Олжас Сүлейменовтің қанатты сөздері

Олжас Сүлейменовтің қанатты сөздері
Фото: Массагет

Қазақстанның Халық жазушысы, ақыны, тілтанушы, саясаткер, қазақ халқының талай ғасырлық мұңы мен қуанышын, сыры мен сипатын жырлаған Олжас Сүлейменовтің айшықты, орамды ойлары артында қалған ұрпаққа мұра болып қалды. Ендеше назарларыңызға ақынның қанатты сөздерін ұсынамыз.

Әдетте таңба атаудан бұрын шығады.

Сөздік – тарихи мәліметтердің қайнар көзі.

Тіл – жазба жәдігерлерде таңбаланбаған әлем жылнамасын сақтаушы құрал.

Шындықтың наданның табанының астында шырылдап жатқанын көргенде – немкетті сезімнің де дәті шыдамайды екен.

Түркі рулары қауымдастықтары арасындағы қақтығыстар олардың таңба шебін кеңістік бағытта ұзарта түсу ниетіне сәйкес тұтанып отырды.

Ақиқатты себеп-салдар жолымен түсіндіру – Лейбництің ойлап тапқан амалы. Соған орай тәжірибеден салдарды иланымды деңгейге жеткізуге қажет себеп теріліп алынады.

Ата-бабаларымыздың сана-сезімдерінің қалтарыстары аз болмаған.

Тарихи шындықты жеке адамның көзқарасы билеп кеткен кезде – әзәзіл кейіпке түскен дерек тәңірлік жолдан таяды: ғылым ондай деректің маңдайына қарғыс таңбасын басады.

Жазба деректерге көзсіз сену – тарихнаманың ғылымнан айырмашылығы осында жатыр.

Еуропаның да, Азияның да жылнамаларында адамзаттың өткені – сұрапыл соғыстар, сарай төңкерістері арқылы ғана бейнеленеді. Ал мәдениет тарихы үзді-жұлды, жол-жөнекей ғана ұшырасады. Патшалар мен әскери қолбасшылардың (тіпті жүзбасылардың) есімдері мен өмірбаяндары аталады. Ал ұлы музыканттар мен ақындардың, суретшілер мен ғалымдардың көбінің аттары мүлдем сақталмаған.

Жылнама біткеннің беттерінен айқай-шу, ойбай мен балағат лебі еседі. Тіні – үрей мен кек. Ал миллиардтаған үлкенді-кішілі махаббаттар, адамзат бақыты, қуаныш пен үміт, мыңдаған жылдарға ұласқан бейбіт еңбек дәуірінің ізі де жоқ.

Мәжіліс үстінде қызық ойлар келеді. Өзіңді симфониялық музыка тыңдағандай сезінесің. Сөз бен әуен ойлау жүйесін реттейді. Құбылыстарды шендестіре ойлау мүмкіндігі туады.

Дәстүрлі тарихты теріске шығару – Азияның қазіргі жас зиялыларына тән ортақ көзқарас.

Тарих- ұзақ уақыт бойы саясаттың құлы, шовинизм мен ұлтшылдықтың қайнар көзі болып келді.

Неге поэзия – тек сезімнің, ал ғылым – тек зерделіліктің көрінісі болуға тиіс. Ақылсыз адам шығарған өлең жолдары нақылға айналмайтыны хақ.

«Ғалым», «ақын» деген ұғымдардың мағыналарының ажыратылғанына онша көп бола қойған жоқ. Екеуі де бір сөзбен айтылған: Еуропада – «артист», Орта Азияда – «чаляби». «Чаляб» - көне түркі тілінде «жаратқан» дегенді білдіреді.

Өміріңді алдын-ала жоспарлап, белгілеп алған бағдарламаңды бап-бабымен мүлтіксіз орындай қолдан келе қояр ма екен?!

Пайда қуу – ойын шарты. Мүдделі болмасаң, ойынға да кірмейсің.

Ғылым үшін тіл мен жазу – қаймағы алынбаған мәдени игілік.

Сөз дегеніміз – дәйек.

Көшпелілер ғылымнан көп зорлық көргені анық.

Шынайы ғылымда атақ пен дәреже дәлелге жүре алмайды. Ал қателік пен надандық кейде қол ұстасып кетуі мүмкін.

Біздің құр қуыс деп жүргеніміз текті тереңдік болып шығуы да ғажап емес.

Жазу үрдісі де мәңгілік емес.

Нақты ғылымдардың ұдайы жасарып-жаңғырып тұруының құпиясы – олардың қашанда ой жаңартуға әзір тұратындығында жатса керек.

Ғылымның басқа салаларында дәл тіл ғылымындағыдай «ата-бабаға» көзсіз табыну салты жоқ шығар.

Көшпелілер ат жалын құшып, қанша шапқанымен – уақыт сол бір орнынан қозғалмаған сияқты.

Мен – жаратылысымнан барлаушымын.

Тілдер туыстығы – мәдени туыстық.

Кез келген халықтың өмір графигі – кардиограмма іспеттес. Медицинада түзу сызық адамның ғұмыры таусылғанын білдіреді. Тарих үшін – қайта өрлеу белгісі. Күш жинау кезеңінің белгісі.

Материалдық мәдениеттің бүкіл тарихын сұлулықтың – әсемпаздықпен, бейненің – затпен, поэзияның – сөзбе-сөз ұғынықтылықпен толассыз күресі деуге болады.

Нағыз тіл маманы сөздің ішкі құдіретін сезіне алуы керек.

Түн – өлген күн.

Көне заман адамдарының жан дүниесі – табиғат поэзиясымен туыстас.

Түркі мәдениеті дамуының екі шыңының арасында (бағзы түркі – Шумер мен көне түркі – Сібір) бірнеше мыңжылдық құрдым жатыр.

Шумер мен түркі тілдері – дін ортақтығы негізінде қалыптасқан мәдени федерациялық тілдер.

Н. Үсенова