Аллеядағы әңгіме немесе қазақтың қайсар қаламгері

Аллеядағы әңгіме немесе қазақтың қайсар қаламгері
Фото: alashgazeti.kz

Ұлт руханиятының қаранар абызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Казақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза қазақтың көркем әдебиетіне ғана олжа салып қойған жоқ. Оның қаламгерлігі қайраткерлікке ұласты, оның көкірегінде қоғамдық ойдың қорытпалары балқыды. Шерағаң жаңа тұрпатты, еркін тынысты тәуелсіз қазақ баспасөзінің бастауында тұрды. Өзінің айналасында Шерағаң шекпенінен шыққандардың тамаша журналистік мектебін қалыптастырды. Редакторлардың редакторы атанды. Отанымыздың бас газетінің егемендігімізге сай жаңа атауын дүниеге келтірді. Ел газеті «Егеменде» Шерхан Мұртаза үрдісі, Шерағаң дәстүрі дәуір жалауындай желбірей жалғасып келеді. Ұрпақ сабақтастығы деген осы.

Кешкілік Гагарин даңғылының бойын­да­ғы аллеяда серуендеп, жүзтаныс кісілермен шүй­іркелесіп, әңгіме-дүкен құрып қайтатын әде­тіміз бар-ды. Бірде осы аллеяда:  – Шындықты жасыруға болмайды. Себе­бі ол ерте ме, кеш пе, бәрібір айтылады. Ал сен­дер, қазақ қаламгерлері әлі де жасық­сың­дар, – деп кергіген бір ағамыздың сөзіне қат­ты шамданып қалдым. (Жүйкем, сірә, сыр бере бастаған болса керек.) Сондықтан да:  – Тап осындай жалпылама, ешқандай негізсіз айыптаулардың қажеті қанша, – дедім қабағымды шытып. Бірақ, ол да өкпесін ішіне жинап, қапысын тапса, есік алдына төккен кірдің суындай лақ еткізіп шаша салайын деп жүр екен.  – Оу, сен өзің айтшы, – деді екіленіп, – қа­зақтың қай жазушысы, қай ақыны қазіргі шын­дықты жазып жатыр шырқыратып?! Көрсетші қане, бар болса?!. – Көрсетемін, – дедім менің де қаным басыма шапшып. – Ертең дәл осы уақытта, дәл осы жерге келіңіз. Көкейіңізде жүрген нәрселерді осы бастан жүйелеп, тізбектей беріңіз.  – Керек болса, қағазға жазып әкелем! – деді ол сұқ саусағын аспанға шошайтып. – Келістік онда! Екеуміз аяқ астынан жын қаққандай орнымыздан атып-атып тұрдық та, екі жаққа бөлініп кете бардық. Сөйтіп, ертеңіне дәл уәделі уақытта жо­лық­тық. Ол кісі әрине, ештеңе де жазып әкел­мепті. Сонысына ептеп қысылғандай, қолын ке­сірлене сілтеп: «Белгілі ғой бәрі де…» деп қойды. Ал мен болсам, Шерағаңның – Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, қазақ әдебиетінің клас­сигі Шерхан Мұртазаның «Ақындар мен әкім­дер» атты кітабын қолтығыма қыса кел­генмін. Сондықтан да мысым басымдау бол­ды. Бұл өзі бір, ерекше құнды кітап қой. Өз басым «Қазақтың өрттей лаулаған рухын, найзадай үшкір намысын, алмас қылыштай өткір ойы мен қара топырақтай құнарлы тілін іздесең, тап осы кітапты аш, бауырым», дер едім. Және-дағы кемел ақыл, ыстық сезім, берік төзім де бар мұнда! – Ендеше, тыңдаңыз, – деймін мен әлгі ағамызға. – Жақсылап тұрып тыңдап алы­ңыз! Шерағаң былай деп жазады: «Империя­ның өзі қандай алып болса, араны да сонша көп ашылмақ. Ол үшін жер бетінде, айта­лық, қазақ деген халықтың болу-бол­мауының құны көк тиын. Ол үшін қазақтың хал­қы емес, бай жері керек. Жерді босатып, иемденуі керек. Қазақ та тірі жан, оңай­лық­пен жойыла қоймайды. Сондықтан да империя оны дүркін-дүркін қырғынға ұшыратты. Зең­біректің күшімен. Қолдан жасалған жойқын ашаршылықтың күшімен. Қазақ та тірмізік екен, жер бетінен тып-типыл жойыла қоймайды. Ендеше идео­ло­­гия­лық шабуылды күшейту керек болды. Бұл салада империя көп жеңіске жетті. Са­на улан­ды, тіл өлімсіреді, ұлттық рухани әлем күй­реу халіне жетті. Осының салдары­нан кей­бір пақырлар өзін «қазақпын» деп қас­қай­ып айтуға ұялып, намыстанатын ауруға ұшырады. Бұлар, амал жоқ, ұлттық нигилистерге айналды. Өз ұлтын жек көре­тін­дерді, өз ұлтын өзгелерден кем санайтындарды осылай деп атайды». Мен кітаптан басымды көтеріп, әуелгі әсері қалай дегендей, әлгі кісінің жүзіне барлай қарадым. Ол ақырын ғана басын шұлғып, әлденеге таңырқап, қасын керіп отыр екен. Әйтсе де, езуіне бір мысқыл үйіріліп, мен ескермеген бір нәрсені бетіме баспақ болғандай: – Бұл кешегі күннің мәселесі ғой, – деді ыңыранып. – Ал біз тәуелсіздік алғалы қаш-шан…    – Иә. Расында да, солай. Бұл Шерағаңның 1994 жылы жазған «Империяның улы жемісі» атты мақаласы. Сіз қазақ қаламгерлері батыл үн қата алмай келеді деген соң әдейі осыдан бастап отырмын. Дегенмен, қазақ жеріне қазір де, ертең де империялық пиғылмен қарайтындардың аз болмайтыны анық қой. Ал жарайды… әрі қарай тыңдаңыз. Шерағаң жазады: «Тәуелсіздік таңы атты. Қазақ тілінің күні туды дедік. Қазақ тілі жеке дара мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді де­дік. Тақиямызды аспанға лақтырдық. Асы­ғыс­тық болды. Өйткені сол тақия қайтып жер­ге түспей, бой жетпес бір ағаштың бұта­ғы­на ілініп қалған сыңайлы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына қасарыса қарсы шыққандар, әлі де жанталаса қарсы болатындар аз емес. Олардың қатарында, құдай сорлатқанда, өзіміздің әлгі ұлттық нигилистеріміз де бар. Әсіресе, солардың өңмеңдеуі жаман». Мен тағы да кітаптан басымды көтеріп: – Қалай? – дедім. – Жөн, жөн, – деді ол жұмсақ қана жымиып. – Мен де саңылаусыз емеспін. Білем ғой. Шәкең кезінде Мәжіліс депутаты болды. Көп мәселелерді батыл айтты. Ал мына жазғаны тіпті, өткір екен… – Әрине, – дедім мен енді оның іші жыли бастағанына қуанып. – Парламентте уақыт шектеулі емес пе, сондықтан да, ол жерде мәселенің түйінін ғана айту керек болған шығар. Әрі ондағы тыңдаушы контингент те басқа. Ал енді, Шерағаңның ұлт хақында, қоғам хақында жазған өткір публицистикасымен өзіңіз танысып көрсеңіз ғой!.. – Иә-ә, – деді ол. – Жөн-ақ… Әрі қарай оқи­ықшы, тағы не жазады екен? – Ой, ағасы, бұл кітапта ұлтқа, қоғамға, бү­гінгі жүйеге қатысты мәселенің бәрі қам­тылған! Қайсыбірін оқи берейін?! – О тоба, бәрі-бәрі дейсің бе? – Иә, бәрі, – дедім мен сенімді түрде. – Оқысайшы онда! – Жоқ. Одан да сіз мына кітапты алып, үйіңізде асықпай отырып қараңыз. Бірақ… кейін өзіме қайтаруды ұмытпаңыз. – Рақмет, – деді ол басын шайқап. – Одан да сен маған… өте керекті-керекті жерлерін осылай оқи бер. – Ой, сіз де қызықсыз, – дедім күліп. – Бұл ұлтқа керекті, әрбір үйдің төрінде тұруға тиісті кітап. Сондықтан… – Жо-жоқ, – деп ол менің сөзімді бөлді. – Мен өз көңілімдегі сауалдарды қояйын, ал сен маған сол мәселелерге қатысты жерлерін оқы. – Жарайды. – Мен енді шаршай баста­ға­нымды сездім. – Ал, қойыңыз сұрақ­та­рыңызды… – Олай болса, қарашы, біздің жеріміз кең, асты толған кен. Ал өзіміз азбыз. Бірақ сонда да, неғып байымаймыз?.. Мен қолымдағы «Ақындар мен әкімдер» атты кітаптың мазмұны көрсетілген бетті ашып, бір көз жүгіртіп өттім де, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» деген бөлімге ауыстым. Бұл Шерағаңның жан досы Камал Смайыловпен жазысқан хаттарының топтамасы еді. Естеріңізде болса, бүкіл ел болып, «Егемен Қазақстаннан» жарыса оқымап па едік. – Міне, тыңдаңыз! – деймін оған. Шерағаң жазады: «Камал! «Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары н­ағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміздің қолына еркін тиді» деп жазыпсың. Соны енді біліп жүргендей «екен» дегенің нет­кенің? Ал сол сандықтың «кілті енді елі­міз­дің қолына еркін тиді» деп айқай­ла­ғаныңа жол болсын! Онда біз сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз? Ашпаймыз ба сандықты? Малмаймыз ба қолымызды алтын-күміске? Оптимист, ақ көңіл, аңқылдақсың, Камал. Адам ой-азаптан азып-тозбас үшін осындай қасиет те керек шығар. Камал! Сен де, мен де жас кезімізде Қара­ғандыда жұмыс істедік. Шахталарға түс­тік. Журналистік азап істің қазанында піс­тік. Қазір сол Қарағандының шахтала­рын ағылшындар жалға алып жатыр. Сол өлкеде біздің алдымызда қызмет етіп, «Менің құрдастарым» атты тамаша кітап жаз­ған Саттар Ерубаев, жаның жаннатта бол­ғыр, бір кезде Қарағанды шахталарын би­леген Хопкинс атты ағылшынның жер­гі­лікті халықты қалай қанап, қалай тонап, қалай қорлағанын жазбаушы ма еді. Қалай ойлайсың Камал, сол сойқан тағы да соқпай ма? Мысалы, Ресейге жалға кеткен Байқоңыр­дан қазір оқтын-оқтын, еміс-еміс бір ызалы, өкі­нішті үндер естілгендей болады. Ата-ба­басынан бері қарай мәңгі-бақи сол жерде өмір сүріп келе жатқан қазақтарға Ресейдің азаматтығын алмаса, жұмыс бермейтін көрінеді. Өз еліңде, өз жеріңде отырып Ресейдің азаматтығын ал, әйтпесе, қайқайып тұр. Екінің бірі. Мүмкін, сенде басқа деректер бар шығар. Лайым, менің естігенім қате болғай. Бұған қалай қарайсың? Өзің айтқан «майлы жілікті жақсы кө­ре­тіндер» көбейіп кетті. Бұл ненің ныша­ны? Шетелге жалға, несиеге бергенсіп, қан­­дай да бір өзіміздің алпауыттар нелер ірі кәсіпорындарды өздері солқылдатып сорып жатыр деген сөз бар. Одан не білесің, Камал?» Ол бұл жолы Шерағаңның әрбір сөй­ле­міне басын шұлғып, ұйып тыңдап қалды. Ауық-ауық күрсінді де. Бірақ, онысын өзі де байқамады-ау деймін. Мен сәл кідіріс жасап, әлгі сауалға толық жауап алған болар деген оймен басымды көтердім. – Қалай?  – Дұрыс, – деді ол ақырын ғана. – Бәрі дұрыс. Бүгінгі Хопкинстің аты-жөні маған белгілі… Ал, бауырым, Шәкең тағы не жазады екен, әрі қарай заулатшы… – Паһ, шіркін, заулататын кітапты тапқан екенсіз! – Ә-ә, иә, иә… Кешір. Сонда да болса… Шә­кең ұлттық намыс, рух туралы не жаза­ды?! Мен оған таңдана қарадым. Сөйттім де: – Міне, тыңдаңыз! – деп, «Намыс пен рухты іздеу» атты ой-толғауға үңілдім. Шерағаң жазады: «Ғасырлар то­ғы­сын­да­ғы қазақ тілінің тағдыры. Орыс Радлов, по­ляк Янушкевич сияқты жатжұрт­тық ірі тұл­ға­лар­ға өзінің ұлылығымен, сұ­лу­лығымен, әуез­ділігімен таңдай қақ­тырып, таң қалдырған қа­зақ тілінің халі нешік? Күні кеше Алматыда «Отан» партия­сы­ның бірінші съезі өтті. «Отанға» бірқатар бас­­қа партиялар бірікті. Съезді ашқан орыс Сер­гей Терещенко сөзін, кедір-бұдырлау бол­­са да, қазақша сөйледі. Ал облыстан кел­ген қазақ делегаттар шетінен орысша сай­­рады. Сірә, бұл партия алдағы уақытта бе­лең алар. Алдағы сайлауда депутатыққа да, өкі­меттің жанды-жанды буын­дарына да осы пар­тияның белсенділері ұсынылар. Сон­да қа­зірден мемлекеттік тілге мынандай «құр­мет» көрсеткенде, іс басына барғанда қан­дай бол­мақ. Жалпы, «Отан» партиясының бағ­дар­ла­масында уәденің бәрі бар. Тек мәдениет, Мем­лекеттік тіл туралы ләм деген дыбыс жоқ.  Жиналыста сөйлеген Халық қаһарманы Қасым Қайсенов айтқандай, бізде намыс оты өлегізген. Намыссыздықтан екі қазақ бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өйткені ұлттық рухты отарлау саясаты сындырған.  Жазушы Қалихан Ысқақтың сөзімен айтқанда, бұрын жалпы отарлау болса, енді «рухани колонизация» жүріп жатыр. Мәскеуде өтпей қалған, рухани нәрі жоқ, қайта санаңды улайтын кітап топаны Қазақстанда қаптады. Радио, әсіресе теледидарда рухани дивер­сия жүріп жатыр. Бұл салада қазақша ха­бар­­лар мейлінше қысқарды. Орысшасы кө­бейіп, қазақшасы барынша азайған заман. Киоскілердегі жүз газеттің ішінен қазақша бір газет таппайсың. Билік ақшада. Кімде ақша бар, күш сонда. Күштілер қазақшаңа қарамайды. Және ақша ұлт таңдамайды.» …Енді осы да жетіп артылар дегендей кі­тап­тан басымды көтеріп, оның жүзіне үңіл­дім. Ол болса, көзін жұмып, басын шұл­ғыған күйі ұйып қалған екен. Даусымды қаттырақ шығарып: – Бұл 1999 жылдың наурыз айында жа­зыл­ған ой-толғау, – дедім оны «оятқым» ке­ліп. – Қазір де… – Білем, – деді ол. – Қазір де солай. Екі қазақ бір-бірімен орысша сөйлесуге арланбайды. Әне, қарашы, осы аллеядағы қарт кісілердің өзі немере-шөберелерін: «Айка», «Жанка», «Данка» деп шақырып жатқан жоқ па…  «Иә-ә, бұл кісі тегін қазақ емес, – деген ой келді маған. – Бірақ, осы уақытқа дейін оянбай, ұйықтап келгені несі?». Сонсоң, әңгімемізді әуелгі арнасына қарай бұрып: – Ал сіз болсаңыз, қазақ жазушылары үндемейді, ащы шындықты жазбайды дейсіз. Біле білсеңіз, олар қай кезде де ақиқатты айтудан қаймықпаған. Мына кітапты оқып шықсаңыз бар ғой… – Жарайды, жарайды… – деді ол менен кешірім сұрағандай иығымнан қағып. – Тағы оқысаң, тағы да тыңдай берем… Бірақ, уақыт кеш боп қалды. Бүгінге осы да жетер. Ертең, амандық болса, тағы кездесеміз… Сөйтіп, орнынан тұрмақ боп оқтала бер­ді де, кенет ұмытқан бір нәрсесі есіне түс­кен­дей маған қадала қарап: – Біз, інішек… қазақша оқудан қалғалы қаш-шан… – деді ақырын ғана,  Ұлт алдындағы бір ауыр айыбын мой­ын­да­ғандай ащы мырс етіп, басын шайқады.  – Қалайша? – Мен аң-таңмын. – Сіз не… мек­тепті орысша бітіріп пе едіңіз?! – Жоқ. Қазақша-ақ бітіргенмін. – Ал онда… – Солай, – деді ол даусы қарлығып. – Мек­тепті ауылда қазақша бітірсек те, мына қа­лаға келіп, техникалық жоғары оқу орнына түскеннен кейін… тілдің тауқыметін көп тарттық. Оқулықтардың бәрі орыс тілінде болды. Оқытушылардың да көбі орыс… Бірді-екілі қазақ болса, олар да лекцияны орыс­ша оқыды. Сонсоң біз намысқа ты­рыс­тық. Жақсы студент атану үшін күн­діз-түні орысша оқулықтарды жаттадық. Кей­ін… қызметке орналасқан соң да орысша сөйледік. Сөйтіп жүріп, өз қазағымыздың мәдениетінен, әдебиетінен бірте-бірте алыстай бердік, алыстай бердік. Енді, ұят та болса айтайын, қазақша мүлде оқи алмаймын. Біртүрлі… шығып қалыппын… Бөтен дүние секілді, тісім батпайды…  «Мәссаған! – деп таңғалдым мен ішімнен. – Манадан бері «Шер-ағаңның кітабын оқыңыз, оқыңыз» деп, құр босқа арамтер болған екенмін-ау!..» Сәлден соң ол тротуармен төмен қарай аяңдап бара жатты. Ал мен жоғары өрледім. «Бәсе, бұ кісі неге ұйқтап жүр десем, – деймін өзімнен-өзім өкініп. – Қазақшаға тісі батпайды екен-ау…» Дегенмен, бұл маған жазылмайтын дерт секілді көрінбейді. Әлі де болса, өзін өзі емдеп жазуына болады-ау деймін топшылап. Тек әйтеуір, иманы, ынта-жігері жетсе деңіз… Өйткені, Шерағаң жазып еді ғой: «Заман түзелер, адам түзелсе. Тұрмысымыз оңалар, ақшамыз да орнығар. Үмітсіз шайтан деген. Тек адамдар имансыз болмаса екен!»

alashgazeti.kz

@. @assel_assanova