Алматыдағы жер асты өткелдеріне Батырхан Шүкенов пен Денис Теннің суреті салынды

Алматыдағы жер асты өткелдеріне Батырхан Шүкенов пен Денис Теннің суреті салынды
Фото: inform.kz

Биылғы жылдың жоспары бойынша, қаладағы жүргіншілерге арналған жер асты өтпе жолдарының құрылысы аяқталуға жақын. Биыл Алматыдағы 56 жер асты өткелін жөндеу үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. Осыған дейін бұндай өткелдерде жабайы сауда белең алып келді. Осы мәселе өз шешімін тауып, қаладағы жер асты жолдарынан сауда, қызмет көрсету орындары түкілікті алынды.

Әсіресе, Абай даңғылындағы жүргіншілерге арналған жер асты өтпе жолдары айтарлықтай өзгерген. Абай және Достық даңғылдарының қиылысында ұлы ақын Абайдың қанатты сөздері жазылды. Абылай хан даңғылына қараған тұстағы жер асты жолы «Жеті қазына» композициясымен әрленді.

ҚазҰУ аялдамасындағы өткелге қазақтың намысын қорғап, еліміздің атын асқақтатқан қос жұлдыздың суреттері салынды. Дарынды композитор, әнші Батырхан Шүкенов пен Олимпиада жүлдегері, спортшы Денис Теннің бейнесі өткелдің әрін кіргізіп тұр. Сонымен қатар, әлемге әйгілі Виктор Цойдың да суреті қабырғаға салыныпты. Өнер туындыларын сақтау мақсатында өткелге арнайы бейнебақылау орнатылды. Сонымен қатар, жер асты жолынан өтерде «А'Студио» тобының, Батырхан Шүкенов және «Кино» тобының әндерін тыңдауға болады.

А. Қажиев