Ұлылардың өнімді жұмысынан өнеге алыңыз

Ұлылардың өнімді жұмысынан өнеге алыңыз
Фото: Коллаж

Адам күндіз мимен, түнде жүрекпен жұмыс істейді. Түн мезгілінде тірлікті ұйқыдан артық көретіндер көбінесе – шығармашылыққа жақын жан болып келеді. Сіз де шығармашылыққа жақын болсаңыз не жай ғана жұмысыңызды хоббиге айналдырғыңыз келсе ұлы адамдардың жұмыс тәртібіне көңіл аударыңыз.

Ерте тұрыңыз

Бұл мәселеге келгенде талас-тартыc бітпей келеді. Себебі де бар. Мысалы әдебиет сыншысы Сэмюэл Джонсон, саясаткер Черчилль, публицист ақын Дилан Томас – олар ешқашан күнмен таласа тұрмаған, түнімен шығармашылықпен айналысатындықтан, кереуетіне еркелеп, асықпай тұруды жөн санаған. Ал үнді саясаткері Ганди, Америка дипломаты Франклин, Африка президенті Мандела – барлығы да тым ерте оянатын болған. Ұлы адамдар нешеде ұйықтап, нешеде оянса да, миын тынықтыруға арнайы уақыт бөлген.

Үзіліс жасап, тамақтаныңыз

Уинстон Черчилль түскі асқа отырар алдында ванна қабылдап, таза киімдерін киетін болған. Ал біз түскі астың өзін жұмыс үстелімізге әкеліп не жол-жөнекей жүріп немқұрайлылықпен жей саламыз. Шай ішумен уақыт босқа өтеді деуге болмайды, өзіңізбен өзіңіз кеңістігіңізді тарылтып, қоғамнан шеттеле бермей, адамдармен әңгімелесуге де уақыт бөліңіз. Себебі уақытты пайдалы әңгімеге арнай білсеңіздер, тың ақпараттарға қанығасыз, жаңа ой, идея туады.

Көбірек демалыңыз

Ұлы адамдар қысқа жұмыс күнінде де бір уақыт өзін жұмыстан өзге іске алаңдатып, үзіліс жасайтын болған. Мәселен Сократ көшеде келе жатып, бір жерге бөгеліп, бірнеше минут қозғалыссыз тұрады екен. Ал Бетховен әр таң сайын жүгіріп не жай ғана аллеямен жүретін болған.

Барды барында бағалаңыз

Күніңіздің әр минутын жоспарлап әуре болмаңыз. Таңда және кешке жұмыс істеуге тырысыңыз. Ал күннің жарық бөлігін «мимен шешетін» шаруаларға арнаңыз. Өзі күрделі өмірді қиындатпай, керісінше, жеңілдейтіндей жоспарлармен жүріңіз. Адам үнемі шектеулі уақытта жұмысты аяқтауа мәжбүр болса, жаны қысылып, психологиялық тұрғыда шаршайды. Сол себепті басты істерді тындыруға келгенде қиналып жатады.

Дене шынықтырыңыз

АҚШ вице-президенті Эл Гор күн сайын жұмысын үш сағатқа тоқтатып, көшеге шығып серуендеп келетін болған. Эмерсон, Виктор Гюго, Ганди – олар күн сайын таза ауада тыныстап, серуендеуді міндетті санаған. Ницше осындай міндетті серуен кезінде басына келген ойларды қойын дәптеріне түрте жүріп, кейін ұлы туындылар дүниеге әкелген. Ал Оңтүстік Африка президенті Манделаның серуені мына жағдайдан кейін аңызға айналған. Бір күні одан сұхбат алу үшін көп батылдыққа барған журналиске келісім береді. Кездесу таңғы сағат 5-ке белгіленеді. Бірақ журналист Мандела туралы көп мәлімет біле алмайды. Себебі үнемі жүгірумен айналысатын Манделаның қасында ентіккен журналист ары қарай сұрақ қоюға шамасы жетпеген.

Ымырт жабылғанша жұмыс істеудің қажеті шамалы

Ұлы адамдардың барлығы бүкіл күнін жұмысқа арнаған жоқ. Мысалы, философ Мишэль Фуко тек сағат 09:00-15:00 аралығында ғана жұмыс істеген. Бетховен де жұмысын таңмен таласа бастап, түс қайтқанша аяқтаған. Олардың ешқайсысы да 12 сағат бойы жұмыс істеу деген ұғымды түсінбеген. Атақты жазушы Том Роббинс жұмысына үш сағаттан артық уақыт бөлуді артық көрген.

Өмірді түрлендіріңіз

Ұлы адамдардың өмірі күтпеген оқиғалар мен таңғажайыптарға толы болған. Қалағанымызға жету үшін ұсақ-түйекке мән бермей, барлығының дәмін татып көру керек. Черчилль күндіз балықтарына жем беріп, карта ойнап, басқа да істермен айналысып жүретін болған әрі ми жақсы жұмыс істеу үшін өзіміз әртүрлі іспен айналысуымыз керек екенін дәлелдеп кеткен.

Топтама (коллекция) жинаңыз

Қазақтың біртуар дара тұлғасы Дінмұхаммед Қонаев жұмыстан бөлек саят құрып, қару-жарақ топтамасын жинауды жақсы көрген.

Ретсіздікке де үйреніңіз

Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы секілді нар тұлғалар кітаптарын, қағаздарын, құжаттарын текшелеп, реттеп жинамайтын болған. Сөйте тұра "шашылып" жатқан қағаздардың ішінен керегін лезде тауып алған.

@. @assel_assanova