Гитлер көріпкелі

Гитлер көріпкелі
Фото: guioteca.com

1944 жылы Лондонда Лион Фейхтвангердің "Ағайынды Лаутензак" романы жарыққа шықты. Онда неміс жазушысы Гитлердің кеңесшісіне айналған телепат әрі көріпкел Оскар Лаутензак өмірін бейнелейді. Роман жарыққа шыққанда көбі Фейхтвангердің кейіпкерін жазушы қиялының жемісі емес, өмірде болған адам екенін білмеген еді. 1930 жылдары Берлинде нацистік билікке жақындығы бар, шыққан тегі аустриялық еврей Эрик Ян Хануссен атты көріпкел расымен өмір сүрген екен. 

Өзінің кітаптағы прототипіне қарағанда Хануссен өз қауіпсіздігіне алаңдамаған. Себебі, ол – SA шабуыл отрядының мүшесі. Хануссен айналасында неміс билігінің марғасқалары жүрген. Ол өзін еврей санамаған, керісінше тазақанды арийлік екенін айтып жүрген. Оның шын есімі – Хершел Штайншнайдер. 1889 жылы цирк әртістерінің отбасында дүниеге келген. Балалық шағы шағын театрлық топтармен өткен. Әртістерге еріп, түрлі өнерді меңгереді. Өсе келе қатарластарына кішкене шарлармен, жіптермен қулыққа толы фокустар көрсетіп машықтанады. Ең бастысы, иллюзионист-сиқыршылар, гипнозшылармен араласып, олардан адам көзіне қарап оның ішкі әлемін көруді үйренеді. 

Әртістер труппасымен бірге Хершел бүкіл Еуропаны, Таяу Шығысты, Мысыр мен Американы аралап, өзіне магия ғылымдарының докторы деген атақты еншілеп алады. Ол өнер көрсете жүріп байи түседі де, Берлинге көшіп келеді. Өз сеанстарында Хершел залдан бір адам шақырып алып өзіне көмекші әрі куәгер етіп алатын болған. Содан залдағы кез келген адамның қалтасындағы заттарын тауып алып, хаттарындағы жазуларды оқып, тіпті бейтаныс адамдардың туған күндерін тізіп айтып беретін болған. 

Берлинге келісімен ол атын Эрик Ян Хануссен деп өзгертіп, жеке биографиялық құжатына Хануссеннің көне дат барондарына тиесілі есім екенін, ал Штайншнайдерлер болса, оны асырап алған ата-аналары екенін жаздырады. 

Хануссен Гитлермен 1926 жылы танысады. Ол кезде екеуі де 37 жаста, екеуінің де бойы бірдей, шаштары ұқсас, жоғары білімдері жоқ болатын. Көріпкел мен ұлттық-социалистік неміс жұмысшы партиясының басшысы бірден тіл табысып кетеді. Көп жылдар бойы ораторлық, әртістік шеберлігі шыңдалған Хануссен Гитлерге халық алдында өзін ұстауды, қолды дұрыс сермеуді, ишарат сырларын, нандырып шешен сөйлеуді, өзіне жұртты қаратуды үйретеді. 

Хануссен рейхсканцлермен араласа жүріп, өз қауіпсіздігінің қамтамасыз етілгеніне күмәнданбаған еді. Бірақ олай болмады. 1933 жылы 26 ақпанда Хануссен біраз нацистерге сеанс жасап, көріпкелдік қасиетін көрсетеді. Бәрі таңғажайып бір нәрсе күтеді. Жарық өшеді, қабырғада адам көлеңкесі ғана көрініп, ол медитация жасай бастайды: 

– Берлинде өрт шапағы, ол сәт сайын үдеп барады, аспан тұтас қызылға боялған. Берлиндегі ең танымал ғимарат түгел отқа оранған. Оны біреулер өртеп кеткен. Бірақ кім? 

Келесі күні газеттер даулы хабар таратады: "Коммунистер рейхстагты өртеген! Қызылдарға соғыс ашылсын!" SA билігіндегілер Хануссен тым көп еркінсіп кетті деп шешім қабылдап, Герингке хабар жеткізеді. Ол жайлы ақпараттар анықтала келіп, биліктегілер оның шыққан тегі еврей, шын есімі Хершел Штайншнайдер екенін анықтайды. Хануссен өмірі құрдымға кетеді, оны ешкім ақтап алмайды. Тіпті Гитлер де. 1933 жылы 7 сәуірде көріпкел қаза тауып, оны SA жендеттері атып өлтіргені тек отыз бір жылдан кейін анықталады.

Massaget.kz