Алматыда алғашқы ғарышкердің инсталляциясы пайда болды

Алматыда алғашқы ғарышкердің инсталляциясы пайда болды
Фото: almaty.gov.kz

Алматыдағы Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы саябақта орындықта отырған скафандрдағы ғарышкер Юрий Гагариннің бейнеленген инсталляциясы орнатылды. 

Жоба авторлары Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының жас студенттері Азамат Қабыл мен Ақылбек Шәкен. Жобаны жүзеге асыруға «BI Group» құрылыс компаниясы қолдау көрсеткен. 

«Бұл арт-объект селфи үшін тартымды ғана емес, сонымен қатар өткен күннің белгісі болып табылады, өйткені адамзат тарихында алғаш рет Юрий Гагарин Қазақстан жерінен ғарышқа аттанған болатын», – делінген қалалық баспасөз қызметінің ресми сайтында.

Еске салсақ, бұрындары Төлебаев көшесінің бойына «Кино» тобының солисі Виктор Цойға ескерткіш қойылған еді. Бұл дестинация қазір қала тұрғындары мен Алматы қонақтары жиі келетін орынға айналды.

Т. Раушанұлы