АҚШ президенті Джон Кеннеди мен Мэрилин Монро арасындағы махаббат оқиғасы

АҚШ президенті Джон Кеннеди мен Мэрилин Монро арасындағы махаббат оқиғасы
Фото: vk.com

1954 жылдың жазында Массачусетс штатының жас сенаторы Джон Фицджеральд Кеннедидің құрметіне кеш ұйымдастырылды. Кешті ұйымдастырған Питер Лоуфорд Кеннедидің актриса Мэрилин Монроға қызығушылық танытатынын бұрыннан білетін. Досының көңілі үшін Лоуфорд қолынан келгенінің бәрін жасап, Мэрилинді кешке алдыртады. Ол кезде Мэрилин баскетболшы Джо Ди Маджоның әйелі еді. Баскетболшы әйелінің шулы ортада жүргенін қаламайтын. Мэрилин болса, Голливудты шын жүрегімен жақсы көріп, мұндай кештерден қалмауға тырысатын. Күйеуінің ренжитінін біле тұра Мэрилин ойын-сауық ортасына бұл жолы да келеді. 

Осы кеште Кеннеди Мэрилиннен бір сәт те көзін алмай, сұлу актрисаны кеш бойы бақылаумен болады. Арада бірнеше күн өтеді. Біреу Мэрилиннің үй телефонына қоңырау шалады. Тұтқаны Ди Маджо көтеріп: "Тыңдап тұрмын" дейді. Үнсіздік. Бұл Мэрилин Монроға қоңырау шалған Джон Кеннеди болатын. 

Осылайша әлем халқы талқыға салған махаббат оқиғасы басталады. Өзінің тұрмыстағы келіншек екеніне қарамастан Мэрилин Монро да Джон Кеннедиге көңілін білдіреді. Бұл кезде Джонның да әйелі бар еді. 

Джонның әйелі, Мэрилиннің күйеуі болса да, екеуі бұл қарым-қатынасқа нүкте қоя алмады. АҚШ-тың болашақ президенті мен әлемге әйгілі актрисаның арасындағы махаббат күн өткен сайын лаулай берді. Мэрилин Джонға құлай табынды, ал Джон әлемдегі ең сұлу әйелдің қасында өз-өзін нағыз еркек ретінде сезінді. 

АҚШ-тың 35-президенті Джон Кеннеди

АҚШ-тың президенті болғаннан кейін де Джон Кеннеди Мэрилин Монромен кездесуін тоқтатпады. Бірақ саясаткер үйленіп, үй болу жайлы сөз қозғамады. Уақыт өте берді. Кинода ақылы жоқ сұлу қыздың рөлін ойнап, әлемге танылған Мэрилиннің көкейінде күмән туды. Ол өзі сүйген жанның жары боламын деп ойлаған еді. Бірақ миллионерлер мен саясаткерлер шыққан Кеннедидің алып отбасы өз жанұясының қатарына жеңіл жүрісті көрінетін Мэрилинді қабылдауға дайын емес еді. Мэрилин осыны түсінген сәттен бастап өзгеріп, Джонға талап қоятын болды. Ақ үйге Джонға қоңырау шалудан да тартынбады. Тіпті президенттің әйеліне хабарласып, мән-жайды жайып салған. Мұның бәрі АҚШ президентінің жүйкесін жұқартып жіберді.

Мэрилин Монроның Джон Кеннедиді халықтың алдында құттықтауы

Джон Кеннеди Мэрилин Монродан алшақтай бастады. Мэрилиннің үйінде Джон емес, Джонның бауыры Роберт Кеннеди көп жүретін болды. Мэрилин бұл күндері Джонның ойы жеңіл болғанын, өзіне ешқашан үйленбейтінін түсінген. Шегінерге жол жоқ. Қандай жолмен болса да, бақыты үшін күресуге бел буған Мэрилин Роберт Кеннедимен жақын қарым-қатынаста бола бастайды. Бұл жолы да бәрі жақсы басталады, ал соңы... Соңы дәл осылай аяқталады. Роберт Мэрилинге үйленуді ойына да алмаған болып шығады. Мэрилин қуыршақ секілді ойыншыққа айналған екен. 

1962 жылы тамыздың басында Мэрилин Роберттің өз отбасымен демалысқа кеткелі жатқанын естиді. Ол Робертке қоңырау шалып, тез арада келіп, бәрін түсіндіріп беруін сұрайды. Олай болмаған жағдайда Джонның да, Роберттің де өзіне айтқан сырларын бүкіл әлемге жайып салатынын айтады. 6 тамызда пресс-конференция өткізіп, журналистерді жинайтынын, ағайынды Кеннедилер өзін қалай қолданғанын, қандай мемлекеттік құпияларды білетінін – бәрін-бәрін ақтаруға сөз береді. Роберт Мэрилинді сабырға шақырғанымен, бәрі бекер еді. Үміті үзілген келіншек ештеңеден тайынбайтынын білдірді. Роберт Мэрилинге келіп, бәрін түсіндіруге тырысады. Бірақ Мэрилин қатты ашуланып, Робертке асхана пышағын лақтырған. Бұл оқиға – көптің аузында жүрген аңыздың бірі ғана. Жұлдыздың артынан көп қауесет ерген. 

Бірнеше сағат өткен соң Мэрилин Монро, ғасырдың әйгілі әйелі, жарық жұлдыз, талантты актриса, кино өнеріне құбылыс болып келген ұлы тұлға төсектен өлі күйінде табылады. Ресми дерек бойынша, Мэрилин өз-өзіне қол салған. Бірақ бұл ақиқат па? Мэрилин Монро өз-өзін өлтірді ме, жоқ па, бұл сұрақ әлі күнге дейін жұмбақ. 

Қалай болғанда да төрт құбыласы сай көрінетін сұлу әйел, миллион жігіттің аяулы арманы болған Мэрилин Монро Джон Кеннедидің жүрегін жаулай алмады... 

М. Оңғарова