Илон Маск Төрағалық қызметімен қош айтысты

Илон Маск Төрағалық қызметімен қош айтысты
Фото: twitter.com

"Tesla" компаниясының бас атқарушы директоры Илон Маск АҚШ-тың бағалы қағаздар және биржалық комиссиясының (SEC) өтініші бойынша төрағалық қызметімен қош айтысады. Бірақ Маск директор болып қалады және кеңесте де болады. Бірақ бұрынғыдай төрағалық қызмет атқара алмайды. 

Маск келісімге қол қойылғаннан кейін 45 күн ішінде "Tesla" Басқарма Төрағасы қызметінен кетіп, 3 жылға дейін қайта сайлана алмайды. Оның орнына тәуелсіз төраға тағайындалады. Сондай-ақ "Tesla" 20 миллион доллар көлемінде айыппұл төлейді. 

"Tesla" тәуелсіз директорларды тағайындауға және тәуелсіз директорлардың жаңа комитетін құруға, сонымен бірге, Масктағы коммуникацияларды бақылайтын қосымша бақылау шаралары мен рәсімдерін енгізуге шешім шығарды. Осыған дейін Tesla-дағы жаңалықтарды Маск әлеуметтік парақшасында жариялап келген. Tesla шешімі бойынша енді мұндай "қателіктер" қайталанбайды. Осының бәрі нарықтағы акциялардың түсіп кетуін бақылауға және "Tesla" акционерлерінің зиян шегуінің алдын алу үшін жасалып отыр. 

Еске сала кетейік, "PayPal", "SpaceX" және "Tesla" компанияларының негізін қалаушы Илон Маск 2018 жылдың тамызында "Teslа-ны" жеке компанияға айналдырғысы келетінін мәлімдеген. Инвесторларға ескертусіз маңызды бизнес-ақпаратты жариялағандықтан, Илонға бағалы қағаздар секторындағы қолданыстағы заңдарды бұзды деген айып тағылған. 

Өз кезегінде айыптауға жауап ретінде, Илон Маск инвесторларды ешқашан алдамағанын айтты. "Мен негізсіз айыптауларға қатты ренжідім. Әрқашан инвесторлардың мүддесі үшін әрекет еттім, ал адалдық менің өмірімдегі ең маңызды құндылық. Менің артымда қалдырған ізім ешқашан ешкімге қауіп төндірмегенімнің, ешкімді ешқашан алдамағанымның айқын дәлелі", – деді.

Т. Раушанұлы