Әнші Ерлан Рысқали "Ән туралы" сөз қозғамақ

Әнші Ерлан Рысқали "Ән туралы" сөз қозғамақ

Қазақтың көмейіне бұлбұл ұялаған әншісі, дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушысы, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармония ұжымының жеке орындаушысы Ерлан Рысқали «Ән туралы» атты жеке шығармашылық кешін өткізбек. Қазанның 31-жұлдызында сағат 18.30-да өнердің қара шаңырағы Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармония сахнасында өтетін бұл кеште Ерлан Рысқали өнерсүйер қауымға ерекше сый тартуға ниетті. Бұл концерттің ерекшелігі - кеш лекция-концерт түрінде өтеді. Ерлан Рысқали жиналған жұртшылыққа дәстүрлі ән өнерінің кешегі мен бүгінгі жағдайын айтып, тарихынан сыр шертіп, ұлттық музыка туралы кеңінен ақпарат бермекші. Өз еліміз бен шетелдерде дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттап, оның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Ерлан Рысқалидің шығармашлық кешінде ҚР Мәдениет қайраткері, еліміздегі тұңғыш кәсіби сыбызғышысы Талғат Мұқыш, күйші, музыка зерттеушісі Мұрат Әбуғазы, халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері, күйші Нұркен Әшіров, қыл қобызшы Құрманбек Жансүгіров өнер көрсетеді. Қазақтың ұлттық музыкасын Республика аймағы мен шетелдерге паш етіп, тамырынан ажырамаған саф өнерді насихаттап жүрген Ерлан Рысқали дәстүрлі ән өнеріне қатысты елеулі халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ сияқты тұлғалардың ізін басып, саф өнерді жалғастырып жүрген әнші Ерлан Рысқали Арқа әншілік мектебінің өкілі. 2011 жылы қыркүйекте Ресейдің Астрахань қаласында өткен ІІІ халықаралық «Голоса золотой степи - 2011» байқауының Гран-при жүлдесінің иегері. Сондай-ақ, әнші жуырда Ресейдің Бурятия елінде өткен халықаралық «Еуразия дауыстары - 2012» фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетіп, шетел жұртшылығын ұлттық музыкаға тәнті етіп, күй өнерінен шеберлік сыныбын беріп қайтты. Бүгінде шәкірт тәрбиелеп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстаз болып қызмет етеді. Билеттер Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония кассасында сатылады. Мекен-жайы: Қалдаяқов көшесі, 32-үй, (Төле би көшесінің қиылысында). Анықтама телефондары: 8 727- 291-77-23, 291-73-25. Билеттерге ұжымдық тапсырыс алынады, жеткізу тегін.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Сурет: adyrna.kz

Ғ. Ұзақ