Бүгін – жазушы Нұрғали Ораздың туған күні

Бүгін – жазушы Нұрғали Ораздың туған күні
Фото: massaget.kz

Бүгін – белгілі қаламгер Нұрғали Ораздың туған күні. Жазушы 1960 жылы 25 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданындағы Монтайтас ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. "Жалын" баспасының жетекші редакторы, "Парасат" журналында бас редактордың бірінші орынбасары, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің Бас редакторы, "Қазақ әдебиеті" газеті бас редакторының орынбасары, "Ақ желкен" журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. 

Ең алғашқы әңгімесі – "Долана". 1980 жылы республикалық "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш" ) газетінде жарық көрді. Жазушы "Соқпақ жол" (1985 ж.), "Бақыршаның балалары" (1988 ж.), "Қазығұрт оқиғалары" (1995 ж.), "Аяқталмаған ертегі" (2002 ж.), "Даладан қалаға келгендер" (2006 ж.), "Биіктегі сұлулық" (2008 ж.), "Түнгі жалғыздық" (2008 ж.), "Сиқырлы көл" (2010 ж.), "Біз, ол, мерседес және махаббат" (2011ж.), "Жылқының көз жасы" (2012 ж.) атты т.б. кітаптардың авторы. Шығармалары орыс, түрік, саха тілдеріне тәржімаланды. 

2002 жылы Алматы қаласында Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты, 2014 жылы Баку қаласында Халықаралық Махмұт Қашқари сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Республикасы президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Халықаралық Халдун Танер атындағы медальдің иегері.

"Адасқан жұлдыз" пьесасы Халықаралық "Тәуелсіздік толғауы" конкурсының, "Дөңгеленген дүние" пьесасы "Қазақ хандығының 550" жылдығы конкурсының жүлдегері. "Колониядан қашқан бала" повесі Республикалық "Жалын" баспасы сыйлығының, "Ақ ұлпа" повесі "Дарабоз" сыйлығының жүлдесін алған. 

"Оңаша арал" әңгімесі М.Қабанбаев атындағы жүлденің, "Гольф алаңының маңындағы үй" әңгімесі Б.Мұқаи атындағы жүлденің жеңімпазы. "Біз, ол, мерседес және махаббат" әңгімесі "Қазақ әдебиеті" газетінің, "Кездейсоқ кездесу" атты новелласы "Парасат" журналының сыйлығына ие болған. 

2007 жылы "Қазақфильм" киностудиясы жазушы Нұрғали Ораздың әңгімелерінің желісі бойынша "Әурелең" атты толықметражды көркем фильм түсірді. "Таң" телекомпаниясы "Оңаша арал" атты теленовелласын көрермендер назарына ұсынды.

Нұрғалидың "Қазығұрт оқиғалары" атты кітабын оқып шығып, "Егемен Қазақстан" газетіне "Қазығұрттың інжу-маржандары" деп мақала жазған Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: "Нұрғали Ораздың әңгімелері көбінесе қыстағы, қысқа Күннің қызарып барып, қызғылтым тартып, айнала тауларды, даланы мүлгіте ойға қалдырғанындай, сағыныштардың сағым дариясы ән салып ағып жатқандай әсер қалдырады", – деген еді.

Т. Раушанұлы