтің анасы Орынша Қарабалинаға алғысын білдірді.

“Енді мына ескерткіш тақтаны көрген бір қазақтың баласы: “Мен хирургтарды білемін. Олар күнімен де түнімен де науқастарды емдейді. Халқына қызет етеді. Бірақ мынадай тақтаны мен бірінші рет көріп тұрмын. Осы не үшін?” деп сұрайды. Сол кезде: "Нұртас алтын қолды, дүниедегі білікті дәрігерлердің ешқайсынан кем емес" деп айтуымыз керек. Ол медицинадағы бар жаңалықты қазақ еліне алып келді. Ауырған науқастар шетелге бармасын, қазақ топырағында емделсін деп, қазақ медицина жалауын көтерді”, - деді. 

Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев өз сөзінде ескерткіш тақтаның ашылуының өз тәртіптері бар екендігін, биыл ескерткіш тақта орнатылуға Алматы әкімдігіне 70-тей ұсыныс түсіп, соның 14-і қабылданғанын атап өтті.

“Дүниеде екі мамандық бар. Бірі – мұғалім, екіншісі – дәрігер. Дәрігер адамның тәнін емдейді, мұғалім адамның жанын емдейді. Алайда Нұртас ағамыз адамның жанын да, тәнін де емдеген қазақтың маңдайына біткен азаматы”, - деді. 

C.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры, Медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрғожин Талғат Сейтжанұлы Нұртас Қазыбаев C.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың түлегі екенін, ал ұлттың медициналық университет өз түлектерін қашан да насихаттап жүретінін тілге тиек етті.

“Бүгінгі шара – мереке. Себебі бұл ескерткіш тақта әрбір кейінгі ұрпаққа өнеге. Оның атын естіген бала Нұртас ағамызға ұқсағысы келеді. Халыққа қызмет еткен медицина мамандарына осындай құрмет көрсеткендеріңіз үшін сіздерге басымды иемін”, - деді.

Осыдан соң Сарқандтан келген Нұртас Қазыбаевтің жерлесі Әубакір Әбіләкім сөз алды. 

“Менің жасым 85-те. Кәкімжан Қазыбаевтің інісімін, Нұртастың ағасымын. Нұртасты бала кезінен білемін. Үнемі асығып жүруші еді. “Әй, сен өмірі жүгіріп жүресің. Асықпай, ақырын жүрсеңші” десем, “Ой, аға шаруа көп” деп күлдіретін. Өмірі де тез өтті. Міне бүгін, сол Нұртас ініме ескерткіш қойып, ардақтап жатырмыз. Сіздерге рахмет, айналайын. Елін, азаматын сыйлаған халық жаман болмайды. Жатқан жері жаннатта болсын”, - деді.

Осыдан соң "Alash Media Group" холдингінің директоры Батыр Қазыбаев келгендердің барлығына өз алғысын білдірді. 

“Нұртасты көп адам еске алады. Кейде маған адамдар: “Айналайын сен, Нұртастың інісісің ғой, ол мені емдеген” десе, екіншісі “інімді емдеген”, үшіншісі әкемнің өміріне араша болған” деп алғыстарын білдіріп жатады. Мен мұнымен мақтанамын. Ол өмірден өткенде 30 жылдық дәрігерлік қызметінде осындай ауқымды ізгі  істер жүзеге асырғанын бірден аңғармадық. Ол алғаш медицинаны оқып жүргенде, үйде медициналық құралдар алып келетін. Бұл даңғыл жолдың енді басталып жатқан кезі екен. Ол өзінің ғұмырында 30 мың ота жасады. Бұл үлкен жұмыс. Батыста білікті дәрігер аптасына 2 рет қана ота жасайды. Нұртас күніне 4-8 ота жасаған. 5 мың адамның өмірін құтқарған. Ол Лапароскопиялық хирургия құралдарының алғаш Қазақстанға келуіне  мұрындық болған. Бірде ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген шетелдік компанияның менеджеріне шұғыл ота жасалған. Операцияға Нұртас Қазыбаев өзі басшылық жасаған. Нәтижесінде, ота сәтті аяқталып, шетелдік азамат білікті хирургқа жеке өзінің ризашылығы ретінде қомақты қаржы ұсыныпты Нұртас сыйақының орнына ауруханаға лапароскопиялық құрылғы әперуді сұраған. Ол осы арқылы көптеген науқастардың өмірін аман алып қалды. Оның ерте өмірден өтуі қазақ медицинасы үшін орны толмас оқиға.” - деді. 

Айта кетейік, Нұртас Қазыбаев 1976-1982 жылдар арасында Алматы қаласындағы АММИ-дің емдеу факультетінде оқыған. Бұл ордадан жиған білімін тереңдету үшін 1982 жылы жолдамамен Мәскеудегі ординатуралық клиникадағы А.В.Вишневский атындағы хирургия институтына оқуға түскен. 1999 жылы "Ерен еңбегі үшін" медалімен, 2004 жылы "ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі" құрмет белгісімен, 2011 жылы "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" құрмет белгісімен және "Құрмет" орденімен марапатталған. 2012 жылы 5 тамызда 53 жасында өмірден өткен.

Т. Раушанұлы