Өнертанушы Жарқын Шәкәрім дүниеден өтті

Өнертанушы Жарқын Шәкәрім дүниеден өтті
Фото: baq.kz

Белгілі өнертанушы, күйші, музыкатанушы Жарқын Шәкәрім дүниеден өтті. Қаза туралы Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook желісінде естіртті.

"Қазақ өнері ауыр қазаға душар болды. 71 жасқа қараған шағында белгілі музыкатанушы, өнер зерттеушісі, ғалым ағамыз Жарқын Шәкәрім дүниеден өтті, қайғылы хабарды естіп қабырғамыз қайысып отыр... Қазақ халқының рухани кемелденуіне үлес қосып, музыка өнерінің халықтық мүддеге сай өркен жаюына еңбек еткен, белгілі күйші, музыкатанушы, әміретанушы, қоғам қайраткері Жарқын ағамыздан айырылып қалдық", - делінген хабарда.

Осыған байланысты министр марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.

"Өмір бойы туған халқына, оның рухани саласына қалтқысыз қызмет еткен жомарт жүректі жақсы адамның бұл қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Біздің бір көңілге медет ететініміз, Жарқын ағаның артында өлмейтұғын мұрасы қалды. Ардақты ағамыз шынында да бәріміз жақсы көрген абзал азамат еді. Ол өзінің барынша адал да таза қалпымен, ақжарқын да жайдары мінезімен жанымызға жақын болды. Нұры пейіште шалқысын. Қазақ руханиятына жасаған адал қызметі ешқашан ұмытылмайды...", - деп көңіл айтты Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жарқын Жақияұлы Шәкәрім 1947 жылдың 4 мамырында Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дүниеге келген. 1968 жылы Қарағанды музыкалық училищесін тәмамдаған, ал 1973 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) аяқтаған. 1973 - 1976 жылдары Мәскеудегі Бүкілодатық "Мелодия" фирмасының Алматы күйтабаққа жазу студиясында аға редактор, 1976 - 1980 жылдары "Жалын" баспасында редактор, 1980 - 1982 жылдары Республикалық музыка аспаптары мұражайының директоры, 1982 - 1983 жылдары Қазақ филармониясында күйші-лектор қызметтерін атқарған.

1983 жылдан Қазақ теледидарының музыка бағдарламалары Бас редакциясының редакторы, бөлім меңгерушісі бола жүріп "3амана бұлбұлдары", "Домбыра сазы", "Терме", "Шашау", "Музыкалық киножинама", "Күй-шежіре", "Інжу-маржан", тәрізді хабарларды жарыққа шығарған.

1980 жылы "Сазген" фольклорлық ансамблінің негізін қалады.

Жарқын Шәкәрім соңғы рет Әміре Қашаубаев өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ретінде 2018 жылы жарыққа шыққан "Әміре" көркем фильмінің кеңесшісі болған еді. Фильм желісі Жарқын Шәкәрімнің 2017 жылы "Әміре Парижде" атты кітабы негізінде түсірілген.

Massaget.kz