Астананың ең әдемі қызы – Аяулым Ерғазы

Астананың ең әдемі қызы – Аяулым Ерғазы

18 жастағы медициналық университеттің студенті Аяулым Ерғазы «Мисс Астана-2012» атағын жеңіп алды. Жеңімпаздың ең басты сыйлығы Париж қаласына сапар мен республикалық «Мисс Қазақстан» конкурсына қатысатын мүмкіндік алуы болды. Ал республикалық конкурс 8 желтоқсанда өтеді деп хабарлайды BNews.kz. 

Ханшайымның асыл тастармен көмкерілген тәжін арнайы бұл байқауға дизайнер Әсем Нұрсейітова жасаған екен. Астана қаласының ең әдемі бойжеткені атағына таласқа бұл жылы 20 қыз қатысқан. Байқау 4 кезеңнен тұрады. Бірінші вице-мисс атағы астаналық студент қыз Айжан Байдосоваға бұйырса, ал екінші вице-мисс атағы жас дизайнер Анна Ливицкаяның еншісінде кетті. Үшінші вице-мисс – Гүлстан Омарова болды.

Қатысушылардың жасы 16-23 аралығы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, таңдау өте қиын болған. Ал ең басты талап – қыздың өз ұлтының салт-дәстүрін білуі екен.   

«Мен мұны шын күтпеген едім, өте қуаныштымын. Менің қарсыластарым өте мықты еді. Бірақ біз достасып та үлгердік. Ал Парижге мен өзімнің сүйікті жігітіммен бірге барамын. Болашақтағы жоспарым – оқуымды бітіріп, өз мамандығым бойынша білікті маман болу. Ал мен тіс дәрігері болғым келеді» - дейді Аяулым Ерғазы.

Кештің жұлдызды қонақтары қатарында ресейлік танымал әнші Доминик Джокер және қазақстандық гимнастшы Анна Алябьева болды.


Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: news.mail.ru

А. Құлтай