Электр тогын әуеде ойнатқан ғалым

Электр тогын әуеде ойнатқан ғалым
Фото: ganbox.ru

Никола Тесла – мың жылда бір өмірге келетін ғажайып таланттылардың бірі десек қателеспейміз. Өнертабысының жемісін адамзат әлі дұрыс пайдалана алмай келе жатыр. Кейбір ғажайып өнертабыстар сырын ол өзімен бірге ашпай алып кетті. Артында аңыз әңгімелер мен түрлі болжамдар ғана қалды... 

1856 жылы Австрия империясына қарасты Смилян қаласында өмірге келген Никола Тесла бала кезінен-ақ ерекше қабілетке ие болатын. Мектепті бітіргеннен кейін әкесінің қарсылығына қарамай Австриядағы жоғары оқу орнына оқуға түседі. Студент кезінен-ақ түрлі өнертапқыштығымен жұрт назарына бірден ілігеді. 28 жасында-ақ түрлі марапаттарға ие болады. Өз армандарын орындау мақсатында 30-ға толмай жатып Нью-Йоркқа келеді. Бірақ, көп өтпей бейтаныс қаладағы алаяқтарға алданып, бар жиған-тергенінен айрылып қалады. Дымсыз қалған Тесла көшеде бұзылып қалған электр техникаларын жөндеп ақша таба бастайды. Осылай күн көре жүріп ол ғылыми ізденістерін де тоқтатпайды. Кейін тәжрибелі маман ретінде “Вестингауз электрик” компаниясына жұмысқа кіреді.

1885 жылы Эдисонмен бірігіп жұмыс істей бастайды. Эдисон: "егер ол электрлік ток машиналарын конструктивті түрде жақсарта алуға көмектессе, 50 мың доллар беретінін" айтады. Ол сумма бүгінгі бағаммен есептегенде миллион долларға шамалас ақша болатын. Никола бар ынтасымен Эдисон айтқандай етіп құрылғы жасап береді. Бірақ, Эдисон сөзінде тұрмай: "Эмигрант америкалық қалжыңды түсінбейді екен"  –дейді. Алданғанын білген Тесла бірден Эдисонмен қош айтысады.

1893 жылы Чикагода болған бүкіләлемдік көрмеде ерекше оқиға орын алады. Никола Тесла денесінен 2 миллион вольтты токты өткізіп, қолына электр шамдарын алып жағады. Мұның сырын сұраған адамдарға: "Әңгіме электр энергиясы қуатының қаншалығында емес, оған қандай жалғануда", – деуден арыға аспайды. Осы жылы толқынды радиоұзатқышты ойлап табады. Бұл дегеніміз жердің бір бұрышынан екінші бір бұрышына электрді сымсыз-ақ жеткізу еді.

Ол Колорада да талай тәжрибелер өткізді. Жасанды күн күркірі, найзағай шақыру жолдарын ойлап табады. Өзі құрдырған арнайы мұнарадан біршама қашықтықтықтағы 200-ге тарта электр лампасын сымсыз-ақ жағып жиналғандарды таң-тамашаға батырады.

1895 жылы әлемдегі ең ірі Ниагара ГЭС-нің құрылысы басталады. Никола әдеттегідей бұл жерде де адам миына кірмейтін істермен жұртты таңғалдырады. Үлкен генераторларды радиотолқындарды қашықтықтан басқаратын құрылғылар ойлап табады. Ең ғажабы, Тесла жұрт көзінше зертханада электр энергиясын аспанда ойнатып, шабаданына салып алады. Мұны көргендер ғалымды сиқыршыға теңейді.

Никола Тесла 1900 жылы Нью-Йоркте танымал банкир Джон Пирпонтоп Морган қаржыландыруымен байланыс ғимаратының құрылысын бастайды. Оның жобасы “Wardenclyffe” деп аталып, екі мыңдай адам қатысуы керек болатын. Осыған байланысты Лонг Айленд аралында ғылыми қалашық салынады. Биіктігі 57 метрлік қызыл ғимарат тұрғызылып, ұшына мыстан жасалған қалқан тәрізді құрылғы орнатылады. Ғимарат іргетасы ретінде тереңдігі 36 метрлік шахта қазылады. 1905 жылғы сынақ жақсы нәтижелер бергенімен, кейбір себептерге байланысты жоба тоқтатылады. Осылай ғалымның тағы бір арманы орындалмай қалады.

1906 жылы Тесла электр энергиясын сымсыз 48 шақырымға дейін тарата алды.

1917 жылы мамыр айында Тесланы "Эдисон" атындағы медальмен марапаттайды, бірақ ғалым сыйлықты алудан бас тартады.

1931 жылы Никола дүйім жұртқа тағы бір ғажайып өнертабысын көрсетеді. “Лимузин” автомобилінің бензинмен істейтін қозғалтқышын алып тастап, орнына электрден қуат алатын қозғалтқыш салады. Машина үстіне беймәлім құты орналастырады. Нәтижесінде машина жылдамдығы сағатына 150 шақырымға жетеді. Көрермендер, қозғалтқыштың қуат көзі қайда деп сұрағанда, ғалым қысқа ғана "эфирде" деп қайырады. Кейбір кісілер көлік "қара күш" көмегімен қозғалып жатыр, ғалым дегеніміз "сиқыршы" деген лақап таратады. Бұл сөздерге ашуланған ғалым көлік үстіндегі беймәлім құтысын алып, зертханасына жасырып қояды. Осыдан соң ол туралы ешкімге тіс жармайды. Қайтыс болғанда да бұл сырды өзімен бірге ала кетеді. Егер, сол кезде бұл қозғалтқышты жұрт дұрыс қабылдағанда, бүгінге келіп сіз бен біз Илон Маск жасап жатқан "Тесланың" өте дамыған һәм қолжетімді түрін мініп, елдерде мұнайға деген сұраныс болмайтын ба еді, кім білсін?

Ең ғажабы Тесланың күнделігі де ізсіз жоғалған. Ол өзі ойлап тапқан өнертабыстарының бәрін жұртқа жария етпеген. Кейбірін сатып жіберген. Болжамдарға қарағанда ғалым күнделігін жағып жіберген. Бұл да аса сенімсіз. Себебі ғалым қайтыс болған қонақ үйінен 2 күн өткесін табылған. Сол уақыт аралығында ЦРУ-лықтар оның бүкіл жазбаларын алып кеткен дейтін сыбыстар да жоқ емес. Оның үшінде телепортацияға қатысты бірнеше жазбалар мен сызбалар да бар болатын.

Қысқасы, Никола Тесла 86 жылдық ғұмырында электр тогын сымсыз ұзату жолын, алғашқы электр сағатын, күн көзінен қуат алатын алғашқы қозғалтқышты, электромикроскоп т.б түрлі техникаларды өмірге әкелді. Бірақ біршамасының сырын өзімен бірге ала кетті.

Т. Раушанұлы